Университет жабылып, далада қалды
Университет жабылып, далада қалды

Жуырда Аруна Тұрғын есімді қыз Instagram әлеуметтік желісіндегі «Критика Шымкент» парақшасына өзінің жанайқайын жеткізді. Ол Шымкент қаласы Silkway университетін бітіргенін, алайда қазір ол университеттің лицензиясынан айырылғанын айтады.

Арунаның айтуынша, сту­денттердің біразы университеттің лицензиясынан айырылғаны туралы ақпаратты Білім және ғы­лым министрлігінің сайтынан көрген. «Ал оқу орнындағы бас­шы­лық немесе кураторлар еш тү­сіндірме жұмыстарын жүргіз­бейді. Бәрін сырттан естіп жүрміз. Ал бізге диплом бермей жатыр, дұрыс, нақты жауап жоқ. Жұмыс­қа тұруымыз керек, не істейміз?» деп қалдырыпты ол өзінің жаз­басында. Осынау жазбаға пікір қалдырушылардың біраз бөлігі аталған университет студенттері және студент жанашырлары енді не болатынын айтып алаңдайды. Шындығын айтсақ, осынау оқу орнының лицензиясынан айырылып, жабылғаны туралы ақпарат жұртқа тарамай қалды. Бұқара осыдан бір ай бұрын Silkway университеті өзінің атауын «Орда» деп өзгертіп, оған жаңа ректор тағайындалғанын ғана біледі. Ал білім ордасына қатысты мұндай жағымсыз ақпаратты көпшілік естімей қалды. Білім және ғылым министрлігінің Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында Шымкент қаласындағы «Орда» университеті (бұрынғы Silkway университеті) ғана емес, «Мирас» универ­си­те­тінің де лицензиясынан айыры­лғаны жазылған. Ал аталған оқу орнының студенттері шарқ ұрып, сандалып, министрліктің сай­тын­дағы ақпаратқа сенерін не сенбесін білмей дал.

Қателікті түзеумен емес, соттасумен айналысқан

Осыдан 4 апта бұрын шыққан Білім және ғылым министрлігінің парақшасындағы ақпаратта Шымкент қаласының екі жоғары оқу орны бас лицензиясынан айырылғаны, олардың «Орда» (бұрынғы Silkway Халықаралық университеті) мен «Мирас» университеті екені айтылған. «2020 жылы «Орда» және «Ми­рас» университеттерін тек­серу барысында білім беру сала­сын­дағы заңнаманы өрескел бұ­зу­шылықтар анықталды. Екі ЖОО-ның қызметі тоқтатылып, оларға анықталған бұзушылық­тарды жоюға уақыт берілді. Алай­да жоғары оқу орындары қате­ліктермен жұмыс жүргізбей, 8 ай комитеттің лицензияны тоқтата тұру туралы шешіміне шағым­данумен айналысты. Бірақ со­ңын­да сот комитеттің шешімін өз күшінде қалдыру туралы үкім шығарды. Ал университеттің көп­теген шағымы қанағаттан­ды­рыл­мады. Енді Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 1 шілдедегі шешімімен аталған екі жоғары оқу орны бас лицензия­сынан айырылды», – деп жазыл­ған онда. Сонымен қатар жоғары оқу орындарының не үшін жабыл­ғанына да түсінік берген. Екі жо­ғары оқу орны да мамыр айында қайта тексеріліп, олардың қате­лік­термен жұмыс жүргізбегені анықталған. «Ең басты мәселе кадрларды даярлау сапасында болды. Мыса­лы, «Орда» университетінде оқи­тын­дардың 97 пайызы шекті бал­дан өте алмады және оқу про­цесінде алынған білім мен құзы­р­еттердің жеткілікті деңгейін рас­тай алмады. Екі университетте де кестеге сәйкес жаппай сабақ өткізбеу фактілері анықталды. Бағалар қойылмаған, бекітілген кестеге сәйкес емтихандар өткі­зілмеген, пәндер толық көлемде оқытылмаған. Тиісті 5 кредиттің орнына тек 3 кредит игерілген. Бар­лық пән оқу-әдістемелік ма­териалдармен қамтамасыз етіл­меген. Оқытушылардың бекі­тіл­ген педагогикалық жүктемесі мен оның нақты орындалуы арасында үлкен айырмашылықтар бар, яғни оқытушыда жүктемеде белгілі бір пән бойынша дәріс оқу жоспарлануы мүмкін, ал іс жү­зінде ол оны оқымайды», – деп атап өткен БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қам­тамасыз ету комитетінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы бақылау басқармасының басшысы Эль­вира Сапарбекова. «Бұған дейін Тәуелсіз білім бе­ру сапасын қамтамасыз ету агент­тігі де осы жоғары оқу орын­дарын аккредиттеуді тоқтатты. Сондықтан бұл университеттер түлектерге диплом бере алмайды. Диплом алу және оқуды аяқтау үшін студенттер басқа универси­теттерге ауыса алады» делінген ресми парақшада. Осынау жазбаға пікір қал­дырғандардың арасында жеке­меншік оқу орны болса да, әкім­дік грантқа ілінген студенттердің бар екені, олардың жағдайы не болатынына алаңдағандар кез­деседі. Басқа ЖОО-на ауысқанда студенттің оқу орнын өзі таңдауға мүмкіндігі бар не жоғын білгісі келетіндер де кезікті. Тағы бірі «Лицензиясы 8 айға тоқтатылып, уақыт берілген кезде неге «Ми­рас» университетінің әкімшілігі оқу жылын жалғастырады? Бұл қаншалықты заңды? Неге сол кезде студенттерге ауысып кетуге мүмкіндік бермеді?» деп ренішін білдіріпті.

«200 мың теңгені екі айда тауып беремін»

«Мирас» университеті 1997 жылы ғылыми-оқу орталығы не­гі­зінде құрылған. Бүгінде 40-қа жуық мамандығы бар осынау оқу орнын таңдаушылар да көбейген. Алайда жоғарыда аталып өткен кемшіліктер шынында оқу ор­нында лайықты маман шықпай­тынын айғақтап отыр. Біз аталған жоғары оқу орнына барғаны­мызбен басшылықтан ешкімді таба алмадық. Басшылардың біразы кезекті еңбек дема­лы­сын­да, кейбірі денсаулығына бай­ланысты емделуге кеткенін атап өткен студенттерге қызмет көр­сету орталығының жетекшісі Жан­болат Мелдехан оқу орны­ның лицензиясына қатысты еш­нәрсе де айта алмайтынын жет­кізді. Біздің көзімізше осынау сұ­рақтарға жауап беретін лауа­зымды тұлғамен телефон арқылы байланысқанымен, ол өзінің бізге хабарласатынын айтты. Біздің байланыс нөмірлерімізді алға­нымен, сол күйі хабарласпады. Бірнеше мәрте Жанболат Бахыт­ұлына шыққанымызбен еш нә­тиже болмады. Мұндайға «сұрақ­тан қашып отыр» дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Ал студенттерге қызмет көрсету орталығы бүгінде басқа оқу орнына ауысып кету­шілер мен өзге оқу орнынан ауы­сып келгендермен жұмыс жүргізіп отыр екен. Университетте бірен-саран адам болмаса мүлгіген тыныштық байқалады. Алматыдағы мемлекеттік оқу орнынан ауысып келіп жатқан 3-курстың студенті мұнда оқу ақысының төмендігін, жыл бо­йына бар-жоғы 200 мың теңге төлеуге болатынын айтады. «200 мың теңгені 2 айда жұмыс істеп тауып беремін. Мұнда мұғалім­дермен келісіп сабаққа бармай-ақ жұмыс істеуге де болады. Иә, оқу орнында кездесіп жатқан проб­леманы естідім. Бірақ құжат қа­былдаушылар университет жа­былып қалған күнде басқа оқу орнына автоматты түрде өтеті­німізді ескертті. Далада қалмап­сыз», – деп жайбарақаттық та­нытты аты-жөнін атамауды өтін­ген студент. Тағы бір 2-курс сту­денті бұл оқу орнының ұнама­ғанын, күмәнді жәйттердің көп екеніне алаңдап, құжатын алып кетуге келгенін айтты.

