Халыққа тегін заңгерлік көмек берілмек

Халыққа тегін заңгерлік көмек берілмек

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі мен Заң консультанттарының республикалық алқасы арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Осының шеңберінде тегін заңгерлік көмек қосымшасы іске қосылады.

Меморандум мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығы деңгейі мен құқықтық көмекпен қамту деңгейін көтеру. Қазіргі кезде алқаға 3000-ға жуық заң консультанты кірді. Мұндай қосымшаның іске қосылуы, әсіресе әлеуметтік осал топтар мен ауыл тұрғындары үшін өте маңызды. Қосымша арқылы үйден шықпай-ақ тегін кешенді заңгерлік көмекті алуға болады.

– Бізді басты мақсатымыз – халықтың әлеуметтік осал топтары, басқа да азаматтарға құқықтық көмек көрсету. Әсіресе, мұқтаж топтар арасында құқықтық ағарту құқықтық мемлекетті нығайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз, –  деді Заң консультанттарының республикалық алқасы төрағасы Серік Ақылбай

«Әділдік жолы» РҚБ төрағасы Дидар Смағұловтың айтуынша, халықтың құқықтық сауаттылығы деңгейін арттыру - сыбайлас жемқорлықпен күрестің ең бір тиімді құралы.

«LawCenter» қосымшасы құқықтық көмекті одан әрі ауқымды түрде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Қосымшаны жүктеп алған әрбір қазақстандық өз сұрағын заң консультанттарына қоя алады», - деді ол.

Сондықтан «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі парақорлықтан таза мәдениет қалыптастыру үшін бірқатар жобаларды жүзеге асырмақ.