Ауғанстан қазақтары елге орала ма?
Ауғанстан қазақтары елге орала ма?
291
оқылды

Ауғанстандағы саяси ахуал бү­гін­де әлем назарын аударып отыр. Ал қазақстандықтар «Тали­бан» қозға­лысы күштерінің Орталық Азияға бет бұруынан қауіптенумен қатар, атал­ған елдегі қазақ диас­порасы өкіл­дері­нің тағдырына да алаңдайды. Интер­нетте Ауған­стан­дағы қазақтар­дың саны жө­нін­де түрлі қауесет те көп тарап жа­тыр.

Сәрсенбі күні Алматы әуежайына Ауғанстаннан Қазақстан Қарулы Күштерінің С295 «Геркулес» ұшағы қонды. Ұшақта 42 адам болған. Олардың 25-і қазақстандықтар болса, бір ресейлік, бір литвалық және Қырғыз елінің 14 азаматы болыпты. Сыртқы істер министрлігі Кабулдан жеткен ұшақ бортында елшілік мамандары да болғанын хабарлады. Сөйтіп, Қазақстан билігі қарулы топтың қолына өткен Ауғанстаннан азаматтарды эвакуациялауды сәтті жүзеге асырды. Дегенмен «Ауғанстан қазақтары ше?» деген сауалдың көкейде қалғаны жасырын емес.

АУҒАНСТАНДА ҚАНША ҚАЗАҚ БАР?

Ақпарат құралдарының мәліметтеріне қарағанда, соңғы кездері Қазақстан билігіне Ауғанстанда тұратын қазақтардан атажұртқа көшіріп алу жайлы көптеген өтініш түсіпті. Олардың бірқатары әлеуметтік желіде де тарап жатыр. Тіпті, масс-медиаға сұхбат берген қазақтар да бар. Ал бейбіт БАҚ Ауғанстанда 45-50 мыңдай қазақ болуы мүмкін екенін айтты. Онда да ресми деректерге емес, кейбір сарапшылардың пікіріне сүйене отырып, осындай мәлімет таратты. Алайда Сыртқы істер министрлігі қазір Ауғанстанда қазақ жоқтың қасы екенін айтады. Қазақ дипломаттары аталған елде 15 отбасы немесе 200-ге жуық қазақ бар екенін алға тартты. Ендеше 45-50 мың деген мәлімет қайдан шықты, соған үңіліп көрейік. Негізі, әлемдегі қазақтардың жалпы саны жайлы толық статистика жоқ. Әртүрлі деректер айтылады. Сондықтан Ауғанстан қазақтарының санын да нақты білу қиын. Әр жылдары әртүрлі мәліметтер тарайтын. Мәселен, түркиялық тарихшы Әбдуақаб Қара 2012 жылы Ауғанстанда небәрі 300 отбасы қалғанын жазған еді. Дегенмен ХХ ғасырдың соңғы жылдарында елде 30 мыңға жуық болғанын атап өткен. «Олар елге КСРО әскері кірген соң Иран, Түркия тәрізді елдерге көшіп кеткенін айтқан еді», – дейді ғалым. Сөйтіп, Ауғанстандағы қазақтардың санаулы екеніне тоқталған. Алайда отандық масс-медиада 2018 жылы жарық көрген бір мақалада Ауғанстанда 45 мың қазақ қалғаны жайлы дерек келтірілді. Мақалада бұл деректің Түркия үкіметінен алынғаны көрсетілген. Бірақ ешқандай сілтеме жоқ. Біз де Түркия дерек қорларынан іздегенімізбен, әлемдегі қазақтың есеп-қисабын жасаған құжат таба алмадық. Тек Стамбұл университетінде 2012 жылы «Шетелдегі қазақтарды Қазақстанға қайта қоныс аударту саясаты және оның қазақ ұлтшылдығындағы рөлі» атты ғылыми еңбек қорғалған. Авторы – Жансая Бекмырзаева деген зерттеуші. Сол еңбекте Ауғанстанда 30 мың қазақ бар екені айтылған. Біздің пайымдауымызша, зерттеуші өткен ғасырдың 90-жылдарындағы деректерге сүйенген болуы мүмкін. Ал осы еңбектегі мәліметтерді кейін масс-медиа 45 мың деп көрсете бастағанға ұқсайды. Осылайша, СІМ мәліметтері мен бейресми деректердің арасында қайшылық пайда болды. Біз Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігіне жүгінген азаматтардың уәждеріне сүйене отырып жасалған мәліметтер шындыққа жақын-ау деп болжаймыз. СІМ таратқан 15 отбасы немесе 200-дей адам дейтін ақпаратта көрсетілген мәліметтен тым көп бола қоймайтын тәрізді. Әрі кетсе, 1 000-дай қазақ болуы мүмкін. Дегенмен қоғам белсендісі Ауыт Мұқибек Ауғанстандағы қазақтардың санын анықтау емес, оларды аталған елден шығарып алу маңызды деп санайды. Ал Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ақпарат таратуда абай болу қажет екенін, дипломаттар ол жақтағы этникалық қазақтардың санын анықтауға барын салып жатқанын айтты. «Кейбір БАҚ Ауғанстанда бірнеше мың этникалық қазақ тұратыны туралы тексерілмеген ақпарат таратты. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Осыған байланысты ақпаратты мұқият тексеріп, қажетсіз дүрліктірмеуді сұраймыз. Біз тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз және Ауғанстандағы қазақтармен тұрақты байланыстамыз. Соңғы күндері Қазақстан елшілігіне келіп өзін «қазақпыз» деп таныстыратын түрлі топ көбейіп кетті. Бірақ іс жүзінде олардың ешқандай дәлелі жоқ. Кейбірі қазақ тілін білмейді. Сондай-ақ ата-бабаларының Ауғанстан ауданына қоныс аудару тарихы мен ру, тайпалық байланыстары туралы айта алмайды. Біз этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралу туралы өтінішіне мұқият тексеру жүргіземіз», – дейді ресми өкіл.

