Асырап алған балаға қорлық көрсетпе!
Асырап алған балаға қорлық көрсетпе!
© sputnik.kz
231
оқылды

Алматы облысының тұрғыны 9 жасар баланы қинап, кірпіш көтерткені туралы видео тарады. Бейнежазбадан баланы қинап, қорлап жатқанын анық көруге болады. Оқиға Алматы облысы Сарқанд қаласындағы жекеменшік үйлердің бірінде болған. Бұл туралы полиция бөлімі де хабардар.

Осыған байланысты дерек Қылмыстық кодекстің 110-ба­бын­дағы 2-бөлігі бойынша («Кө­рі­неу кәмелетке толмаған адамды қинау») сотқа дейінгі бірыңғай тергеулер реестрінде тіркелген. Сот­қа дейінгі тергеу барысында 9 жастағы баланы асырап алғаны анықталған. Одан басқа 7 және 14 жастағы бауырла­рын да 2020 жылы асы­рап алған екен. Тергеу барысында 9 жастағы жасөспірімді асырап алған ата-анасының 17 жастағы баласы қинағанын айтқан. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалған. «Сонымен қатар қамқоршыларға қатысты материалдар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға бе­рілді. 2021 жылғы 17 тамызда ко­­миссияның отырысы өтті. Оның шешімі бойынша ерлі-за­йыпты қамқорлық құқығынан айы­рылды және үш бала кә­ме­летке толмағандарды бейімдеу орталығына берілді. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, тиісті сарап­та­малар тағайындалды» делінген ПД хабарламасында. Тергеу ба­рысын Алматы облыстық ПД басшылығы бақылауға алғаны айтылады.

Бала неге кері қайтады?

Қош делік. Бала асыранды бол­ғаны үшін жазықты ма? «Қи­нап, қорлық көрсету үшін ғана асырап алғаны ма?» деген ой келеді осындайда. Баланың кінәсі неде? Асырап алған баласын қи­нау, не болмаса қайта бейімдеу орталығына қайтару бірінші рет болып отырған жоқ. Бұған дейін де қаншама бала осылайша кері қайтты екен? Жыл сайын асырап алған ба­лалардың шамамен 20 пайызы патронаттық ата-анамен келіс­пеу­шілігіне байланысты балалар үйіне кері қайтарылады. Баланың қиындыққа толы өткен өмірі оған әсер етіп қана қоймай, жаңа отба­сына бейімделуге кедергі келті­ретіні бар. Оған қосымша қинап, күш көрсету – тіптен психикасына теріс әсер етеді. Кейбір ата-ана асырап алған баласының қиын мінезіне шыдамай, кері қайтарып жатады. Бұл да кәмелетке толма­ған баланың психологиясын одан әрі жарақаттайды. Мәселен, Қостанай облы­сын­да апалы-сіңлілі екі қыз 10 жылда жеті мекеме мен екі отбасын ауыс­тырған. Шымкентте 17 жасар жасөспірімді қайтарған. Ал оны отбасы 1,5 жасар кезінде асырап алған екен. Ал Алматы облысында әйел алты жасар баланы асырап алады. Бала ақша ұрлайды, өтірік айтады, мектепке бармайды деген шағымдар түсті. Әйелге тұрақты түрде кеңес беріп отырған. Бірақ бәрібір бала ақырында балалар үйіне қайта келген. бала Психологтердің айтуынша, бала асырап алғысы келетін әрбір ата-ана мінсіз баланы кү­теді. Бірақ ондай бала бол­май­ды. Кез келген бала ең алдымен ата-анасы, отбасының бар бол­ғанын қалайды. Ішінен «мен жал­ғыз­бын, көмектесіңіздер, жалғыз болғым келмейді» деп дабыл қағады. «Көмектес, маған сенім арт. Са­ған керек екенімді дә­лел­де. Мен саған ештеңе бере алмай­мын. Сен көргің келетін адам бола алмай­мын. Қалай бармын, солай мені жақсы көр», – дейді. Асырап ала­тын ата-аналар мек­тебінде осын­дай жан жарақа­тымен күресуге болатын нақты әдістерді үйретеді. «Қазақстан балалары» статис­тикалық жинағында балалар үйі­не қайтарылғандар туралы дерек­тер берілген. Атап айтқанда, 2015 жылы – 246, 2016 жылы – 195, 2017 жылы – 109, 2018 жылы – 199, 2019 жылы 183 бала жаңа отбасына «судай сіңіп, тастай ба­та» алмаған. Соған байланысты балалар үйіне қайтарылған. Қа­зақ­станның балалар құқығы жө­ніндегі омбудсмені Аружан Саин­ның айтуынша, балалардың қайтарылуына асырап алушы­лардың психологиялық дайын­дығының жеткіліксіздігі себеп болады екен. «Кейбірі «асырап алғаныма рақмет айтуы керек» деп ойлап, бала тәртіпті болатын шығар деген ойда болады. Сат­қын­дықты не жақындарынан айырылу сияқты қайғыны басы­нан өткерген балаға ерекше күтім керек. Оларға түсіністік таныт­паса болмайды. Сондықтан ере­сектер баланың жай-күйіне үңі­ліп, неге өзін олай ұстайтынын түсініп, отбасына бейімделу жо­лындағы қиындықтарды еңсе­ретін жол табуға тиіс», – дейді омбудсмен. Ал біз мұндай қам­қор­лық көрсете аламыз ба?

