ҰБТ төңірегіндегі түсініспеушілік
ҰБТ төңірегіндегі түсініспеушілік
236
оқылды

Грант иегерлері тізімі жарияланғалы бері ҰБТ төңірегіндегі түсініспеушілік толастар емес. Бірі  жалған құжат жасатудың жырымен әлек болса, енді бірі «ақпарат ашық болған жоқ» деп уәж айтады.  Шығармашылық емтихан тапсыратындар үшін бө­лінетін грант саны жайлы мәлімет емтиханнан соң жа­рия­­ланғаны тағы бар. Бұл да ата-ана мен оқушы үшін қолай­сыздық тудырған.

­Жалған құжат жасаудың әлегі

Тамыз айының басында ел бо­йынша 19 талапкердің ҰБТ-дан жиған ұпайы жойылғаны туралы ақпарат тараған еді. Кейінірек елор­дада мектеп бітірген төрт түлектің орнына адам кіргізіп, ҰБТ тапсыруға тырысқаны белгілі болды. Жалған құжат жасатқан түлектердің аты-жөні белгісіз. БҒМ әуелден заңбұзушы­лыққа барған түлектердің аты-жөнін жарияла­майтынын хабарлаған. Дегенмен әлеуметтік желіде шоумен Тұр­сынбек Қабатовтың қызы Әдемі Аманғалидың тестілеуге орнына басқа адамды кіргізбек болғаны жазылып, жалған құжаттың суреті жарияланды. Осыдан кейін ел арасында дүрбелең туып, тараптар барынша ақталуға тырысып жатыр. Иә, 13 маусым күні Ұлттық бірың­ғай тестілеу орталығы поли­цияға ҰБТ кезінде заңбұзушылық болғаны жөнінде хабарлаған. Осылайша, тергеу барысында жалған жеке куәлігі бар түлектер анықталып, іс бойынша 22 жастағы күдікті на­зарға іліккен. Заңға сай, аталған факт негізінде ҚК-нің 385-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Байқағаныңыздай, тергеу ісі осыдан екі ай бұрын басталған. Сол үшін жұрт әзілкештің Instagram парақшасында жарияланған ви­деодағы эмоциясына күмәнмен қарайды. Бірі оны қолдап жатса, екіншісі істің соңына дейін жетіп, кінәлілер жазасын алғанын қа­лайды. Өйткені көпшілік бұл істе бір ғана айтыпты жазаланатынына наразылық танытып жатыр. Журналист Гүлбану Әбенова да БАҚ-қа берген сұхбатында «ата-аналар да жауапқа тартылуы тиіс» деп кесіп айтқан. Сондай-ақ Дидар Смағұлов та сұхбатының бірінде «Биыл тестілеуге 18 адам заңсыз кіргісі келген. Түркістан мен Алматы облыстары және Көкшетау қаласында сынаққа бөтен адамды кіргізу фактісі тіркелген. Бірақ осы күнге дейін бірде-бір іс аяғына дейін жеткен жоқ. Біз полицияға хабарласып, ақпарат бергенімізбен, «мынадай нәти­жеге жеттік» деп айта алмаймын» деген екен. Сонда елімізде полиция құзыреті әлсіз бе, әлде тестілеушілердің артында тұрған «қорған» мықты болып тұр ма? ҰБТ «Бұдан 2-3 жыл бұрын тестілеуді то­лық телефон арқылы тапсырғандарды көз көрді. Бұдан да басқа құйтұрқылыққа барғандар болды. Бірақ кейінгі 1-2 жылда Дидар Нұркенұлының бас­тамасымен ҰБТ-дағы заңбұзушылықтарға тосқауыл қойылып келеді. Ал соңғы жағдай алаяқ­тардың әлі де барын көрсетеді. Сондықтан бұ­ларға қатаң жаза қолданып, кейінгілерге сабақ болға­ны дұрыс деп ойлаймын. Жалған құжат жасаған, орнына кірген, орнына кіргізген, соны ұйымдас­тырған адамдардың бәрі жазаға тар­ты­луы ке­рек», – дейді ұстаз Аятжан Ахметжанұлы.

Грант тізімінде 140 балл жиғандар неге көп?

