Тараздық полицейлер 21 алаяқтық жағдайына қатысы бар ер адамды ұстады.
Тараз қаласы Полиция басқармасының бірінші полиция бөлімі тергеу бөлімшесінің қызметкерлері алаяқтықтың бірнеше дерегін ашты. Полицияға Жамбыл облысы аудандарының тұрғындары хабарласып, 2020-2021 жылдар аралығында Тараз қаласының аумағындағы «Технодом» сауда үйінде орналасқан «Хоум Кредит Банк» акционерлік қоғамының 27 жастағы несие кеңесшісінің іс-әрекетінен зардап шеккендері туралы шағымданған.
«Ұялы телефон сату сылтауымен өз клиенттерінің сеніміне кіріп, жас жігіт бірнеше рет қылмыстық құқықбұзушылық жасаған. Алаяқтықтың жалпы шығыны 4 миллион теңгеден асады. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - делінген облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда. Осы алаяқтың құрбаны болуы мүмкін өзге де адамдар анықталуда.