ҚАНДАСТАРДЫ КӨШІРІП АЛУ НЕ ҮШІН МАҢЫЗДЫ?

Негізі, Ауғанстандағы қазақтарды атажұртқа көшіріп алудың бірқатар саяси астары бар. Бірінші кезекте мұндай шара қандастардың бас амандығы үшін керек болса, екіншіден, еліміздегі мемлекет құраушы ұлттың мүддесіне қызмет етеді. Мейлі 200, тіпті 1 000 адам болса да, қазақ болғаны үшін мемлекеттің қолдау білдіргенін қоғам қалап тұрады. Мәселен, 2016 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында сел жүріп, қандастарымыз қиналған кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Моңғолияға 200 мың доллар гуманитарлық көмек көрсетуді тапсырған болатын. Содан соң сол кездегі Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Баян-Өлгейге барған. Одан бөлек, әлеуметтік желілерде белсенді азаматтар қайырымдылық үшін қаржы жинаған. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен арнайы көмек те жеткізілген. Сол кезде халықтың шетелдегі қандастарға қол ұшын созуға ықыласты екені байқалған. Біздіңше мұндай шаралар биліктің ұлтты ұйыстыра түсуіне қызмет етеді. Бәлкім содан да шығар, Президент Қ.Тоқаевтың Сыртқы істер министрлігіне Ауғанстандағы қазақтарды көшіріп алу мәселесін қарастыруды тапсыруын қоғам жақсы қабылдаған сыңайлы. Бұл өз кезегінде этникалық көші-қонға да әсерін тигізуі мүмкін. Шетелдегі қазақ диаспораларының Қазақстан билігіне сенімі артып, атажұртқа оралу үрдісіне ықпал етуі ғажап емес. Әрине, бұл біздің болжамымыз ғана, әйтпесе «үйдегі ойды базардағы сауда бұзатын» кездер жиі болып тұрады. Ауғанстан Айтпақшы, Ауғанстандағы қазақтарды көшіріп алуда сақтық қажет. Бірінші кезекте «Талибан» билігімен байланыс орнату, елдің түкпір-түкпіріндегі қандастарды алып шығуды ұйымдастыру үшін келісім алу тәрізді мәселе бар. Бұл елімізде террористік ұйым деп танылған «Талибанды» мойындағанмен бірдей болып көрінуі мүмкін. Мұндай жағдайда ел ішіндегі радикалды идеяға жақтас топтардың «мәртебесі өседі». Сондықтан «Талибанмен» тәуір қатынасы бар үшінші жаққа өтініш айтуға мәжбүр боламыз. Қатар, Пәкістан немесе АҚШ қатарлы елдердің дипломатиялық арналарын пайдалану қажет болады. Өйткені қазақ дипломаттарының «Талибан» өкілдерімен тікелей байланысқа түсуі ел беделіне нұсқан келтіретін қадам. Ал әзірге Ауғанстанды билікке келген «Талибанды» ресми түрде лигитимді күш ретінде ешкім мойындаған жоқ. Екіншіден, ата-жұртқа келгісі келетін азаматтар қазақ болғанның өзінде олар ресми түрде Ауғанстан азаматтары. Сондықтан Ауғанстан қазақтарын елге алып келу үшін босқын ретінде қарау амалы ғана қалады. Оларды босқын ретінде қабылдайтын болсақ, АҚШ бастаған ірі елдер өзге босқындарды да кіргізу талабын қоюы ғажап емес. Демек, дипломаттар «екі шоқып, бір қарауға» мәжбүр. Бәлкім, дипломаттар барын сала жүріп бір амалын табар, кім білсін?! Тіпті, оған ел басшысының кәнігі дипломат екені де әсер ететін шығар. Қалай болғанда да Ауғанстан қазақтарының тағдырына Қазақстан бейжай қарамайтынын байқатты. Немқұрайды болса қай тер едік?!

