Пандемия қор нарығын да өзгертті
Пандемия қор нарығын да өзгертті

2020 жылдың пандемиясы әлемді қай жағынан алғанда да абдыратып кеткені белгілі. Адамдардың өмір салтына дейін оқшауланумен өзгеріп кеткені сондай, әлемдік қор нары­ғын­дағы қай биржада да құлдырау мен өсу тенденциясы қатты айырма­шылықпен қатар жүрді. Мәселен, туризм, қонақүй, мейрамхана, әуе­компаниялардың акциялары қатты түсіп кетсе, онлайн қыз­меттер, кинопрокат индустриясы, медицина, ритейл, жеткізіп беру және тағы да басқа салалар қарыштап өсті. Оған енді бүгінде вакцина шы­ғара­тын компаниялар қосылды.

Қор нарығы – өмір айнасы

Әлемге өте тез тараған коро­навирус пандемиясы инвес­тор­ларды, тіпті жинағы бар қара­пайым адамдарды да «осынау тұрақ­­сыздық пен сенімсіздік ке­зінде ақшамды қайтсем сақтап қала отырып, одан әрі көбейте аламын?» деген тығы­ры­ққа тіреген болатын. Өйткені әлемдік тұтыну күрт азайып кетті де, жекелеген сала­лардың өз қызметін біржолата тоқ­­тат­қандары да болды. Олардың қатарында, әсіресе туризмді, мейрамханаларды, қонақүйлерді айтуға болады. Бірақ бұл қор нары­ғының барлық саласы дағдарысқа ұшырады дегенді білдірмейді. Керісінше, акциялары қарыштап өскен «көгілдір фишка­ларды» атап ке­туге болады. Олар – экономика­лық та, геосаяси да теріс ахуал әсер етпеген FAANG (Facebook, Amazon, Apple, Netflix, Google) тобына жататын әлемдік алыптар. Сондай-ақ Microsoft ком­па­ниясы да бұлтты қызметтер мен қашықтан жұмыс істеуге арналған бағ­дарламалық қамту сегмент­терінде пан­демия факторына батыл қарсы тұра алды. Бұлардың қата­рында ZOOM видео­сервистер плат­формасын, велотренажерлар сататын Peleton Interactiv, Square қаржылық қызметтер мен сандық төлемдер компания­сын атауға болады. Ал салалар бойынша айтар болсақ, алтын өндірушілер мен IT компаниялардың және азық-түлік ритейл­дерінің акциялары тез өсті. Тағы бір атай кететін тенденция, қор нарығына жекелеген инвес­торлардың, яғни жеке адамдардың келе бастауы. Мәселен, 2020 жылы Ресей қор нарығына жекелеген инвесторлар өте көп келген екен. Олардың саны – 4,2 млн. Бұл бұған дейінгі жылдарды қосқанда да, солардың санынан асып түсетін көрсеткіш. Соның нәтижесінде нарықтағы жекелеген инвес­тор­лар­дың саны 8,5 млн-ға жеткен. Жина­ғы бар қарапайым адамдар­дың қор нары­ғына келуіне бірінші кезекте депозиттерге берілетін пайыздық мөлшерлемелердің аздығы әсер етсе керек. Бұл тұста қор на­рығы да өмір айнасы екені нақты аңға­рылады. Сұраныс пен ұсыныстан тұратын теңгерімді дүниеде тұтынушылық әлеует басты маңызға ие екені анық.

Отандық биржаның еңсесі пәс

Қазақстан акциялар нарығы негізінен KASE-де саудаланады. Одан бөлек, Лон­дон­дағы, Шанхай­дағы, Мәскеудегі қор бир­жа­ларында қазақстандық компания­лар бар. Осы реттен келгенде был­тырғы панде­мияның қазақ­стан­ның қор биржасына айтар­лықтай теріс әсер еткенін көруге болады. Өйткені дивидендтер төленген кезде көп инвестор қолындағы акциясына се­німсіз болып, сата бастады. Оның орны­на алтынға, мемлекеттік облигация­ларға ақша салғанды жөн көрді. Мұны эко­номистер коррекция немесе табысты монетизациялау деп атайды. Оның үстіне жалпы экономикалық жағдай да тұрақты емес еді. «Былтырғы пандемия кезінде қазақстан­дық компаниялардың бағасы біраз уақытқа дейін өзгеріс­сіз келген болатын. Бірақ көп ақша алтын сатып алуға жұмсалды. Өйткені алтын дегенімізді өздеріңіз білесіздер, дағдарыс кезіндегі кепілдік қуаты өте мықты, жоғары сұранысқа ие тауар. Оның валю­тамен пара-пар мәртебесі бар. Сон­дық­тан әлемдегі Dow Jones, NASTAQ, FTSE сынды белді қор биржалары бірқалыпты жағдайда тұрған еді. Біздің КАСЕ де 3800 индекс дәрежесінде болатын, бір өкініштісі биылғы шілде айында олар 3 100-ге дейін 700 пунктке төменге түсіп кетті. Оның себебі мынадай: әр тоқсан сайын диви­денттер төленеді. Сол төленген кезде акция бағасының коррек­циясы бо­лады. Ол көп ретте оны сатумен байланыс­ты», – дейді экономист Сапарбай Жобаев. Маманның айтуынша, бүгінде әлемдік биржалар бірқалыпты тұр. Алтынның да бағасы бірқалыпты. Себебі мемлекет халыққа, кәсіп­орындарға өте үлкен жәрдем беріп жатыр. Осылайша, ақша массалары көбейген соң акциялардың да бағасы өсіп жатыр. Ал біздің қор биржасының 20-30 пайызға төмендеуі, әрине нарық жағдайын­дағы сұранысқа байланысты. Егер жақын уақытта ағымдағы шоттың төлем бала­нсына теріс әсері бол­маса, акциялардың бағасы бір­қалыпты сақталуы мүмкін.

