Ақмолада газ бағасы көтеріле ме?
Ақмолада газ бағасы көтеріле ме?
© ult.kz
145
оқылды

Әлеуметтік желілерде «Ақмола облысында тұрмыстық және автогаз бағасы күрт өсуі мүмкін екен» деген әңгіме жел­­дей есті. Сұйылтылған газдың құны бірден шарықтап ке­туі мүмкін. Әлеуметтік желілерде осылай мәлімдеме та­ратып, қоғамда резонанс туғызған «Көкшетау Транс Газ» ком­паниясы газ ба­ға­сының көтерілуіне Энергетика ми­нистрлігінің жүргізген саясаты ық­пал ететінін алға тартты.

«БАҒАНЫ БАРЫНША ҰСТАП ТҰРМЫЗ»

Компания басшысының ай­туынша, Энергетика министрлігі жүргізген саясат газ бағасының бірден қымбаттауына жол ашпақ. Бүгінде сұйытылған газ­дың бағасы Ақмола облысында 61 тең­геден саты­лып жатыр. Бұл – еліміз бойынша ең төменгі ба­ға­лардың бірі. Ал көршілес об­лыс­тарда баға 85 теңгеге дейін кө­теріліп кеткен. Кейбір кәсіп­кер­лер­дің айтуынша, Энергетика ми­нистрлігі Қазақ­станның ішкі нарығында газды көтерме баға­мен сатудың жаңа формасын жә­не облыстар ара­сын­да халық­тың қажеттілігіне газды тарату­дың жаңа моделін ойлап тауыпты.Бағаны өсіруге осы тәсіл ықпал етуі мүмкін деседі. «Қазір оң­түс­тік­тегі үш облыс және рес­пуб­ли­ка­лық маңызы бар Алматы және Шым­кент қалалары оңтүстік аймаққа, үш облыс шығыс, екі облыс батыс және төрт облыс пен Нұр-Сұлтан қаласы солтүстік өңір болып біріктірілді. Яғни, енді әрбір об­лысқа жекелей берілуі тиіс сұ­йы­тылған газды ми­­нистрлік бір­неше өңірге бір көлеммен жі­беруге көшті. Мә­се­лен, «солтүстік өңірге» кіргізілген кез келген облыс теріскейдегі об­лыстар мен елдің орталық бө­лігіне арналған сұйылтылған газ­ды бір өзі сатып алуы мүмкін. Бұл газдың тап­шылығын туғы­зып, оның баға­сының өсуіне ық­пал етпей ме? Министрлік бә­секе­лес­тік болуы керек дейді. Ал бәсеке­лес­тік қа­жет болса, бұл өңірлер қандай принциппен құрылды? Бірікті­рілген бір өңірде бес облыс болса, біреуінде екі об­лыс қана! Сондай-ақ Қазақ­стан­ның бес облысында бәсе­ке­лес­тікке жағдай туғызса, қалған екі облыс неге жеке қала­ды? Неге Маңғыстау об­лысы мен Ақтөбе об­лыстары ешқандай өңір­­ге кір­мей жекелей қалған?», – дейді Көк­шетау қа­ла­сындағы «Көк­шетау Транс Газ» жауап­кер­шілігі шек­теулі серік­тес­тігінің дирек­торы Батыр Әшіров. Ақмолалық газ компаниясы басшылығының мәліметінше, ал­дағы қыркүйекте газ бағасы бір­ден күрт көтерілуі мүмкін. Өйт­кені министрлік жасанды газ тап­шылығын тудырған-мыс. «Энергетика саласында он­даған жылдан бері қызмет ат­­қарып келемін. Газдың шыға­ры­ла­тын бағасы өте төмен. Пре­зи­дент монополиялардың бол­мауы қа­жет екенін ескерткен. Ми­нистр­лікке мұның қателік екенін, ха­лықтың қалтасын қағатынын ай­тып, ескерттім. Біз бағаны ба­рынша ұстап тұр­мыз. Бірақ бізге жасанды түрде ба­ғаны көтеруге мәжбүрлік туын­датып отыр. Мұ­ны министрлікке батыл түрде айттым», – дейді Батыр Әшіров.

МИНИСТРЛІКТІҢ УӘЖІ БАСҚА

Бұл мәселе бойынша Энер­ге­тика министрлігінен рес­ми пікір сұра­дық. Министрлік тө­мен­де­гідей жауап ұсынды. «Энергетика министрлігі ай сайынғы негізде сұйытылған мұ­най газын жеткізу жоспары шең­берінде Ақмола облысының ішкі нарығы үшін шамамен 8 800 тон­на бөледі. Аталған көлем сұ­йытыл­ған мұнай газын көтерме және бөл­шек саудада өткізумен ай­на­лы­са­тын 15 компания ара­сында бө­ліне­ді. Ақмола облы­сындағы ЖШС бірінің өкілдері департа­ментке өз компаниялары үшін жет­кізу жоспарының шең­берінде бө­лінетін сұйытылған мұнай га­зының көлемін ұлғайту туралы өтініш жасады. Алайда бос көлем­нің болмауынан және жеткізу жоспарын қалыптастыру қағида­ларының талаптарына сәйкес келмегендіктен, осы компа­нияға көлемді ұлғайтудан бас тартты. Мемлекеттік орган мен биз­нес өкілдері арасында конс­трук­тивті сұхбаттың орнына атал­ған ЖШС өкілдері министр­лік өкілдерінің атына негізсіз сөздер айтып, тіл тигізе бастады. Ұзақ уақыт бойы де­партамент өкілдері аталған ЖШС өкілде­рінен іс­керлік қарым-қатынас­тың әдебі мен тәр­тібін сақтауды өтінген болатын, бірақ олар өтінішке құлақ аспады. На­рық­тың басқа қатысушы­лары­мен конс­трук­тивті сұхбат жүргізу мүмкін бол­ма­ға­н­дықтан, бірнеше рет өтін­геннен кейін аталған ЖШС өкіл­дері жұмыс чатынан өші­ріл­ді», – дейді Энергетика ми­нистр­­лігінің өкілі. Министрліктің мәліметінше, бұған дейін ведомствоға сұйы­тылған мұнай газы және макро­на­рықты дамыту жөнінде Бәсеке­лестікті қорғау және дамыту агент­­тігінің Ұлттық жобасы ке­лісуге келіп түскен. Сөйтіп, мак­ронарық шеңберінде жеткізу­ші­лер айналымын және өзге қаты­сушыларды ұлғайту есебінен сұйытылған мұнай газын сатып алу бойынша бәсекелестікті да­мыту және субъектілерге мүм­кіндікті кеңейту көзделіпті. Сөз басында айтылған шаралар сол үшін жасалса керек. Ал кейбір ком­пания бұл саясатқа келіспей отыр. Сол себепті «газ бағасы қым­баттайды» деген қорытын­ды­ға келген сыңайлы. Әрі «қо­рық­қан бұрын жұдырық­тайдының» ке­рін істеп халықты елеңдетіп қою­ды көздей ме деп қалдық. Де­генмен Ақмоладағы газдың ба­ғасы қалай боларын қыр­күйек­те көреміз. Әзірге тыныш.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы