Сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы жағдай бойынша мәлімдеме жасады.
«Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың даму барысын мұқият қадағалап отыр. Аталған елдің тарихында тағы бір шешуші сәт келе жатыр. Көпжылдық жанжалды ауған халқы өзі шешуі керек. Қазақстан барлық тараптарды ішкі тұрақтандырудың басты алғышарты ретінде биліктің бейбіт транзитін қамтамасыз етуге шақырады. Біз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің инклюзивті және өкілдік үкімет құру, ұлттық азшылықтар мен әйелдердің құқықтарын құрметтеу, басқа мемлекеттерге қауіп төндіретін топтардың болуына жол бермеу, халықаралық құқықты сақтау туралы мәлімдемесін қолдаймыз», - делінген хабарламада.Сондай-ақ мәлімдемеде осы ережелерді орындау Ауғанстанның жаңа билігімен диалогты бастау үшін қажетті шарт болуы тиіс екені айтылған.