Қазақстандағы оппозициялық күштердің келешегі

Қазақстандағы оппозициялық күштердің келешегі

Чемпион болуға тырысатын спортшымен бірге оған бәсекелес болатын дайындығы бар қарсылас спортшының болуы сияқты, демократияға негізделген кез-келген қоғамда билеуші топ пен оған бәсекелес оппозицияның болуы - заңды құбылыс. Ресми биліктің ұстанымымен келіспейтін топтың өмір сүруі диктаторлық қатаң биліктен ада еркін қоғам құруға кепілдік болады. Демократияның маңызды шарттарының бірі оппозицияның болуы екенін барлығымыз білеміз.

Саяси оппозиция қоғамдық қозғалыстар, жеке азаматтар мен ресми билік арасында кері байланыс орнатуға ықпал етеді. Егер елдің заңдары азаматтарға өз көзқарастарын білдіру бостандығына кепілдік берсе, мемлекеттің ресми саясатымен келіспейтіндерге саясаттағы өзгерістерді талап ете отырып, өз пікірін айтуға және өз ұстанымын қорғауға тыйым салуға ешкімнің құқығы жоқ. Отбасыны кішігірім мемлекетпен салыстырсақ, оның барлық мүшелерінің барлық жағдайда бір пікірде болуы мүмкін емес. Баламалы пікірдің болуы дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Қоғам табиғатынан біртекті болмауы оппозицияны туындатады. Қазіргі әлемдегі ең жақсы дамыған елдерді алып қарасақ, олардың барлығында оппозиция жұмыс істейді және олар қуатты. Экономикалық тұрғыдан соншалықты проблемалары аз және саяси жағынан тұрақты елдерде ресми биліктің қандай жұмысына көңіл толмайды деген сұрақ туады? Сырт көзге мінсіз жүйеде іштен қарасақ, келіспейтін нәрсе көп болуы мүмкін. Дамудың алғышарты да осы саяси плюрализмнің болуында. Егер барлығы бір ұстанымда болса, басқа пікірге төзімсіз тоталитарлық қоғам орнамай ма! Саяси жүйедегі оппозицияның маңызды бөлшегі ретінде орын алуы қажетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бізге парламенттік оппозицияның институты керек. Өз пікірлерін жеткізетін белсенді азаматтарымыз бар. Осындай пікірлерді – қоғам пікірін ескеруіміз қажет. Осыған байланысты Парламентте оппозиция құру керек. Билік заңнамасының балама нұсқаларын да дамытуымыз керек» деп айтқан болатын. Оппозицияның өзін қалыпты және  радикалды немесе ымырасыз деп бөліп қарастыруымызға болады.  Бұндай жіктеуге наразы саяси күштердің ресми билікке қарым-қатынасына байланысты жіктейміз.

Қалыпты оппозиция заңшығарушы билік құрылымында билеуші партия өкілдерімен бірқатарда бейбіт жұмыс істеп, заңшығару жұмысына атсалысуы мүмкін.

Радикалды оппозиция өз ұстанымдарын қорғауда митингілер, көше шерулерін және басқа акциялар ұйымдастырады. Ымырасыз топтар ешқандай келіссөзді жоққа шығарып, тек төңкерісті саяси күрес жолы деп қарастырады.

