Атырауда дәретханаға байланған мүгедек балаларға қатысты оқиғаға әкімдік түсінік берді
Атырауда дәретханаға байланған мүгедек балаларға қатысты оқиғаға әкімдік түсінік берді
©wikipedia.org

Атырауда дәретхананың жиегіне байланған мүгедек балалар туралы түсірілген видео жұртты дүрліктірді. Осы жағдайға қатысты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы түсінік берді.

Басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлеғариеваның айтуынша, бұл видео 2021 жылдың 8 сәуірінде түсірілген.

"Басқарма басшылығы аталған видеоға байланысты №3 облыстық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен жиын өткізіп, түсінік жұмыстарын жүргізді. Тиісті бақылау жүргізбеген орталық директорына "қатаң сөгіс" беріліп, тәртіптік жаза қолданылды", - деді Альфия Төлеғариева.

Маусым айында облыстық прокуратура орталықтағы балалардың құқықтарын қорғау заңдылығына кешенді тексеру жүргізген. Облыс әкімінің бірінші орынбасары мен ҮЕҰ өкілдері орталықтағы қызмет көрсету барысымен танысқан.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары мен кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия прокуратура, депутаттар, мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен көшпелі отырыс өткізген. Комиссия мүшелері орталықты аралап, балалардың жағдайымен, тамақтану жайымен жіті танысқан.
Альфия Төлеғариеваның айтуынша, орталықта мүлік ұрлығы орын алып, оған шаруашылық бикесінің қатысы бары анықталған.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шаруашылық бикесі істің мән-жайы анықталғанға дейін қызметтен уақытша шеттетілді. Қазір ол орталықтың қызметкері емес. Орталық ұжымы оның үстінен облыс прокурорының атына ұжымдық арыз жазды. Арызда оның қызметтік этиканы сақтамауы, ұрлыққа барғаны, жала жабу мен басқа да заңбұзушылықтар туралы айтылған. Қазір Атырау қалалық полиция басқармасы таралған бейнежазбаға қатысты тексеру жүргізуде", - дейді Альфия Төлеғариева.