2010 жыл: Қауіпсіздік пен ынтымақтастық толқынында
2010 жыл: Қауіпсіздік пен ынтымақтастық толқынында
486
оқылды

Тәуелсіздік шежіресіндегі бұл жылды әлемдік саясаттағы айымыз оңынан туған кезең деп бағалауға болады. Қазақстан БҰҰ-дан кейінгі екінші саналатын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық тізгінін қолға алды. Жыл соңындағы Астана Саммиті де халықаралық дәрежедегі тың бастама еді. Одан бөлек, ядролық қауіпсіздік, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Кеден одағы сынды тағы да басқа бағыттағы жұмыстар жандана түсті. Ал ел өмірінде Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы іске қосылды.

ЕҚЫҰ-ға төрағалық – тарихи миссия

Сонымен, 2010 жылдың басты саяси оқиғасы – Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымына төрағалық еткені. Мұндай мәртебеге бұған дейін Орталық Азия аумағы ғана емес, тіпті ТМД елдері арасында да ешкім ие болмаған болар. Осылайша, еліміз Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аумақты алып жатқан ұйымға Еуропа тө­ріндегі 56 мемлекеттің атынан тө­релік айтып, халықаралық аре­надағы орнын кезекті рет нығай­тып алды. ЕҚЫҰ-ның беделі мен ауқымы жағынан Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі екінші орында тұрғанын ескерсек, бұл тарихи миссияны Қазақстан үлкен абы­роймен атқарып шықты. Төраға­лық аясындағы табанды жұмыс­тар «Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Тө­зімділік» атты ұранмен өрбіді. 29 маусым күні елордадағы Бейбітшілік және келісім сара­йында Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың қатысуымен ЕҚЫҰ-ның толеранттық және кемсітпеушілік жөніндегі жоғары деңгейдегі кон­ференциясы өтті. Жиын бары­сында Нұрсұлтан Әбішұлы Қа­зақ­стан төрағалық етуші ел ре­тінде ұйымның барлық аумағында толеранттық, этносаралық бей­бітшілік және конфессияаралық келісім идеясын алға жылжытуға өз үлесін қосуға шын ниетімен күш салатынын жария етті. «Мәселенің мәні құны өте жоғары адам өміріне байланысты. Егер ЕҚЫҰ-ның халық арасын­дағы миссиясы осы проблеманы шешудегі қосымша күшке айна­латын болса, онда бұл әлемдік оң жағдайға ұйымның қосқан ең маңызды үлесі болары анық», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 17 шілдеде Алматы қаласында ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің бей­ресми кездесуі өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. «Лаңкестік, аштық, кедей­ші­лік, экологиялық апаттар, эпиде­миялар, ұлтаралық және дін­ара­лық қақтығыстар – бүгінгі адам­зат баласының бас қосып шешер алдыңғы қатардағы түйткілді мәселесі. Бұлармен күрес жүргізу ЕҚЫҰ сияқты қызмет аясы көп­қырлы және беделді институттар­дың бар күш-жігерін жұмсауын қажет етеді. Сондықтан бүгінгі жиынды өткізу – тұтастай алғанда адамзат үшін маңызды» – деді Елбасы өз сөзінде. Бір атай кетерлігі, ЕҚЫҰ-ның Төрағасы ретінде Қазақстан 2010 жылдың сәуірінде Қырғызстанда болған саяси жағдайды реттеу ісіне айрықша үлес қосты. Қазақ­станның қабылдаған шарала­рының арқасында айыр қалпақты ағайынның елінде азаматтық со­ғысқа жол берілмеді, нәтиже­сінде ол елде құқықтық алаңда жұ­мыс істейтін билік жүйесі қа­лыптасты. Осылайша, еліміз қа­уіп-қатерлерге толы ХХІ ғасыр­дағы жаһандық деңгейдегі қауіп­сіздік пен ынтымақтастықты қам­тамасыз ету ісіне сүбелі үлес қосты.