Асырап алған балаға қандай қамқорлық қажет?

2020 жылдың шілдесінде қа­зақстандық отбасыларға жетім балаларды орналастыруға көмек беретін Бала асырап алу ұлттық агенттігі мемлекеттік аккреди­та­ция алған болатын. Тіпті, ке­зінде «мұндай ұйым қажет пе, жоқ па?» деген мәселе Парламентке дейін жеткен еді. Қызу талқыға түскен. Ақырында «керек» деген шешімге тоқтаған. Бұл агенттіктің басты мақсаты – балалар үйінің санын қысқарту. Әрі олар психологиялық соққы болмау үшін ата-аналарды да, баланы да дайындайды.

Психологтердің айтуынша, бала асырап алғысы келетін әрбір ата-ана мінсіз баланы күтеді. Бірақ ондай бала болмайды. Кез келген бала ең алдымен ата-анасы, отбасының бар болғанын қалайды. Ішінен «мен жалғызбын, көмектесіңіздер, жалғыз болғым келмейді» деп дабыл қағады.

«Кері қайтару процесін азайту үшін ересектер асырап алушы ата-аналар мектебінен сапалы өтуі ке­­рек. Себебі бұл жерде ба­ланы қа­­былдау, оның өткен өмірі, қан­дай қиындық көргені жайлы ақ­па­рат айтылады. 3-4 жылдан бері бала асырап алуға ниеттеніп, құл­шынып келгендердің өзі он­дай мә­лімет­терді бұрын-соңды білме­генін ай­тып жатады. Алды­мен ата-аналар психологиялық диаг­ностикадан өтеді. Сөйтіп, баланы асырап алудың негізгі мотиві анық­талады. Яғни, баласы жоқ от­басылар шаңырағы шай­қалма­сын деп жалғызбасты әйел­дер жанына біреу керек болып, кө­мек­ші бол­сын деп алғысы келеді», – дейді Бала асырап алу ұлттық агент­ті­гінің психологі Ай­нұр Қарабаева. Кез келген психолог баланың толыққанды отбасында өскенін қалайды. Мұның бәрі балалар үйінің нашарлығынан емес, бар­лық дүние атомосфераға байла­нысты. Қанша жерден әдемі бе­зендірілген, қарны тоқ, көйлегі көк болса да, балалар үйі отба­сының, ата-ананың орнын алмас­тыра алмасы белгілі. Соңғы жыл­дары балалар үйінің азайып келе жатқанын, келешекте мұндай үйлердің болмайтынын айтып қуансақ та, балалардың жаңа отбасынан қысым көрмеуін де ескерген жөн секілді. Қаршадай балаға кірпіш көтертіп, ауыр жұ­мысқа жегіп жатсақ, оның толық­қанды отбасында өскенінен пай­да бар ма? Балалар үйінен кетіп, «енді менің отбасым бар» деп, ба­қытқа қол жеткізгенінде, қайта кері қайтару – баланың психо­логиясына екі есе ауыр соққы. Қалай десек те, бала құқын қорғау бірінші орында тұруы тиіс. «Сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралғанын» ұмытпасақ екен. Сол себепті де, асырап алған ба­лаңа қорлық көрсетпе, қамқор бол!

Айым БЕКТҰР