Лицензиясынан айырылған оқу ордасында мәселе көп

Жуырда ғана атын «Орда» деп өзгерткен оқу орны бұдан бұрын да бірнеше мәрте атауын ауыс­тырған болатын. Бүгінде 30 жылға жуық тарихы бар бұл оқу орны 1992 жылы Шығыстану универ­ситеті болып ашылған. Кейін 2013 жылы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, одан соң 2018 жылы халықаралық Silkway университеті деген атауды иемденді. Қалай болғанда да, қа­лыптасқан атауды ауыстыра беру күмәнді. Әсіресе, универси­тет­терге! «Орда» университетінің алды ығы-жығы. Келушілердің басым бөлігі құжаттарын алып кетпек. Біразы талапкер. Оқу орнына құ­жат тапсыруға келіпті. Шалғайдан келген ана «осы оқу орнында оқи­ды» деген анықтаманы ала ал­­май тұрғанына қапалы. «Жәр­демақы алу үшін керек құжатты бермей жатыр. Неге екенін біл­меймін. 25-нен кейін келіңіз» деп шығарып салды», – дейді ол. «Оқу орнының жабылғаны туралы әркімнен естідік. Бірақ кураторымыз ешнәрсе айтар емес. Сұрасақ, білмейміз деп жа­уап береді. Жаңа оқу жылы бас­талып келеді. Сосын далада қа­лар­мыз деп қорқып, құжатымыз­ды алуға келдік. Оқу ақысына 180 мың теңге төлейтін едік, басқа жекеменшік оқу орнында да солай екен», – дейді филология фа­культетінің бір топ студенті. Бірінші курсты тәмамдаған жігіт былтыр шекті балға жетпесе де, 35 балмен таныс тауып, ақша бе­ріп, оқуға қабылданғанын айт­ты. Бірақ шекті балға жеткізу үшін 4 мәрте мүмкіндік беріледі екен. Төртінші мүмкіндік бойын­ша тест тапсыруым керек дейді ол. Университет президентінің кеңесшісі Ирина Евгеньевна қа­зір университеттің лицензиясы жоғын растады. Соған қарамастан студенттердің оқуын одан әрі жалғастыруы үшін өзге жекемен­шік оқу орындарымен бірігу шаралары жүріп жатыр екен. «Негізінен, Шымкент универси­тетімен серіктестік құратын шы­ғармыз. Әрине, оған дейін барлық студенттің өз қалауы бойынша Қазақстанның кез келген айма­ғындағы оқу орнына ауысуына мүмкіндігі бар. Лицензиямыздың жоғына орай талапкерлерді қа­былдап жатқан жоқпыз. Ми­нистрліктің келісімімен Орталық Азиялық инновациялық универ­ситетімен келісіп, бітіруші түлек­терімізге диплом бергелі жатыр­мыз. Оқу орнының сайтына қан­дай факультетке қай күні дип­лом беретініміздің кестесі жа­зылған. Ал дефектология ма­ман­дығы бойынша аздап мәселе бо­лып тұрғаны рас. Себебі жеке­меншік оқу орындарында мұндай мамандық жоқ екен. Сонда да мемлекеттік оқу орындарымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Таяу күндері шешіліп қалады. Ми­нистрлік мұның бәрінен хабар­дар», – деді Елена Ефимовна.

Студенттердің обалы кімге?

Иә, жанайқайын шырылдап жеткізген Аруна Тұрғын да де­фектология мамандығын бітіріп жатыр екен. Оның айтуынша, белгісіздіктен шаршаған. Жетек­шілері мардымды жауап бермейді, «сұрасақ өзіміз де білмейміз деп ұрысып береді» дейді ол. «Басқа мамандықтар бойынша бітіру­шілер диплом алатын болыпты. Ал біздің мамандық бойынша әлі келіссөз жүргізбеген. Ата-анамыз да күніге сұрайды. Өздері баруға алыс ауданда тұратын болған­дықтан жете алмай отыр. Біз еш­нәрсені шеше алмаймыз. Жаңа оқу жылы басталып қалды. Осы уақытқа дейін дипломымызды алып, магистратураға тапсыруы­мыз керек еді. Әрі жұмысқа да тұра алмай отырмыз. Бәрінен кеш қалатын болдық», – деп шағым­данады Аруна. Дәл қазір екі группадағы 60 студент дипломын алатынын не алмайтынын білмей сандалып жүр. 5 000-ға жуық студенті бар осынау іргелі оқу орнының бас­шылығы әрбір факультетке, кура­торларға нақты мәселені ресми мәлімдеп, студенттердің даурық­пауын айтып түсіндіруге, серіктес жоғары оқу орындарының аты­нан диплом алатынын айтса бол­мас па? Біз кезіктірген студент­тер­дің барлығы да күдік, күмән­нан шаршағанын жеткізді. Одан бөлек, 8 ай бойы кемшілікті тү­зе­тумен емес, министрлік шеші­мі­нің күшін жоюмен айналысқан оқу орындарынан не қайыр?

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы