Ауылдың өз Азаматы
Ауылдың өз Азаматы
281
оқылды

Қазақстанда аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауыл округі әкімдерін тікелей сайлауы өтті. Халық таңдауын жасады, өзі қалаған кандидатына дауыс берді. Қарағанды облысы бойынша барлығы 75 ауылдық округ әкімі сайланды. Шет ауданы Ақадыр кентінің жаңа сайланған әкімі Азамат Әбілдин жұмысына білек сыбана кірісіп кетті.

«Ауылдарды өмір сүруге қолайлы мекенге айналдыруымыз керек» деген Елбасы, «Nur Otan» партиясының төр­аға­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін ұран қылған Азамат Азатұлы Ақадырға сырттан келген жоқ. Ол бұл ауылдың мұң-мұқ­тажын жақсы біледі. Еңбекке адал жан. – Бала кезден ата-анам мені адал­дыққа, еңбексүйгіштікке, туған жерді сүюге үйретті. Мен де осы құндылықтарды балаларымның бойына сіңіруге тырысу­дамын, – дейді ол. Ақадыр кенті бұрын аудан орталығы болатын. Кейін Шет ауданына қосылды. Бүгінгі күні мұнда 10 735 адам тұрады. Азаматты бұл ауылдың өз баласы деуі­мізге де себеп бар. Өйткені ол 1977 жыл­дың 3 ақпанында Ақадыр ауданы Ақшатау кеңшарында дүниеге келген. Ақшатау кентінде орта мектепті бітіріп, 1997 жы­лы Е.Бөкетов атындағы КарУ-дың тарих факультетін ойдағыдай аяқтайды. – Жұмыс жолымды осы ауданда бас­тадым. Ақжал кентіндегі орта мектепте та­рих пәнінен мұғалім болдым. Ал 2003 жыл­дан мемлекеттік қызметтемін. 2012 жыл­­дың 15 тамызынан осы күнге дейін Шет ауданы әкімінің орынбасары қыз­ме­тін атқардым. Сондықтан да мен өзімді осы ауылдың адамы санаймын. Әрі ауыл хал­қымен етене араласып жүргендіктен кент тұрғындарын мазалап жүрген мәсе­лелерді бір кісідей білемін. Кентішілік жол­дардың нашарлығы, ескі үйлердің сырт келбетін жөндеу, көпқабатты үй­­лерді жылу қазан­дықтарына қосу, әлеу­мет­тік сұрақтарды шешу, аулаларды абат­тандыру бәрімізді де толғандырады, – дейді Азамат Әбілдин. Сондықтан да болар, Азамат өз сай­лау­алды бағдарламасына алдағы төрт жылда кентішілік автожолдың жағдайын жөндеуге ықпал ететінін, бір 24 пәтерлі және екі 12 пәтерлі тұрғын үйдің құры­лы­сына жәрдемдесуге, 2022-2024 жыл­дары тұрғын-үй коммуналдық шаруашы­лықты жаңғырту тетігі арқылы ескі үй­лердің сырт келбетін жөндетуді, кенттегі спорт мектебі стадионында жүгіру жо­ла­ғын салуға, ғимаратта орналасқан отқа­зандығын сыртқа шығаруға жәрдемде­се­тінін жеткізді. Азамат Азатұлы сонымен қатар Ақа­дыр кентіндегі су жинағышты және кен­тішілік арықтарды тереңдетуді қадағалап, аулаларды абаттандыру мен қоғамдық орындарға жарық жүргіземін деген құлшынысын білдірді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­ресте бар күшімді саламын. Бізде жем­қорлықққа жол жоқ. Әрине, ауылымызда белгілі тарихи тұлғалар көп, сол кісілердің мәдени-рухани мұрасын насихаттауға, кентіміздің данқты спорттық дәстүрін жалғастыруға үлесімді қосамын», – дейді кент әкімі Азамат Азатұлы. Біз де жаңа сайланған әкімнің жұмы­сына сәттілік тіледік!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы