Шымкенттегі мәйітханада кезек көп
Шымкенттегі мәйітханада кезек көп
© sputnik.kz
181
оқылды

«Шымкентте коронавирустан қайтыс болғандар саны күннен-күнге көбейіп, мәйітханаға бір күнде 30-35 адамның мүрдесі түсіп жатыр» деген хабарды естіген соң, біз де Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық патологоанатомиялық бюроға барғанбыз.

Мәйітханада шынында бұ­рын­ғыдан көліктің де, адамның да қарасы көбейіпті. Бірақ ұзын-сонар кезек күткендер жоқ. Қақпа алдында кезіккен жігіт ағасы өзін ауруханадан мәйіт алып келетін көліктің жүргізушісі екенін айтты. «Бұрын мұнда күніне біреу, кей күндері ғана қайтыс болған екі адам­ды алып келсек, қазір он шақ­тысын әкеліп жүрміз», – деді ол. Ал орталық есігінде қаумалап тұрған бір топ жан шалғай ауыл­дан келіпті. Коронавирус індетін жұқтырып қайтыс болған туысын көріп қалмақ. 48 жастағы атпалдай азаматынан айырылған жұбайы үнсіз ғана көз жасына ерік берген. Мұнда келгендеріне 2 сағаттай болыпты. Мұндағылар мүрдені жуып, сыртын орап береді екен. Іштен шыққан мәйітхана қыз­меткері «көруге кіретін ет жақыны қайсыңыз?» деп қайтыс болған азаматтың жұбайы мен бауырын ішке алып кетті. Сәлден соң де­несі толық оралған мүрде туыс­тарына тапсырылды. Жүздері жабырқаулы, өздері қайғыдан қан жұтып тұрған жан­ды қалай сөзге тартарсыз!? Онсыз да қайғы жамылып тұрған жанның күйзелісі белгілі ғой. Мәйітхананың келесі тере­зесінде қайтыс болған жан туралы анықтама беріледі. Кезек осы анықтама берілетін терезеде екен. Бір сағатта 7-8 адам анықтама алып кетті. Анықтама алу кезе­гінде тұрған келіншек жуырда осы жерден екі жақынының сүйегін алғанын айтады. Жуып, орап бергені үшін әрқайсысына 20 мың теңгеден 40 мың теңге төңірегінде ақша төлепті. Ал мүрдені алып кететін есікке арасы бір сағаттан соң тағы бір топ жан жиналып қалды. Бұрын мұнда мүрдені 1-2 туысы ғана алып кетіп жүрсе, қазір байқа­ғанымыздай, ковидтен қайтыс болғандарды осы жерде толық орап, тікелей жерлеу орнына апа­ратын болғандықтан, көріп қалу үшін 10-20 шақты туысы жина­лады екен. Қаралы топ бір-біріне көңіл айтып, дауыс шығармай жылап-сықтап жатты. Жүректі шымырлатар көрініс… – Өткен аптаға қарағанда қазір біршама азайды. Сенбіден бері күніне 5-6 адам ғана түсіп жатыр. Қазір жағдай тұрақталып қалды десе де болады. Біз талап бойынша қайтыс болған адамнан сынама аламыз. Міндетті түрде аутопсия жүр­гізіледі. Қайтыс болған жан­ның туыстары мәйітке аутопсия жасалмай берілмейтінін түсінсе екен дейміз. Бірақ мүмкін­ді­гінше ұзаққа созбай беріп жі­беруге ты­рысып жатырмыз. Мә­селен, таңғы 8-де келеміз, кешкі сағат 17-ге де­йін сүйекті келіп тұрған туыста­рына тапсырамыз. Жақындарын ішке кіргізіп, мүр­денің бетін ашып көрсетеміз. Туыстары осында қош­тасады. Мұнда жеткізіліп жат­қан мүрденің дені коронавирус індетін жұқ­тырғандар. Анықтама беру, сына­ма алу барлығы да тегін жүргі­зіледі», – дейді дәрігер-пато­ло­гоанатом Марат Тоқтасов. Дә­рі­герден «мәйітті жуып бергенде­ріңіз үшін ақы аласыздар ма?» деп сұрағанымызда жуындырып беру санитарлық қызметкерлердің та­рапынан жүргізілетінін, оны өз­дері келісетінін айтты. Өкінішке қарай, өткен апта­дан саябырсыды дегенмен, мәйіт­ха­нада мүрдені қабылдау бұрын­ғы­дан көп. Ұзын-сонар кезек бол­ма­са да, мәйітхана алды босап жатқан жоқ. Бірі кетіп, бірі келу­де. Әлемді жайлаған індеттен талай жанның жан тапсырып жатқаны қалай айтсақ та жалған емес. Жас­ты да, кәріні де қынадай қырып ба­рады. Мәселен, Шым­кент қала­сында жыл басынан бері 24 960 адам ковидті жұқтырған болса, со­ның 610-ы қайтыс бол­ған. Ден­саулық сақтау басқармасы басшы­сының мәлімдеуінше, соңғы бір тәулікте 19 жан бақилық болған. Ал Түр­кістан облысында тамыз айы­ның басынан бері пнев­мо­ния­дан 10, ковидтен 5 адам көз жұмыпты.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы