Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасына мемлекеттік сапар жасады. Жаһандағы дамуы жағынан алдыңғы қатарға кіретін елге сапар барысында Президент көптеген кездесу өткізіп, тарихи-мәдени сипаттағы шараларға, іскер топтардың дөңгелек үстел отырысына қатысты.
Сапардың әлқиссасына көшсек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары Сеул қаласындағы Көк үйдегі ресми рәсімнен басталды. Қазақстан Президентін Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин салтанатты түрде қарсы алып, құрмет көрсетті. Содан соң Қазақстан Президенті Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне орай өткен рәсімге қатысты.Шынайы ықыластың белгісі
Мемлекет басшысы салтанатты жиындағы сөзінде, «бұл – Қазақстанның корей жұртына деген шынайы ықыласы мен зор құрметінің белгісі» деп атап өтті. – Мұндай іс-шаралардың тарихи мән-маңызы айрықша. Қазақтар да, корейлер де тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы түсінеді. Хон Бом До – Кореяның азаттығы үшін күрескен бірегей тұлға. Нағыз батыр, шынайы отансүйгіш. Генерал тағдырдың жазуымен өмірінің соңғы жылдарын қазақ жерінде өткізді. Содан бері қанша жыл өтсе де атажұртында батырдың ерлігі ұмытылған жоқ. Оны біздің халқымыз да жақсы біледі, – деді Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде корей ұлтының көптеген өкілі Қазақстанға еріксіз қоныс аударғанын, олардың арасында Ге Бон У, Цай Ден Хак, Ким Ман Сам сияқты танымал тұлғалар барын атап өтті. – Жер аударылған корейлерді халқымыз бауырына басып, паналатты. Олар қазақ елінде өсіп-өніп, нағыз отандастарымызға айналды. Біздің елде әр этностың өз тамырынан ажырамай, тілі мен ділін сақтауына барлық жағдай жасалған. Корей диаспорасы да осы игілікті көріп отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Рәсім барысында Қазақстан Президенті Мун Чже Инге Корей халқының ұлттық батыры Хон Бом Доның қабірінен алынған топырақты табыстады.Корея инвестициясы 6 млрд доллардан асады
Одан соң қос ел басшыларының екіжақты келіссөздері басталды. Тараптар қазақ-корей стратегиялық әріптестігін одан ары дамытудың перспективаларын жан-жақты талқылады. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.5G жобаларын іске асыруға шақырды
Кездесуден соң Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапары аясында Сеул қаласындағы «Отан үшін шейіт болғандар» монументіне гүл шоғын қойды. Одан соң қазақ-корей іскер топтарының дөңгелек үстел отырысы өтті. Корея мен Қазақстанның ірі компаниялары басшыларының жиынына қатысқан Қ.Тоқаев президент Мун Чжэ Инмен өткен мемлекетаралық келіссөздердің негізгі қорытындылары туралы айтып берді. – Қазақстанда кореялық компаниялардың қатысуымен жалпы құны 2,5 миллиард доллардан асатын 24 ірі жоба жүзеге асырылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы автомобиль жасау, тұрғын үй құрылысы, металлургия және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда жалпы құны 1,5 миллард доллардан асатын келешегі зор үміт күттіретін 16 инвестициялық жобаның іске асырылатыны туралы айтты. – Қайта өңдеу өнеркәсібіндегі жоғары технологиялы өндіріс, сондай-ақ Индустрия 4.0 технологияларына стратегиялық тұрғыдан мүдделіміз. Оңтүстік Корея экономиканы цифрландыру бойынша әлемдік көшбасшы және 5G желілері саласында үздік болып танылды, – деді Президент. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанда инновациялық технологияларды дамыту үшін заманауи инфрақұрылым бар екенін атап өтті. – Біз компьютерлік техника, желілік жабдықтар, деректерді өңдеу орталықтары бойынша бірлескен өндірістік жобалар ашуға мүдделіміз. Қазақстан 5G желісін өрістету бағытында жұмыс істеп жатыр. Ірі қалаларда алғашқы сынақтар өткізілді. Корея компанияларын елімізде 5G жобаларын іске асыру үдерісіне қатысуға шақырамын, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев кореялық кәсіпкерлермен нақты жұмыс істеу үшін Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың жетекшілігімен арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдағанын айтты. Президент ірі инвестициялық, институционалдық, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды және оған жеке мониторинг жүргізуді өз бақылауына алатынын атап өтті.А.СҰЛТАН