2011 жыл: Ел мерейі өскен сәт
2011 жыл:  Ел мерейі  өскен сәт

2011 жыл. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойланған мерейлі кезең еді. Бұл жыл Қазақстан тарихында қалатын бірқатар оқиғаларымен есте қалғаны бар. Атаулы жыл болғанымен, саяси оқиғалар да, спорттық іс-шаралар да, тіпті елді алаңдатқан жайттар да сол бір қоян жылында аз болмаған еді. Енді бәрін рет-ретімен баяндайық.

Елбасына халық сенім артты

Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы қызу саяси науқанмен басталды. Дәлірек айтқанда, 2010 жылдың соңында қоғам белсен­ділері Президент Нұрсұлтан На­зарбаевтың өкілеттілігін 2020 жыл­ғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту туралы бастама көтерген болатын. Өскеменде жиналған бастамашы топ өкілеттілік мерзімін рефе­рендум арқылы ұзарту қажет деген уәж айтқан-ды. Бастаманы жиынға қатысқан 850 делегат бірауыздан қолдап, 2011 жыл кірген кезде ел ішінде референдум туралы пі­кір­талас қызып тұрған-ды. Ең қызы­ғы, референдум өткізу туралы бас­таманы бір айдың ішінде 5 мил­лион адам қолдады. Осылайша, қоғам Нұрсұлтан Назарбаевқа сенетінін, ел болашағын Тұңғыш Президентпен байланыстыра­ты­нын байқатты. Тіпті, Парламенттің өзі Президент өкілеттілігін ұзарту туралы бастаманы қолдап, арнайы заң қабылдады. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы елде заң үстемдігінің ма­ңы­зын ескеріп, депутаттар қабыл­даған заңның Конституцияға сәй­кестігін анықтау үшін Консти­туциялық кеңеске жүгінді. Ал Кеңес заңның Конституцияға сай емес екенін анықтады. Сөйтіп, референдум өтпейтін болды. Ел­басы болса көпшіліктің тілегін ес­кере отырып, референдумның ор­нына мерзімінен бұрын Прези­дент сайлауын өткізуді ұсынды. Жағдайды Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біз мұны «жай қабылдау немесе бас тарту» ретінде емес, өмірдің өзі ұсынған демократияның тарихи тағылымы деп қабылдағанымыз жөн» деп түсіндірген еді. Сөйтіп, 2011 жылы елімізде мерзімінен бұ­рын Президент сайлауы өткен болатын. Сайлауда «Nur Otan» пар­тиясы атынан үміткер ретінде ұсынылған Н.Назарбаев сайлау­шылардың 95,55 пайыз дауысын алып, Президент ретінде сайланды. Сөйтіп, ресми түрде қызметіне 2011 жылғы 8 сәуірде кірісті. Әрине, референдум өткізу бас­та­масын ұсынған азаматтар мен олардың идеясын қолдаған ха­лықты түсінуге болады. Отандаста­рымыз Қазақстан тәуелсіздігінің бекем болуы Елбасының саясатына тікелей байланысты болғанын жақсы түсінетін. Президентке деген сенім де күшті еді. Дегенмен «алдымен экономика, содан соң саясат» дейтін ұстанымды басшы­лыққа алған Нұрсұлтан Назарбаев елдегі демократиялық құндылық­тардың да маңызды екенін жақсы білді. Референдум да демократияға қайшы емес екенін білгенімен, заң үстемдігін бірінші орынға қойды. Конституциялық кеңеске жүгі­нуінің сыры – осында.

Мәжіліс таратылған жыл еді

Қызығы, 2011 жылы екі сайлау өту ықтималдығы пайда болғаны бар. Бірақ заң бойынша олай бо­луы мүмкін емес еді. Өйткені жыл басында кезектен тыс Президент сайлауы өткен болатын. Бірақ 2011 жылдың күзінде депутаттар Мәжі­лісті таратып, кезектен тыс сайлау өткізу туралы үндеу жариялады. Олар Конституцияға енгізілген өзгерісті алға тартып, Мәжілісте кемі екі партия болуы керектігін ұсынды. Ал Елбасы 6 қарашада «Төр­тінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжі­лісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау 2011 жылы емес, 2012 жыл­дың басына белгіленді. Ал сайлауға дейін Парламенттің барлық жұмысы Сенатқа жүктелген еді.