Астана Саммиті – ұрымтал сәт

1 желтоқсан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайында ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінің отырысын ашты. Жалпы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының соңғы саммиті 1999 жылы Стам­бұлда өткен болатын. Содан бергі 11 жылда жаһандық қауіпсіздікке қатер төндірген ахуал күшейе түсіп, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің басшыларын бір үстелдің басында қосу қажеттілігі әлдеқашан туған еді. Осы ұрымтал сәтті Қазақстан өте шебер пайдаланып, төрағалық тұсында оны тиімді жүзеге асыра білді. Осылайша, жыл қорытын­дысындай болған Астана Саммиті ел тарихы үшін ғана емес, әлемдік қауымдастық үшін де елеулі оқиға болды. Халықаралық жиынға жер шарындағы барлық құрлықтан, яғни Еуропа мен Азиядан, Сол­түстік Америка мен Австралиядан 75 елдің делегациясы қатысты. Олар – 5 мыңнан астам шетелдік қонақ пен 1,5 мыңнан астам қазақстандық және халықаралық БАҚ өкілдері. ЕҚЫҰ аясында әмбені алаң­датқан өңірлік қақтығыстардың қатері сөз болды. Саммитке қа­тысқан жоғары деңгейдегі тұлға­лар «мемлекеттер өзара түсінісіп, қатерлермен бірлесе күресуі керегіне» барынша назар аударды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана Саммитінің ашылуы салтанатында «Байырғы қазақ жерінде, Еуразияның жүрегі, Қа­зақстанның елордасы – Астана қаласында мыңжылдықтар бойы адамзат тарихын жасаған ұлы халықтардың диалогы бастал­ғанын» ерекше ілтипатпен атап өтті. Бұл басқосудың ең басты нәтижесі Астана декларация­сы­ның қабылдануы еді. Деклара­цияда ЕҚЫҰ-ның барлық нор­малары, қағидалары мен міндет­те­мелері қайта пысықталып, оның ауқымы мен аумағы да кеңейтіліп, қайта бекітілді. «Декларация – еуразиялық және еуроатлантикалық қауіп­сіздікті қамтамасыз етудің бір­тұтас және бөлінбес кеңістігіндегі жаңа кезеңнің бастауы болуы мүм­кін. Астана Саммитінің та­бысы бұл бүкіл ЕҚЫҰ-ға қатысу­шы мемлекеттердің табысы бо­лып табылады», – деп атап көр­сетті Елбасы Саммиттегі қоры­тынды сөзінде.

Ядролық қауіпсіздіктің жаңа тынысы

7 сәуір күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми са­пармен келген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті. Ақор­дада болған кездесу барысында Бас хатшы Елбасына ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, оны Қазақстан аумағынан шы­ғартқаны үшін тағы да алғысын білдірді. «Біз Сізге Қазақстанның ядро­лық қаруды жасау және та­ратпау бағытында жасаған әре­кеттерін жоғары бағалайтыныңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Біздің ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан үлесімізді былтыр жел­тоқсан айында АҚШ пен Ре­сей лидерлері де бірлесе жасаған мәлімдемелерінде атап өтті. Ядро­лық қарудан қатты зардап шеккен және одан өз еркімен бас тартқан ел ретінде Қазақстан бас­қа мемлекеттерді де одан бас тар­туға үнемі шақырып отырады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ал 11 сәуір күні АҚШ-қа сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штат­тарының президенті Барак Обамамен «Блэр Хаус» ресми ре­зиденциясында кездесті. Кездесу барысында ол АҚШ президентінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ғаламдық саммитті шақыру, Ре­сей­мен Стратегиялық шабуылдық қару-жарақ (АҚШ) туралы жаңа шартқа қол қою, АҚШ-тың жаңа ядролық стратегиясын қабылдау сияқты ядролық қарусыз әлем қа­лыптастырудағы үлкен қадам­дарға себеп болған халықаралық қауіпсіздік саласындағы баста­маларын және жетістіктерін ай­рықша атап өтті. Кездесуден кейін президенттердің бірлескен мәлім­демесі жарияланды. Онда екі ел басшысы да ядролық қарусыз тіршілікті таңдайтыны айтылған. «АҚШ Қазақстан Президентіне ядролық қарусыздану және қауіпті қаруды таратпауға қосқан үлесін ерекше атап өтті», – деп атап көр­сетілген мәлімдемеде. Сондай-ақ АҚШ президенті Барак Обама хақықаралық ядролық отын бан­кін орналастыру туралы ұсынысы үшін қазақстандық әріптесіне алғыс білдіріп, Қазақстанның МАГАТЭ директорлар кеңесінің мүшелігіне кіруге деген талпы­нысын қуаттады.