Жалған құжат жасау фактісінен кейін ел назарына ілікке жайт – грант тізіміндегі 140 ұпай жинағандардың көптігі. Әуелде ақпарат көздерінде Павлодар түлегі Данияр Уәлиевтің 140 балл жинағаны туралы мәлімет жарияланды. Одан бөлек, 1 923 түлектің 120 балдан жоғары жиғаны бар. Бірақ грант иегерлерінің тізімінде 140 балл самсап тұр. Мәселен, бір ғана «Стоматология» бойынша 10 талапкер 140 ұпаймен грантқа іліксе, «Ақпараттық технологиялар» бойынша 52 талапкердің аты-жөнінің тұсында 140 балл көрсе­тіл­ген. Осыдан кейін ата-аналар әлеуметтік желіде аталған жағдайды түсіндіріп беретін жауаптыны іздеп шарқ ұрды. «ҰБТ қорытындысы бойынша бас­пасөзде, әлеуметтік желіде тек бір бала­ның ең жоғары ұпай алғаны, бес түлектің 139 балл алғаны туралы ашық ақпарат тарады. Осыдан кейін бәріміз қамдана бастадық. Мысалы, түлек ҰБТ-дан 138 балл алды делік, арманы – тіс дәрігері болу. Артынша осы жаңалықты көреді де, ойланбастан «Стомато­логияға» құжат тапсырады. Бірақ нәтижесі шыққанда абдырап қалары анық. Өйткені оның алдында 140 балл жиған 10 бала, кейінірек 139 балл алғандар орнығады. Ал сыны­бында 51 балмен грантқа түскендер бар болса, күйінері анық. Білетіндер SAT сияқты емтихан ұпайларын ҰБТ балына ауыстыруға боларын айтады. Бірақ биыл қанша түлектің осындай емтихан балын ауыстырғаны туралы дерек жарияланбады. Неліктен жауапты тұлғалар ертерек ақпарат жарияламайды?» – дейді ата-ана Бауыржан Өзім. Расымен, SAT, ACT, IB cияқты халық­аралық емтихан нәтижесін ҰБТ ұпайына ауыстырған талапкерлердің тізімін біз де іздедік. Бірақ не Білім министрлігінің, не Ұлттық тестілеу орталығы парақшасынан таппадық. Кейіннен жауапты органға сұрау салдық. Алайда ҰТО-дан нақты жауап келген жоқ. Жалпы, 2020 жылдан бері халықаралық емтихан балын ҰБТ нәтижесіне ауыстыру күшіне енген. Шкала бойынша балыңыз сәйкес болса, IELTS 6 балды, ағылшын тілінен 45 балл жинасаңыз, 140 балл сіздікі. Қош, шалғайда тұратын ауыл баласы мен ата-аналардың аталған парақшаларды бақыламайтыны бар. Алайда жауапкер­шілік жүктелген соң ізденудің керегі айтпаса да түсінікті. Сондықтан ата-аналар мен талапкерлерге халықаралық емтихан нәти­желері ескерілетінін ұмытпауды ұсынамыз. Бұдан бөлек, ата-аналар шығарма­шы­лық емтихан тапсыратын мамандықтарға қанша грант бөлінгені туралы ақпараттың кеш жарияланғаны туралы айтып жүр. Мәселен, Тамаша Мұратбаева қызының «Серпін» бағдарламасы бойынша «Дене тәрбиесі мұғалімін даярлау» мамандығына шығармашылық емтихан тапсырғанын айтады. Талапкер емтихан тапсыру үшін Қызылордадан Петропавлдағы универ­ситетке барған. Шығар­машылық емти­хан­нан 90 ұпай, ҰБТ-дан 31 балл алып, барлығы 121 балмен грантқа іліге алмаған. «Жоғары оқу орындарында гранттар бөлінісі шығармашылық емтиханнан кейін бөлінді. Ме­ніңше, оқу орындарында бөлінген гранттар бө­лінісі туралы ақпарат шығармашылық емтиханға дейін жариялануы керек», – дейді ол. Иә, ҰБТ-ға қатысты сын-ескертпе, түсініс­пеушілік көп. Арасында грант тізіміндегі «ҰОС ардагерлері мен мүге­дек­теріне теңестірілген аза­маттар» қата­рын түсінбей жатқандар бар. БҒМ-ның жауабына сай, бұл ҰОС ардагерлерінің балалары, Ауғанстанда соғысқа қатыс­қандардың ұрпақтарына қатысты. Оған қоса, бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан әскери қыз­метшілердің отбасы мүшелері де аталған категорияға теңестіріледі. Осылайша, әлеуметтік желіде жиі талқыға түскен сұрақтарға барынша жауап іздедік. Ата-аналар мен талап­керлер өзіне керегін түртіп алса құба-құп.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