Ауласын есірткі алқабына айналдырған қызылордалық тұрғын ұсталды
Ауласын есірткі алқабына айналдырған қызылордалық тұрғын ұсталды
187
оқылды

48 жастағы қызылордалық азамат қала орталығында орналасқан үйінің ауласын ірі көлемдегі есірткі алқабына айналдырған. ​ Облыстық Полиция департаментінің​ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің ауласынан әрқайсысы 3-4 метр биіктікке дейін өсіріліп, бапталған мың түптен аса сора өсімдігі анықталыпты.

​Мұнан бөлек, сора өсімдігін кептіріп, 2 қапқа және көлемі 5 литр болатын 5 дана пластикалық ыдысқа нығыздалып салынған есірткі затына ұқсас шөп ұнтақтары табылған. «Сараптаманың қорытындысына сәйкес, жалпы салмағы 320 келіден асатын 1089 түп сора өсімдігі және 4 келіден асатын марихуана есірткі затына жататыны бекітілген. Аталған азамат күдікті ретінде танылып, одан жауап алу барысында аса ірі көлемдегі есірткіні өзі тұтынатынын, арасында көлеңке жолмен қаражат табу мақсатында сататынын көрсетті» делінген Қызылорда облыстық Полиция департаментінің таратқан мәліметінде. https://youtu.be/7ih1IgSGw7s Қазіргі уақытта күдікті Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамаққа​ алынып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің​ 300-бабының 2-бөлігі (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) және 296-бабының 4-бөлігіне (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) сәйкес тергеп-тексеру амалдары басталған.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.