«Ядросыз әлем үшін» барымызды салдық

2011 жылғы 21-23 қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассам­блея­сының 66-сессиясының пікір­таласы мен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейлі кезде­суге қатысқан-ды. Басқосуда Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын әзірлеу идеясын айтты. Сол жиында Қазақстанның БҰҰ-дағы өкілдік деңгейі кеңей­тілді. Сөйтіп, сол кезде Парламент Сенатының төрағасы қызметін атқарып жүрген Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары-БҰҰ Женева бөлім­шесінің Бас директоры, Қару­сыздану жөніндегі конференция­ның бас хатшысы болып тағайын­далды. Ал сол жылғы 12 қазанда Аста­нада «Ядросыз әлем үшін» атты халықаралық форум басталған еді. Екі күнге созылған форум қоры­тындысында «Ядролық қарусыз әлем құру туралы» Астана декла­рациясы қабылданды. Басқосуға БҰҰ, МАГАТЭ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ, АӨСШК, ЮНЕСКО тәрізді беделді халық­аралық ұйымдардың өкілдері, са­рапшылар мен ғалымдар қатысты. 400-ден астам қонақ келген бола­тын. Форумда сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев: «Ядросыз әлем – бұл қиял емес. Бұл планетаның едәуір бөлігі қолдап отырған шындық. Ядролық қарудан азат етілген ай­мақтар Оңтүстік және Орталық Аме­рикада, Аустралия мен Океа­нияда, Оңтүстік-Шығыс пен Орта­лық Азияда құрылды – бұл іс жүзінде әлемнің тең жартысы. Бү­гінде барлық ядролық мемлекет­тер тарапынан оларға қатысушы­ларға халықаралық-құқықтық кепілдіктің тиімді тетіктері қажет» деген еді. Осылайша, Қазақстан өзінің ядролық қаруды таратпау жөніндегі ұстанымын тағы дәлел­деген болатын.

Жыл спорттағы жеңістермен басталды

Иә, 2011 жыл спорттағы мол та­быстармен басталды. Өйткені Қазақстан VІІ қысқы Азия ойын­дарында командалық есепте топ жарды. Ал осынау ойындар Алматы мен Астана қалаларында өткен болатын. Қоян жылының қаңтары мен ақпанында бұқара тек Азия ойындары туралы әңгіме айтатын. Қайтсін енді, тәуелсіз Қазақстан түгілі, КСРО кезінде де біздің елде дәл сондай ауқымды спорттық шара өтпеген еді.

2011 жылғы 21-23 қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассам­блея­сының 66-сессиясының пікір­таласы мен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейлі кезде­суге қатысқан-ды. Бас­қосуда Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарусыз әлем­нің жалпыға ортақ декларациясын әзірлеу идеясын айтты.