Әлем ретроспективті кезеңнен өтті

Нарық әрқашанда алдағы күндерге үлкен иек артады. Сон­дықтан дәл қазіргі туризм, қонақүйлер, әуе қатынастары сияқ­ты салалардың құлдырауы мен әлсі­реуін, ал керісінше онлайн әлем, медицина және вакцина шығаратын компаниялардың өсіп, нығая түсуін ретроспективті ахуал деп қарастыруға болады. Дәл қазір корона­вирусқа қарсы алғашқы вакциналар шық­қан­нан өткен жылдың соңынан кейін-ақ нарық қалпына келу циклына аяқ басты. Экономикалар қайтадан толық қуатына іске қосылып, бел алып келеді. Осы ретте локдауннан анағұрлым қатты зардап шеккен циклге құрылған секторлар өз шы­ғынының басым бөлігін коти­ров­калары көтеріле бастаған алғашқы жартыжыл­дықта-ақ қайтара алды.

Былтырғы пандемия кезінде қазақстан­дық компаниялардың бағасы біраз уақытқа дейін өзгеріс­сіз келген болатын. Бірақ көп ақша алтын сатып алуға жұмсалды. Өйткені алтын дегенімізді өздеріңіз білесіздер, дағдарыс кезіндегі кепілдік қуаты өте мықты, жоғары сұранысқа ие тауар.

«Олай болатыны да анық еді. Өйткені рецессиядан шығып, эко­номика жандана бастаған жағдайда адамдар жаңа авто­мобиль­дер сатып алып, жиі-жиі ұшып, металл өнім­деріне де, химиялық өндіріске де және тағы басқаларына сұраныс арта бастайды. Осының бәрін біз қазір бақылап отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, әлемдік экономиканың қалпына келу үрдісі толық қар­қынмен жүріп жатыр. Өз кезегінде жоғарғы технология­лармен бай­ланысты көп­теген акция өткен жыл­ғы құлдыраудан кейінгі мак­симумына қайтадан жетіп, жаңалап алды. Енді олардың котировка­лары «локальды консолидация» дәре­жесін­де тұр. Бұл дегеніміз – бүгінгі әлем ана­ғұрлым технологияға бой ұрған сайын олардың акциялары да өсе түсуі мүмкін дегенді білдіреді. Осылайша, бүгінде акциялар нарығы алдағы 6 айда көптеген ел вакцина салдыру кезеңінен өтіп, иммунитеті бекіген халық бизнеске орала­ды деп бағалап отыр», – дейді «Фридом Финанс» инвестициялық компаниясының аналитигі Елдар Шәкенов. Қаржы маманының айтуынша, қор нарығы әлі де болса бұғанасы бекімеген қалпында. Оған тек экономикалық емес, геосаяси жағдай да әсер етіп кетуі мүмкін. Сол үшін әлемнің алпауыт елдері күрделі кезең толық аяқталғанша саяси амбиция­ларын екінші кезек­ке ысырып қоя тұрғаны абзал. «Одан бөлек, нарықтың құбы­луына әсер ететін маңызды фактор дәл қазір АҚШ-тың федералды резервті жүйесінің (ФРС) алдағы перспективадағы ұстанатын саясаты болып тұр. Оның фис­кальды болсын, ақшалай-несиелік болсын, сон­дай-ақ пайыздық мөлшерлемелерді кө­теріп жіберуі туралы болсын ұстанымын барлы­ғы да бірінші кезекте қаперге алып отыр. Жалпы алғанда, компания­лардың корпоративті табысы өсіп, әлемдегі вакци­на алғандар саны­ның тәуір дина­микасы аңғарылған жағдайда және ФРС пайыздық мөлшерлемені 2023 жылға дейін көтермеу уәдесіне тұрса, сондай-ақ бір айда 120 млрд долларға есеп­телген QE бағдар­ламасы барда нарық­тың өсуіне қолайлы климат сақталуы тиіс», – дейді Елдар Шакенов. Осы тұрғыда Қазақстанның сабақ алар тұсы – тездетіп пан­демиялық кедергілерді еңсеру үшін халықты вакцина салдыруға батыл­дықпен кірісуі.

Нұрлан ҚОСАЙ