Оның қазасы қазақ журналистикасын ойсыратып кетті. Әйгілі спорт комментаторы, қазақ телевизиясының ардагері, ақпарат саласының үздігі Амангелді Сейітханның отандық журналистикада орны бөлек еді. Көрермені оны жақсы көретін. Өзі де қара сөздің майын тамызатын шебер, ақынжанды азамат еді. Соңғы бірнеше күн бойы бұқара арда ұлын жоқтап жатыр.
Амангелді Мәулітқанұлы 1969 жылы 11 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданында дүниеге келген. 1991-1994 жылдары «Спорт» газетінде жұмыс істеген. 1994 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясында «Тұғыр» бағдарламасын ашып, жүргізуші болды. Телеарнаның спорт бөліміндегі бас редактордың орынбасары қызметін де қатар атқарды. «Құмсағат» бағдарламасының спорттық ақпараттар бойынша продюсері болды. 1997 жылдан «Хабар» арнасына ауысып, осы күнге дейін аталған агенттікте жұмыс істеп келді. Футболдан 1998 жылы Франциядағы Әлем чемпионатында қазақ тілінде комментатор болды. 1999 жылы Бангкоктегі Азия ойындарын, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпиада ойындарын, 2002 жылы Солт-Лейк-Ситидегі қысқы Олимпиаданы «Хабар» арнасының эфирінде қазақша сөйлетті. Бір жылдары айтыс аламанында да атой салған суырып салма ақын еді. Қалың көрермен іздеп отыратын, үлкенге ізетті іні, кішіге арқалы аға бола бірген біртуар тұлға көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналды. Талайды тәнті еткен талантымен де, кәсіби шеберлігімен де, аңқылдаған ақжарқын көңілімен де көрерменін баурап алды. Ол өзі ғана спорт журналистикасын меңгерген жоқ, өзінің осы салада жинаған құнды тәжірибесін жастарға да бөлісіп, ізін басқан мамандарға үйретіп кетті. Оның есімі отандық тележурналистика тарихына ғана емес, тұтастай спорт шежіресіне алтын әріппен жазылары анық.Сәби болмысты, таза жүректі қайраткер еді
– Амангелді Сейітханның дүниеден өтуі – қазақ спорт журналистикасы үшін ғана емес, ұлттық журналистикамыз үшін де орны толмас ауыр қаза. Ағалы-інілі болып, қоғамдық-саяси әлеуметтік өмірде әріптес болып бірге келе жатқан ағамыздың жолын қия басқан жеріміз жоқ. «Аға» деп бүкіл інілері қас-қабағына қарап жүрген аяулы жан еді. Амангелді аға тәуелсіздік дәуіріндегі журналистикасының бастауында тұрған азаматтардың бірі деп айтуымызға болады. Себебі Әлем чемпионаттарынан, Олимпиада додаларынан тұңғыш рет қазақ тілінде комментаторлық жасаған азамат. Студент кезінің өзінде-ақ айтыс сахнасында жасындай жарқылдап, Мұхамеджан Тазабеков, Бекжан Әшірбаев, Мэлс Қосымбаевтармен қатар қанат қағып шықты. Айтыста жүрсе де талай олжа салатын азамат еді. Кейін кәсіби төл мамандығына, оның ішінде спорт журналистикасына ауысып, кешегі Сейдахмет Бердіқұлов аталарымыздың жолын жалғап, өзінің төл ұстазы Несіп Жүнісбаевтың соңынан еріп, алғашқы қадамын «Спорт» газетінен бастады. Кейін «Хабар» арнасына ауысып, жұмыр жердің қай түкпірінен болсын, тіпті батыс пен шығыстан, әлемдік спорт аламандарынан, тарихи күндерден жағымды жаңалықтарды жеткізетін Амангелді Сейітханның «Жеңісті күндерде жолығайық» деген дауысын бүкіл жұрт, бүкіл ел еститін. Амангелді Сейітхан, Бейсен Құранбек әр салада – әлеуметтік, ақпараттық хабарларды таратса да, спорт журналистикасының дамуына атсалысқан бірегей тұлғалар. Амангелді ағамен спорт алаңдарында бірге жүрдік. Он жылдан аса бір командада доп тептік. Аман аға бастап шыққан команда жыл сайын өтетін аламандарда топ жарды. Әр ойыннан жеңіспен оралатын едік. Сәл ғана қателіктер жіберіп қойсақ, күйіп-пісіп, әбігерленіп кететін. Қақпашыдан бастап, қорғаушыға дейін әрқайсысының орнын тап-тұйнақтай қылып реттеп отыратын Аман ағамыз болатын. Осындай ағадан айырылу – алдыңғы толқын ағалар үшін, кейінгі толқын інілер үшін де ауыр қаза. Амангелді Сейітхан ағада бюрократия деген болған емес. «Ағасынып» кішілерді бөлектеген жоқ. Журналистиканың есігін ашқан жаңа буынның да кеудесінен итерген емес. Үнемі адамды жігерлендіріп отыратын. 