Еркін күрестен Азия чемпионы және әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Токио-2020 олимпиадасының қола жүлдегері Нұрислам Санаевпен сұхбат.
– Нұрислам мырза, Токио-2020 олимпиадасынан аман-сау елге оралуыңызбен! Бүгінде ауыр жүк арқаңыздан түсіп, бір жеңілдеп қалған боларсыз? – Құдайға шүкір, елге, ауыл-аймаққа аман-есен оралдық. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп отырған жайымыз бар. Бір қызығы, мен Күншығыс елінде жүлдегер болып, жеңіс тұғырында тұрғанымда ештеңе сезінбедім. Расымен де, бойымда баз бір сезім-түйсік болмады. Неге екенін өзім де білмеймін. Ал елге оралғанымда халықтың ыстық ықыласына қайран қалдым. Сонда өзгеше күй кештім. Қазақ халқына дән ризамын. Халқым мені мақтан еткені сияқты мен де халқыммен мақтанамын. Алғашында олимпиадаға аттанар алдында жұрттың қолдауы мен үлкен жауапкершілігін сезіндім. Қолымнан келгенше күресіп бақтым. Елімнің көк туы желбірегенін қаладым, сол үшін тер төгіп, бар күш-жігерімді сарп еттім. Бірақ, амал нешік, қола медаль бұйырған екен. Бұның өзі де бір жеңіс. Бұл жеңісімді де қазақ халқына және тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнаймын. – Өзіңіздің туып-өскен жеріңіз және спортқа алғаш келген кезіңіз туралы айтып берсеңіз. – Мен 1991 жылы Ресейдің Тыва республикасында Чадан деген ауылда дүниеге келдім. 4-сыныпта оқып жүргенде еркін күрес секциясына жазылып, Артур Делгер-оол деген бапкерден күрестің қыр-сырын үйрендім. Мектеп бітіргенше күреспен айналысып, сосын Красноряск қаласындағы Бувайсар, Адам Сайтиев секілді атақты палуандар тәлім алған Дмитрий Миндиашвилидің академиясына оқуға түстім. 2012 жылы И.Ярыгин атындағы халықаралық турнирде үшінші орын алып, Ресей құрама командасына қабылдандым. Менің бапкерім екі дүркін әлем чемпионы, Адам Сайтиев, Заур Батаев секілді палуандардың тәлімгері Виктор Алексеев болды. Құрамада бәсекелестік өте жоғары болатын. Менің салмағымда екі дүркін әлем чемпионы Виктор Лебедов пен Еуропа чемпионы Гаджимурад Рашидовтар бар. Ал менде тәжірибе болған жоқ. Сол кезде «30 жасыма дейін әлем чемпионатына қатыссам екен» деп армандайтынмын. 2014 жылы Мәскеу қаласында өткен Еуропа халықтарының кубогы жолындағы бәсекеде спорт жанашыры Еркін Ізбасаров ағаммен таныстым. Мен ол жарысқа көрермен ретінде барған едім. Ол кісі маған: «Қазақстан атынан әлем чемпионаты мен олимпиада ойындарына қатыса аласың ба?» – деді. «Әрине, егер қолдау мен мүмкіндік болса қатысамын», – дедім. Сөйтіп, Еркін ағамның қолдауымен Қазақстанға, оның ішінде Ақтөбеге келіп қалдым. – Қазақстанға келген кезде сізді қалай қарсы алды? – Өте жақсы қабылдады. Қазақстанға келгесін, ең бірінші рет ел біріншілігінде екінші орынға ие болып, ұлттық құрама сапына алындым. Сосын Ташкентте өткен әлем чемпионатында 61 келі салмақта өнер көрсетіп, қола жүлде үшін болған белдесуде ұтылдым. Бір жылдан кейін Лас-Вегаста өткен әлем біріншілігінде өз салмағымда, яғни 57 келіде белдесіп, тағы да қола жүлде үшін таласта жеңіліске ұшырадым. Дегенмен сол жолы Рио олимпиадасына жолдамаға қолым жеткенмен, онда да бағым жана қоймады. 2017 жылы Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізсем, 2018 жылы Азия чемпионы атандым. – Алдағы уақытта кезекті Париж-2024 олимпиадасына бару ойыңызда бар ма? – Иә, ол олимпиадаға да үш жыл уақыт қалды. Мен ешқандай шаршап-шалдығу, берілуді сезінбеймін. Париж олимпиадасына дейін бұдан да ширап, шыныға түсемін. Кезінде Рио-2016 олимпиадасында, өкінішке қарай, жеңіліс тапқанмын, ал биыл қола жүлдені иелендім. Осылайша тәжірибе жинап, сабақ алып келемін. Ендігі үміт – жеңіс төрінен табылу. Сол үшін үздіксіз еңбек ету қажет деп білемін. – Биылғы олимпиадада қолда тұрған алтынның сусып кеткені өкінішті болған шығар? – Мен бұл олимпиадаға өте жоғары деңгейдегі дайындықпен барған едім. Өкінішке қарай, бұйырғаны қола жүлде болды. Арманым Қазақ елінің Әнұранын шырқату болып еді. Дегенмен, бұйырса, алдағы уақытта сол арманыма жету үшін қолдан келгенін аянып қалмаймын. – ҚазҰУ-дың түлегі ретінде студент кездеріңіз туралы айтып берсеңіз. – Мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да екінші жоғары, «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алдым. Университеттегі жаттықтырушыларыма да аса зор алғысымды айтамын. Олар менің шыңдала түсуім үшін көптен-көп септігін тигізген өз ісінің хас шеберлері. Менің жеңісімді бағалап, қолдау көрсетіп жатқан барша ҚазҰУ ұжымына, Басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевқа алғысымды білдіремін. Бұл жеңіс – тек еліміздің ғана емес, университетіміздің де абырой-беделі. Мен ҚазҰУ-да білім алғаным үшін қуаныштымын. Осы университеттің түлегі екенімді мақтан тұтамын. Себебі ҚазҰУ Қазақстанда ғана емес, әлемдегі бірден-бір университеттердің қатарында. Бұл қарашаңырақтың жатақханасында отбасыммен тұрдым, суын ішіп, нанын жедім, сонда жаттықтым, оқыдым. Спортпен айналысып, білім алуым үшін барлық жағдай жасады. Сол үшін де жылы естеліктерімен есімде қалған университет мен үшін қымбат.Сұхбаттасқан Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