ШЫҰ: хартия аясын нығайту

Осы жылы 11 маусымда Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев Таш­кентте өткен Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымына мүше мемле­кеттер басшыларының кезекті саммитіне қатысып, сөз сөйледі. «Шанхай ұйымын құрудағы басты мақсаттардың бірі – 2002 жылы 7 маусымда қол қойылған ұйымның хартиясына сәйкес, өзара сенім мен достықты, тату көршілік жағдайды нығайту, саяси, сауда-экономикалық, ғы­лыми-техникалық, мәдени, білім беру, энергетикалық, көліктік, экологиялық және басқа да сала­лардағы тиімді ынтымақтастықты дамыту көзделген. Бүгінде сам­миттің негізгі міндеті өңірдегі бей­бітшілікті, тұрақтылықты, қа­уіпсіздікті ұстап тұру, сауда-экономикалық және мәдени-гу­манитарлық ынтымақтастықты да­мыту. Әлемдегі энергоресурс­тардың тапшылығы ШЫҰ-ның энергетикалық қоғамдастықты құруына түрткі болуы тиіс. Бұл қоғамдастықтың аясында энер­горесурстарды өндірушілердің, тасымалдаушылардың және тұтынушылардың стратегиялық мүдделерін үйлестіретін боламыз. Трансқұрлықтық автокөлік ин­фра­құрылымын белсенді дамы­тып отырған Қазақстан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Халықаралық авто­мобиль тасымалдары мен оның қосымша бөлшектері үшін қо­лай­лы жағдай жасау туралы келісімді келісуді шапшаңдатуды ұсына­ды», – деді Елбасы ұйым жұмысын жандандыра түсу аясында.

Кеден Одағы Декларациясы

2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кеден Одағы іске кіріскен болатын. Беларусь, Қазақстан, Ресей елдерінің арасында жаңа экономикалық кеңістік пайда болды. Сарапшылар бұл құры­лымды «ТМД аясында қалыптас­қан экономикалық бірлестіктер мен интеграциялық үрдістердің ең дамыған түрі» деп атады. 170 миллион адамдық нарықты қам­титын жаңа кеңістіктің жыл со­ңында жаңаша сипат алатыны жарияланды. 9 желтоқсан күні Мәскеу қаласында өткен Кеден одағының Жоғарғы органының отырысында Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев, Бе­ларусь президенті Александр ­Лу­ка­шенко, Ресей президенті Дмит­рий Медведев үш мемлекет арасында Бірыңғай экономикалық кеңістік құру жөніндегі декла­рацияға қол қойды.

Үдемелі даму табалдырығында

2010 жылы қолға алынған басты жобалардың бірі – «2010-2014 жылдарға арналған мем­ле­кеттік Үдемелі индустриалды-инно­вациялық даму бағдарлам­а­сы». Оның аясында республика­лық және өңірлік деңгейдегі ин­дустриаландыру карталары әзір­леніп, ол екі кезең бойынша жү­зеге аса бастады. Соның алғашқы кезеңі + 2010 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы құны 380 миллиард теңгеден асатын 72 ірі өндіріс нысаны пайдалануға берілді. Ал жыл соңына таман жалпы құны – 450 миллиард тең­геден асатын 80 ірі инвестициялық жоба іске қосылды. Осылайша, бір ғана жыл ішінде республи­камызда жалпы құны – 800 мил­лиард теңге болатын 152 ірі ин­дус­триалды-инновациялық өндіріс орындары іске қосылды. Қазақстан Үкіметі тарапынан жүйелі жүргізілген жұмыстардың арқасында 2010 жылды табысты аяқтады. Жыл қорытындысына сәйкес, ел экономикасының қоз­ғаушы күшіне айналған барлық негізгі салаларда өсім байқалып, қысқамерзімді экономикалық индикатор 2009 жылмен салыс­тырғанда 107,2 пайыз болды.

Нұрлан ҚОСАЙ