Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Зәкария екінші қазақстандық вакцинаның жайы туралы айтты.
"Институт ғалымдары қолданыстағы QazVac вакцинасымен қатар екінші суббірлікті Qaz Covac P вакцинасын жасап шығарды. Екінші отандық вакцина алғашқы клиникалық сынақтан сәтті өтті. Бүгінгі күні екінші клиникалық сынақ жүргізілуде", - деді ол тамыз конференциясы барысында.
Оның айтуынша, қазақстандық ғалымдар коронавирусқа қарсы өзге де вакциналарды жасап жатыр.
Айта кетері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қарсы қазақстандық екінші вакцинаны үміткер ретінде 2020 жылдың тамызында тіркеді.