Вакцина салдырғандар көбейіп келеді
Вакцина салдырғандар көбейіп келеді
184
оқылды

Бүгінде елдегі эпидемиологиялық ахуал маңызды мәсе­ленің бірі екені бәрімізге аян. Осы тұста коронавирус инфек­циясынан халықты сақтандыру бағытында рейдттік шаралар кү­шейтілді. «Nur Otan» партиясы Ақтау қалалық филиалы төра­ғасының бірінші орынбасары Анар Шамшадинова, партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Айда Балқашбайқызы, қалалық мәслихат депутаты Уайс Ерсайынұлы мен өңірдегі қоғам белсенділері бірлесіп, науқастар жатқан емханалардағы жағдайды бақылап қайтты.

Бұған дейін Партиялық ба­қы­лау комитетінің жиналысы өтіп, жаңа құрам жасақталып, осы жыл­ға арналған жұмыс жоспары бекі­тілген еді. Соған сәйкес халыққа вак­цина салудың өзектілігін ес­кер­ген мамандар алдымен егу пункт­теріне мониторинг жүргізу туралы ортақ шешімге келген. – Бірінші кезектегі міндетіміз – жүйелі бақылауды қамтамасыз ету. Біз азаматтардың өтініштері бойынша жұмыс істейміз және қоғамдық пікірді ескере отырып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне талдау жүргізіп, жұртшылықпен ашық форматта жұмыс істеуді көз­дейміз. Қазір шаһардағы барлық егу пунктіне мониторинг жүргізе­міз. Вакциналар сақталатын мұз­дат­қыштарды қарап шықтық. Әзірге арыз-шағымдар түскен жоқ. Алайда кез келген арызды қарауға дайынбыз, – дейді партиялық бақылау комиссиясының төрайы­мы Aйда Балқашбайқызы. Депутаттар мен партия мү­шелері екпе егу пункттерін түгел көрді. Қазіргі пандемия уақытында қалалық емхана қызметкерлерінің жұмысы қауырт. Өз кезегінде Ақтау қалалық №1 емханасының сала ма­ман­дары: «Келген тұрғын­ның жал­пы жағдайы тексеріліп, қан қысы­мы, қызуы өлшенеді. Ешқан­дай шағым жоқтығына көз жет­кіз­ген соң қалаған екпе түрі салынады. Дәрігерлер күніне орта есеппен 300 адамның екпе алаты­нын айтып отыр», – дейді. вакцина Мониторинг тобы бұдан соң Ақтау қалалық № 2 емханасындағы екпе салу кабинеттерін аралады. Қаланың орталығында орналасқан емдеу орнында кабинеттер вакци­на салу мақсатында толық жабдық­талған екен. – Кейбір азаматтарға жұмыстан соң вакцина салуға келу ыңғайлы екенін ескеретін болсақ, егу каби­нет­терінің кешке дейін жұмыс жаса­ғаны дұрыс болар еді, – деді Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Уайс Ерсайынұлы. Соңғы күндері өз денсау­лық­тарына алаңдап, вакцина алуға келушілердің саны артқаны бай­қалған. Айтпақшы, жыл соңына дейін Маңғыстау облысы тұрғын­да­рының кемі 60 пайызы вакцина­ның екі компонентін де алады деп жоспарланған.

М.ХАҚНАЗАР