Билікке қарама-қарсы оппозиция қоғамдағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Олар қоғамдық және саяси институттарды дамытуға мүмкіндік береді. Бұл жерде әрине қоғамдық қауіпсіздікке, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін экстремалды саяси күштерді ажырата білу қажет. Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысын әлемдік қауымдастық осы қатарға жатқызады. Енді олардың билікті басып алуы және басқа елдермен келіссөздерге келуге тырысуын көріп отырмыз. Егер басқа елдер олардың билігін мойындаса қауіпті прецентті бақылайтын боламыз. Себебі бұл елде билікке таласа алатын өркениетті күш әзірге жоқ. Қазақстанда оппозиция бар ма? Оппозиция болса, оған кімдер жатады? Оппозиция керек па? Ол біздің саяси өмірде қаншалықты орын алады деген сансыз сұрақтар туындайды? Қалыпты немесе конструктивті оппозицияға жатқызатын топтар бізде бар ма деген сұрақ еріксіз тағы туындайды. Парламенттегі  «Ақжол» мен «Қазақстанның халықтық партиясын» оппозицияға жатқыза аламыз ба? Кейбір эпизодтарда билеуші партиядан өзгеше пікір ұсынғысы келгендерімен оппозиция деп сеніммен айтуға болмайтын секілді. Елімізде бұрынғы оппозиция негізінен елге қалай да болсын танымал Серікболсын Әбдилдин, Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбаев, Болат Әбілов, Жармахан Тұяқбай және т.б. бұрын билікте болған тәжірибелі саясаткерлер төңірегінде топтасуға тырысты. Енді олардың көбісі бұл өмірде жоқ, біразы әртүрлі себеппен саясаттан кетті немесе қартайды. Сол қайраткерлердің төңірегінде болған біраз қайраткерлердің айтары белгілі болды, жаңа идеялар ұсына алмай қалды. Сонымен оппозициялық күштердің дағадарысын анық байқаймыз. Қазақстанда соттың шешімімен экстремистік деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы радикалды оппозицияны бейнелейді. Шетелде тұратын Мұхтар Аблязов «түрлі-түсті» революция ұйымдастыруды армандап келеді.  Аблязов американдық зерттеуші Джин Шарптың «түрлі-түсті» революция бойынша кітаптарымен жақсы таныс сияқты. Революция ұйымдастырудың басты алғышарты наразылық көңіл күйді күшейту екенін жақсы түсінген. Ол наразылық үшін елдегі кез келген мүмкіндікті ақпараттық шабуылдарында қолданып қалуға тырысуда. Соңғы кездері вакцинацияға қарсы наразы көңіл күйді адамдарды көшеге шығарғысы келді. Енді Ауғанстандағы тәліптер қатерін қай жағынан қолдануды ойластырып жатқан болар. Кейбіреулер Аблязовты қолдап пікір білдірсе, жалпы оның идеяларына сенгендіктен емес, жалпы билікке деген келіспеушілігін білдіргені болар. Ал нақты оған сеніп көшеге шығып жүргендер саусақпен санарлық. 2019 жылы өткен Президент сайлауы қарсаңында өздерін оппозициялық деп санайтын бірнеше жаңа күштер пайда болды. Бұл бірлестіктерді біріктіретін ортақ нәрсе – барлығы қазіргі ресми билікті сынаумен ғана шектеледі. Конструктивті оппозиция ең алдымен ресми билік ұстанатын бағдарға баламалы ұстаным мен саяси бағдарлама ұсынса керек еді. Олар болса, саяси популизммен әуестеніп, қоғам мен мемлекет үшін нақты ұсыныстар жасай алған жоқ әзірше. Бастамашыл топтар арасында халықты артынан ерте алатын жарқын тұлғаларды көрмей тұрмыз. Бар топтар бір-бірін кінәлап бастары бірікпеуде. Халықты артынан ерте алу үшін олар ең алдымен өздері тіл табысқаны жөн. Бұл оппозицияны біріктіретін ортақ идея жоқ деп айтуға болады. Өздерін оппозициялық деп санайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия кейінгі Парламент сайлауын қатыспау арқылы жарым-жарты саяси күш ретінде қалды. Бұл партияның оппозициялық екеніне басқа күштер де сенбей одан өздерін алшақ ұстай бастады. Жанболат Мамай құрғысы келіп жүрген «Демокартиялық партияның» кейінгі кезде ұйымдастырып жүрген митингілері де халық арасынан қолдау тапқан жоқ. Олардың жиналысына барғандар жүз адамға да толмайды. Халықтың қолдауы жоқ партияны тіркеу де қиын болар. Кейбір белсенділер қолданыстағы саяси жүйені түбегейлі реформалауды көздейді. Сонымен қатар, олардың арасында парламенттік республика құру идеясы ең танымал.  Осы бағытта Мамай бастаған топ жаңа конституция жобасын да ұсынып көрді. Бұл бастаманы да қоғам талқылай қойған жоқ. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, біздегі бар оппозициялық бірлестіктердің болашағы бұлыңғыр деп айтсақ болады. Ресми билік олармен санасу үшін кем дегенде қоғамның салмақты бөлігінің қолдауына ие болуға тиіс. Ол үшін халықты толғандыратын проблемаларды шешуге бағытталған  айқын бағдарлама ұсыну қажет. Біздегі наразы топтың көпшілігі санкцияланбаған акциялар арқылы билікпен келіспейтіндіктерін көрсетуді жөн көреді. Алайда, билік олардың қызметін халық арасында жаппай қолдау болған жағдайда ғана олармен санасады. Ал қазіргі биліктің қарсыластары көбінесе қоғамға өзекті күн тәртібін ұсына алмай жүр.  Қоғамдық ахуалды дөп басқан саяси күштердің болашағына сеніммен қарауға болады. Әзірге билікке оппонент болатын конструктивті күшті көре алмай тұрмыз. Қазіргі өздерін оппозиция деп санайтын күштер билікке келсе қандай бағыт, қандай бағдарлама ұсынатыны да белгісіз. Жалпы биліктегі топ пен оппозияны біріктіретін бір идея болу керек, ол - мемлекет мүддесі. Яғни, мемлекетшілдік идеясы. Әйтпесе екеуінен де пайда жоқ. Басқаша айтқанда, жай ғана билікте қалу үшін немесе билікке келу үшін күрес болып қала береді. Біз мемлекеттің мүддесін қорғайтын саяси күштер бәсекелестігін көргіміз келеді.

Елдос ЖҰМАҒҰЛОВ, саясаттанушы