Ауғанстан жағдайы алаңдатады
Ауғанстан жағдайы алаңдатады
183
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауған­станда қалыптасқан жағдайға байланысты жексенбіден бері екінші рет жиын өткізді.

«Жиынға Премьер-Министр Асқар Мамин, күштік құрылым­дардың, атап айтқанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Сыртқы іс­тер, Қорғаныс, Ішкі істер, Төтен­ше жағдайлар министрліктері, Бас прокуратура, Мемлекеттік күзет қызметі басшылары мен Қауіп­сіз­дік Кеңесінің Хатшысы қа­тысты. Ауғанстан Ислам Республи­касындағы жағдайға байланысты Қазақстанның ұлттық мүддесін ескере отырып, шұғыл әрекет ету шаралары және біздің елдің аза­маттарының қауіпсіздігін қамта­масыз ету мәселелері талқыланды. Президент құзырлы мекеме­лерге Ауғанстандағы жағдайды жан-жақты бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл осы елмен бұдан бы­лайғы ынтымақтастық бойын­ша шешім қабылдау үшін аса маңызды» деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Б.Уәли Facebook-та. Ал жексенбі күні Ауғанстанға байланысты жиын өткізгенін Пре­зидент Тwitter-де жазған болатын. «Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құрылымдардың басшыла­рымен жиын өткіздім. АИР-дағы азаматтарымыз бен дипломат­та­ры­мыздың қауіпсіздігін қамтама­сыз ету жөнінде тапсырма бердім. Қазақстан Ауғанстандағы жағ­дайдың ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Ахуал мұқият бақылауда. Президент Әкімшілігі мен Сыртқы істер министрлігіне Ау­ғанстанға қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдар­дың қызметін үйлестіру тапсы­рылды. Кабулдағы Қазақстан елшілігі шағын құрамда жұмыс істеуде. Қызметкерлердің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр», – деді Қ.Тоқаев. Сонымен бірге Мемлекет бас­шысы Ауғанстаннан келуі мүмкін босқындарды елге кіргізу немесе кіргізбеу жайлы да нақты шешімге келген жоқ. Президенттің баспа­сөз хатшысы Берік Уәлидің Facebook-та жазған пікіріне қара­ғанда ел ішінде тарап жатқан бос­қындар жайлы ақпараттар шын­дыққа жанаспайды. «Президент Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдаған жоқ. Бұған қатысты тараған ақпарат негізсіз. Дүниежүзілік ұйым басшылығы ресми өтініш білдірген жағдайда БҰҰ қызметкерлеріне ғана көмек көрсетілетін болады» деп жазды Берік Уәли.