Бүгінде елдегі эпидемиологиялық ахуал маңызды мәселенің бірі екені бәрімізге аян. Осы тұста коронавирус инфекциясынан халықты сақтандыру бағытында рейдттік шаралар күшейтілді. «Nur Otan» партиясы Ақтау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Шамшадинова, партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Айда Балқашбайқызы, қалалық мәслихат депутаты Уайс Ерсайынұлы мен өңірдегі қоғам белсенділері бірлесіп, науқастар жатқан емханалардағы жағдайды бақылап қайтты.
Бұған дейін Партиялық бақылау комитетінің жиналысы өтіп, жаңа құрам жасақталып, осы жылға арналған жұмыс жоспары бекітілген еді. Соған сәйкес халыққа вакцина салудың өзектілігін ескерген мамандар алдымен егу пункттеріне мониторинг жүргізу туралы ортақ шешімге келген. – Бірінші кезектегі міндетіміз – жүйелі бақылауды қамтамасыз ету. Біз азаматтардың өтініштері бойынша жұмыс істейміз және қоғамдық пікірді ескере отырып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне талдау жүргізіп, жұртшылықпен ашық форматта жұмыс істеуді көздейміз. Қазір шаһардағы барлық егу пунктіне мониторинг жүргіземіз. Вакциналар сақталатын мұздатқыштарды қарап шықтық. Әзірге арыз-шағымдар түскен жоқ. Алайда кез келген арызды қарауға дайынбыз, – дейді партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Aйда Балқашбайқызы. Депутаттар мен партия мүшелері екпе егу пункттерін түгел көрді. Қазіргі пандемия уақытында қалалық емхана қызметкерлерінің жұмысы қауырт. Өз кезегінде Ақтау қалалық №1 емханасының сала мамандары: «Келген тұрғынның жалпы жағдайы тексеріліп, қан қысымы, қызуы өлшенеді. Ешқандай шағым жоқтығына көз жеткізген соң қалаған екпе түрі салынады. Дәрігерлер күніне орта есеппен 300 адамның екпе алатынын айтып отыр», – дейді.М.ХАҚНАЗАР