51 аула абаттандырылады
51 аула абаттандырылады
181
оқылды

Орал қаласында «Nur Otan» партиясының бастамасымен үш жылға арналған «Аула­лар­ды кешенді абаттандыру» бағ­дарламасы жүзеге асырылып жатыр. Биыл 51 ауланы абат­тан­дыру үшін жергілікті қа­зы­надан 2 миллиард теңге бө­лінген.

«Аулаларды кешенді абаттан­дыру» бағдарламасы 2021-2023 жылдары жүзеге асырылады. Бағ­дарламаға қатысуға ниеттенген көп­қабатты үй тұрғындары партия мен әкімдік сайтына өтініш қал­дырады. Әрі абаттандыру жұ­мыс­тарына байланысты ұсыныс бере алады. Ауланы абаттандыру жо­басын жасақтауда сол тұрғын­дар­дың ұсыныс-тілегі ескеріледі. Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәйдің айтуынша, өткен жылдың қазанынан бастап ақ­параттық хабарламалар жария­ланып, тұрғындардың өтініші жи­налған. Жалпы, 120-ға жуық аула бойынша өтініш түсіпті. – Өткен жылы облыс әкімі шаһар бойынша кемінде 50 ауланы абаттандыру туралы тапсырма берген болатын. Осы орайда бағ­дарлама аясында тұрғындардың өтінішін жинадық, олар ауладан не көргісі келетінін көрсетті. Тізімге сәйкес, алғашқы тіркелген 50 шақты аула бойынша смета дайындалды. Мердігерлер анық­талып, жұмыстар басталды. Қазір жоспарланған 51 аула аумағының 12-сі бойынша жұмыстар аяқта­лып, тапсырылды. Бес ауладағы жұмыстар тамыз айында аяқ­та­лады. Абаттандыру жұмыстарында аулаға кіреберіс жолдардың ас­фальтталуына ерекше басымдық берілді. Өйткені тұрғындар тара­пынан кіру-шығу жолдарына қатысты уәж көп түседі. Сондай-ақ бұған дейін әр аулада бөлек-бөлек мердігер мекеме жұмыстар жүргізген болса, биыл барлық ау­­ла­дағы жұмыс бойынша бір мер­дігерден сұраныс болуы қаперге алынды. Осы орайда жаңарту жұ­мыстары көзделген барлық ау­ладағы жол төсемін төсеуді бір ғана мердігер жүргізеді. Барлық ауладағы спорт және ойын алаң­дарын орнатуды бір мердігер ат­қарады. Осылайша, жалпы 4 мер­дігер ауланы абаттандырумен ай­на­лысады, – деді Мирас Рүстемұлы. Абаттандыру жұмыстары бас­талған аулалардың бірі – Мәншүк Мәметова көшесінің бойындағы 60-үй. Қазір мұнда «Түркістан жол сервис» ЖШС асфальт төсеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мер­дігер компания директоры Жәм­шит Махаметовтың айтуын­ша, жиектастар ауыстырылып, аялдама тұрақтары кеңейтіледі. Үш жылға арналған бағдарлама болғандықтан, енді аулаларды абат­тандыруға қатысты өтінімдер жи­налатын болады. Қала басшы­сының орынбасары Мирас Рүс­темұлы енді тұрғын үйді басқаруда серіктестік құрған аулалар бірінші кезекте абаттандырылатынын атап өтті.