2000 жылы Сидней Олимпиадасынан комментаторлық жасаған сәті де әлі есімізде. Барлық жақсы жаңалықтардың бәрін осы Аман ағамыздың дауысы арқылы естідік. Ермахан мен Бекзаттың чемпион болған сәті, Мұхтархан мен Болаттың жұлдызды шақтарын эфирде жүрегі жарылардай болып, дауысы дірілдеп жеткізген кезі де есімізден кеткен жоқ. Бұл нағыз елін сүйген, халқын құрметтеген патриоттың ғана қолынан келетін дүние еді. Амангелді Сейітхан сияқты арда азаматты қазақ елі әлі талай жылдар сағынатын болады. Өйткені ол көзге көрінбей жүріп-ақ мықты мектеп қалыптастырды. Жақсы ұрпақ өсірді. Ағаның қазасын естігенде бүкіл өмір тоқтап қалғандай күй кештік. Бүкіл әріптестерге, журналистер қауымына, қаламгер қауымға, отбасына қайғырып, көңіл айтамыз. Шын мәнінде, ауыр қаза. Өмірден сәби болмысты, таза жүректі, алақаны да, жүрегі де таза, халқын, жұртын сүйген қайраткер өтті. Өте өкінішті. Бір өмір осылай аяқталды. Ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Көрмеген көшесінен жарылқасын!Жүрегі үлкен азамат еді
– Алдынан қара көрінсе, адам соны медеу тұтады. Соны ес көреді. Жылдар өтіп, өзі біраз жасқа келсе де, алдындағы ағасына қарайлайды, көптің сөзін сол айтады деп күтеді. Амангелді Сейітхан біздің сондай ағамыз еді. Тұрқы шағын болғанымен, жүрегі аттың басындай үлкен азамат еді. Ел намысын көз қарашығындай қорғап, шыр-пыры шығып жүретін. 2019 жылы «Асыл арнадағы» «Қазақ спортының классикасы» бағдарламасына шақырып, көкейдегі біраз сұрақты көлденең тарттық. «Хабар» арнасында футболдан Әлем чемпионаты көрсетілерде, тек орыс тілінде жүргізу ықтималдығы зор болғаны рас па? Қазақ тілінің мүддесін кім қорғады? Бұған дейін ондай кешенді сын жүргізіп көрмеген едіңіз, қалай тәуекел еттіңіз? Бекзаттың қазасын қайдан естідіңіз, жұртқа қалай естірттіңіз? Тағы қаншама сұрақ қойылды! Аман ағам жылы жымиып қойып бір ақтарылды. Жасы 50-ден асса да ел намысы дегенде жанып кететініне таңданушы едім. Ештеңеге бейжай қарағанын көрген емеспін. Креативтілігі, жаңалыққа құмарлығы жастардың өзін таңдай қақтыратын. YouTube арна да ашты, өзге подкасттар мен арналарға да белсене пікір білдіріп жүрді. Футболды шебер ойнайтын. Журналист інілерін ертіп алып, жарыстың бас жүлдесіне таласатын. Балаша ренжіп, артынша ұмытып кететін еді. Аман ағам мұзжарғыш кеме секілді еді. Алға салып алатынымыз да содан-ды. Ірі жарыстарды алғаш бастап жүргізгендіктен де сынды өте көп естіді. Бірақ ешкіммен бет жыртысқан емес. Інілерін жерлеп, тұқыртқан да емес. Бұл қазаны есту бізге тым ауыр болды. Жайнап, жарқырап жүрген жан ағамызды өлім түгіл, бірауыз нашар сөзге қимайтын едік. Алла иманыңызды саламат етсін, Аман аға!..Аңыз адам Амангелді Сейітханнан айырылдық
– Амангелді Сейітхан дегенде қазақ спорты қатар айтылады. Әйгілі комментатордың «Жеңісті күндерде жолыққанша» деп, талай жеңіске жол ашқаны әр қазақтың есінде. Сондықтан ана өмірге аттанған Амангелді ағаның де есімі ел есінде мәңгі сақталарына еш шүбә жоқ. Амангелді Сейітхан дегенде аңғал мінез, арда талант иесі ойға оралады. Бар қазаққа бағалы болса да өте қарапайым еді. Үлкен-кіші демей, барлығымен бауырдай сыйласатын. Бұл тұрғыда ағамызбен аралас-құралас болған кез келген адам керемет әңгіме айтады. Шын мәнінде, Амангелді Сейітхан туралы талай дүниені тарқатуға болады. Ол енді алдағы уақыттың еншісінде. Осы күннен қазақ спорт журналистикасында Амангелдітану дәуірі басталады… «Хабар» агенттігінің ұжымы мен өз атымнан марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Алла сабыр берсін! Бақұл бол, Аман аға!Дайындаған Айым БЕКТҰР