Өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, ауылдың алар орны ерекше. Бүгінде Ақтөбе облысы аумағында 315 ауыл орналасқан. Ауыл халқы 253 мың адам немесе өңір халқының 28%-ы. Ауылдардың дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Биыл облыста ауыл әкімдерін сайлау 35 ауылдық округте өтті. 84 елді мекенді қамтыды. Мұғалжар ауданы Қайыңды ауылдық округіне сайлаушылардың сенімінен шыққан жас Нұрболат Жалғас әкім болып келді.
Берекелі ауыл – табысты мемлекет!
Тұрғындардың басым көпшілігі дауыс беру нәтижесінде Қайыңды ауылдық округінің әкімі болып Нұрболат Жалғас сайланды. Жаңадан сайланған округ әкімін ауыл тұрғындарына аудан әкімі Асқар Шериязданов таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі. Нұрболат «Әкім болып сайлану үшін үміткердің жасы 25-ке толған, қабілетті, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сәйкес болуы тиіс. Сондай-ақ сотталмаған және сыбайлас жемқорлық қылмыс, құқықбұзушылық жасау дерегі болмауы керек» деген қағидаға сай болды. Өйткені оның жасы 30-да. Мемлекеттік қызметте еңбек өтілі бар. «Берекелі ауыл – табысты мемлекет!» дейді Нұрболат Жоламанұлы. Ол осы қағидатты тұмар етіп ұстайды. Өз ауылының болашағына сенімді. Ауылдықтар да оған арқа сүйейді.Осы ауылдың баласы...
Жалпы, Қайынды ауылдық округінде 1 225 адам тұрады. Нақтылап айтсақ, Қайыңды ауылында – 697, Алтынды ауылында 528 тұрғын бар. Ауылдың тұрғындары өз ауылының баласына дауыс берді. Олай деуге басты себеп, Нұрболат осы ауылдың топырағына аунап өсті. Балалығы да, жастық шағы да осы жерде өтті. Нұрболат Жалғас 1991 жылы Қайыңды ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетін тәмамдаған. Мемлекеттік қызметте 8 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келеді. Осы қызметке сайланғанға дейін Қайыңды ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы қызметін атқарды.Күшімді ауылға саламын...
– Елмен етене араласып жүргендіктен де, ауыл тұрғындарының күн сайынғы қиындықтарын бір кісідей білемін. Жолдардың нашарлығы, жарықтың әлсін-әлсін сөнуі, амбулаторияның, балабақшаның жағдайы бәрімізді де толғандырады. Сондықтан Алтынды ауылында амбулатория ашылуына ықпал етемін. 2023 жылы Алтынды ауылында мектеп ашылатын болады. 2024 жылға қарай Алтынды-Қайыңды бағытындағы 32 км электр желісін қайта жаңарту және кеңейтуге күшімді саламын, – дейді Нұрболат Жоламанұлы. Сонымен қатар жас әкім 2025 жылы Ембі-Алтынды 56,7 км автожолы, Алтынды-Қайыңды 35 км автожолын орташа жөндеуге ықпал етемін, 2024 жылы Қайыңды дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жүргізілетінін атап өтті. Ауылдың бюджеті шектеулі екенін түсінген әкім қосымша қаржыландыру көздерін табуға ниеттенген. Сол арқылы 2022 жылы «Шапағат» балабақшасына ыңғайлы ғимарат қарастыруға. 2024 жылы Алтынды ауылында заманауи жабдықталған спорт алаңын салуға күш салатынын жеткізді. Ауылдың болашағы үшін жұмыс істеймін деген жас әкім «Инвесторларды тарту және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты жандандыруға, кәсіпкерлік бастамаларды көтермелеуге, ауылда шағын және орта бизнесті дамытуға, ауылдық округ тұрғындарының салауатты өмір салты мен мәдени демалысын қолдауға өз үлесімді қосамын» дейді.Ә.БЕЛГІБАЙҰЛЫ