Студенттер шағын сериал түсіре бастады
Студенттер шағын сериал түсіре бастады
148
оқылды

Павлодарлық студенттер таспалайтын сериал университет қабырғасындағы өмірге арналған алғашқы сериал болмақ. Бұл жайында  «Хабар 24» кеңінен ақпарат таратты.

Жобаның ерекшелігі сол, шығармашылық жұмыспен тек студенттер айналысады. Сценарий авторлары, әртістер, режиссерлер мен операторлардың бәрі – жастар. Қыз-жігіттер шығармашылық процеске кіріспек бұрын кастинг жариялап, 50-ден астам студенттің өтінішін қарастырған. Нәти­жесінде, 15 кандидат таңдалды. «Сериал түсіру идеясы өткен жылдың күзінде пайда болды. Бұған дейін Павлодарда «Аудан­дағы махаббат», «Бауырлар» сияқты бірнеше шағын инста-сериал түсірілді. Содан болар шабыттанып кеттім. Неге бізге де түсірмеске деп ойладым. Бастама көтеріп, қатарластарымның қолдауына ие болдым», –  дейді инста-сериал режиссері Дәурен Шәріпов. Қазір студенттер  сериалдың сценарийін оқып жатыр. Ес­керерлігі, сценарийді студенттер өздері жарты жыл бойы жазған. Ал кейіпкерлерді іріктеумен Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музы­калы драма театрының кәсіби ма­мандары айналысқан. Басты рөл­дерді жергілікті университеттің сту­денттері сомдайды. Басты рөл болашақ заңгер Әлішер Төлеу­баевқа бұйырған. Өзі «Жайдарман» ойыншысы болғандықтан, ондаған студенттің ішінен үздік атанған екен. «Мамырда кастинг болды. Сол кастингтен өттім. 30-дай студент болды. Басты рөлді берді. Өзім КВН ойнап жүрдім. Сол КВН арқылы кішкене тәжірибем бар. Жатақханадағы тірлік, дәрісхана­дағы сабақтар мен алғашқы махаббат. Жаңа туынды студенттік өмірдің қызығы мен шыжығын көрсетуді мақсат етеді. Идеяны жүзеге асыруға бір тиын да жұмсал­маған. Әртістер жүктелген міндетті тегін орындауға келіскен. Түсі­рілім­нің барлық жұмысын жалын­ды жастар өздері атқарып шығады», – дейді студент Әлішер Төлеубаев. Ал студенттік қозғалыстың белсендісі Ажар Аманжолованың айтуынша, сериалды түсіруде кәсіби бейнекамералар қолданыл­майды. Олар қарапайым ұялы телефонға түсіреді. Кейінгі кезде инста-сериалдарды түсіру қарқын алған. Павлодарлық студенттер де заман көшінен қалыспай, шағын туынды жасағысы келген. Бей­не­материалдың сапасы жаман емес. Әлеуметтік желілерге арналған туынды тоғыз серияға шақталған. Сериалдың премьерасы тамыз айының соңында өтпек.

Айбике ЖАНАСЫЛ