Негізі, 2011 жыл тура мағына­сында спортпен басталған-ды. 2010 жылдың 31 желтоқсанынан 2011 жылдың 1 қаңтарына қараған түні Әл-Кувейт қаласындағы Азиялық Олимпиада кеңесінің штаб-пәтерінде ойындар алауы тұтатылып, «сапарын» бастаған еді. 2 қаңтарда Қытайдың Чангчун қаласына әкелінген алау 3 қаңтарда Алматыға жеткізілді. 27 күн еліміз­дің барлық аймақтарын аралаған ойындар алауы 30 қаңтарда Астана көшелерімен өтіп, «Астана-Арена» стадионында өткен ашылу салта­натына жеткізілді. Сөйтіп, қаңтар мен ақпанның сары аязына қара­мастан ел халқы дүбірлі доданы тамашалағаны бар. Азиада кезінде спорттың 11 түрінен жарыс өткізілсе, жалпы 27 мемлекеттің спортшылары бақ сынады. Жарыстан Қазақстан 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медальмен жалпы командалық есепте топ бастаса, Жапония 13 алтын, 24 кү­міс, 17 қола медальмен екінші орын иеленді. Оңтүстік Корея 13 ал­тын, 21 күміс, 13 қола медальмен үшінші орын алса, Қытай 11 алтын, 10 күміс, 14 қола медальмен төртінші орынға тұрақтады. Бір қызығы, VІІ қысқы Азия ойында­рындағы барлық алтын медальді осы төрт мемлекет өзара бөлісіп алды. Күмістің де біразын осы төрт елдің спортшылары алды. Өзге­лерден Моңғолия мен Иранның бір-бір спортшысы ғана күміс медаль иеленіпті. Ойындарды өткізуге 1,6 млрд доллар жұмсалды. Бірақ оның 1,4 млрд-ы спорт нысандарын жөндеу мен жаңаларын салуға, жарыстың өзіне 282 миллион доллар жұмсал­ды. Сөйтіп, Қазақстан ірі спорттық шараны өткізу арқылы көптеген спорт нысандарын ретке келтіріп алған еді. Жалпы, жарысқа 1 000-нан астам спортшы қатысты. Олар­дың 167-сі – отандастарымыз. Спортты айттық қой, 2011 жы­лы қазақстандық «Астана» ко­ман­дасы әйгілі «Дакар» раллиіне қа­тысты. Алғаш рет Аргентина мен Чили жерінде өткен жарыста отан­дық команда 8-орын алды. Бірақ көлігі өзіміздікі емес еді. Ресейдің «КамАЗ» концерні көлік ұсынған болатын. Дегенмен елдің имиджі үшін жасалған бұл жобаны тым сәтсіз болды деуге келмейді. Жал­пы, сол жылдары «Астана» атын иеленген түрлі клуб болды. Бокста да, велоспортта да елорда­ның атын иеленген клубтар бар еді. Кейін «Астана-Арланс» тәрізді клубтар таратылды. Бірақ ол басқа әңгіме.

Ерлігі есте қалған – Ғазиз Байтасов

Ел тарихы туралы сыр шерт­кенде, өзекті өртер өкінішті аттап өте алмайтынымыз анық. Деген­мен ел тыныштығын күзеткен сарбаздар мен құқық қорғаушы­лардың сын сағатта барын сала­тыны да бұқараның көңілін ты­ныш­тандыратыны сөзсіз. Тәуел­сіздіктің 20 жылдық мерейтойы өткен жылы халықаралық терро­ристік ұйымдар Қазақстанды да дүрліктірмек болғаны бар. Сөйтіп, деструктивті діни ағымдардың жетегінде кеткен экстремистер бір­неше рет жарылыс ұйым­дастыр­мақ болды. Шамасы олар еліміздегі тыныштық пен тату­лықты шайқап көруге тырысқанға ұқсайды. Мамырда, қазан мен қарашада елді дүрліктірмек болғандар бірнеше рет кішігірім жарылыс жасағаны бар. Абырой болғанда адам шығыны көп болған жоқ. Күш құрылым­да­рының қыз­меткерлері кәсіби­ліктің жоғары деңгейін көрсеткен-ді. Тіпті, қа­рашада Таразда лаң салған экстре­мисті жол поли­циясы қызметкері, капитан Ғазиз Байтасов тоқтатып, жарылысты кеудесімен жапқаны бар. Өкі­нішке қарай, өзі көз жұмды. Кейін Ғ.Байтасовқа «Ха­лық Қаһарманы» атағы берілді. Осылайша, қазақ­стандық құқық қорғаушылар ел ішін алатайдай бүлдіргісі кел­гендердің жолын кес­кен-ді. Алай­да Жаңаөзендегі мұ­найшылар ереуілінде азаматтардың қаза табуы арандатушылардың ел ішінде аз болмағанын көрсетті. Бір атап өтер жайт, 2011 жылдың сы­нақ­тары мен сын-қатерлеріне Қазақстан халқы мойыған жоқ. Ал медальдың екі беті тәрізді оқиға­ларға толы жыл бүгінде тарихқа айналды.

Ардақ СҰЛТАН