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Ислам ЖЕМЕНЕЙ, филология ғылымдарының докторы,  шығыстанушы:

АУҒАНСТАНДАҒЫ БАУЫРЛАРЫМЫЗДЫҢ СОҢҒЫ АДАМЫНА ДЕЙІН КЕЛГЕНІН ТІЛЕЙМІН

– Соңғы хабарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауғанстанның қазіргі саяси дағдарысына байланысты сонда қалған қазақ қандастарымызды елге алып келу жөніндегі бұйрықты тапсырмасын ерекше қуанышпен қабыл алдым. 1979 жылдан бері қазақ диаспорасын зерттеуші ретінде Президентіміздің бұл іс-әрекетін қазақ елінің 30 жылдық Тәуелсіздік мейрамы тұсында қазақ үшін жасаған үлкен моральдық сыйы деп білемін. Осы орайда тілегім Ауғанстандағы қандастарымыздың соңғы адамына дейін елге алып келуді қадағалап, орындалуын тілеймін. Өйткені әр қазақ азаматы қай елде болмасын халқымыз үшін баға жетпес құндылық. Осыған орай Президентімізге, осы игілікті іске атсалысқан барлық шенеуніктер мен азаматтарға алғыс айту борышым. Ауғанстаннан елге оралатын ағайын-қандастарымыздың қадамы құт болсын! Жанат МОМЫНҚҰЛОВ, шығыстанушы:

ОЛАРДЫ КӨШІРІП ӘКЕЛУ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА БОЛУЫ КЕРЕК

– Алдымен, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері ауғанстандық қазақтарды тарихи Отанына қайтуға шақырған. СІМ мәліметі бойынша, ол жақта 200 шақты қазақ бар, одан көп болуы да мүмкін. Олар өткен ғасырдың басында коммунистік режимнен қашқандардың ұрпағы. Негізі, саны аз болғандықтан, тілі өзбектеніп немесе парсыланып кеткендер бар. Ауғанстанда билікке келген «тәліптердің» озбырлығынан қорқып, әртүрлі ресми, бейресми арналар арқылы Қазақстан билігінен Ауған жерінен шығуға көмек сұрап жатыр. Сол қандастардың өтінішіне Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мән беріп, олардың аман-есен елге қайтуын қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді. Әрине, олар белгілі заңдық, қауіпсіздік елегінен өткен соң ғана елімізге енуіне рұқсат берілуі тиіс. Онымен елшілік жанындағы арнайы комиссия айналысады. Меніңше, егер Қазақстанға келемін деген қазақтар болса, өзінің қазақ екенін немесе елімізге қатысы барын дәлелдеуі шарт. Халықаралық құқық бойынша өз қауіпсіздігі үшін алаңдайтын әрбір азамат өз елінде қауіп, болмаса қысым көрсе басқа кез келген елден пана сұрауға құқылы. Ал бұл жерде әңгіме қазақтар туралы болғандықтан және Қазақстан ауған еліне көптеген көмек көрсетіп келгендіктен, бейбіт саясат ұстанғандықтан заң мен қауіпсіздік талабын сақтай отырып, этникалық қазақтарды қабылдағаны дұрыс символикалық қадам деп ойлаймын. Өз қандастарына қолдау көрсету ел ішінде және сыртта да бағаланып, мемлекетімізге деген сенімді және ел беделін арттырады. Олармен бірге елімізге кіріп кетуі мүмкін жат элементтерді болдырмау үшін қатаң талаппен тексеріп, келген соң арнайы ортаға орналастырып, жіті бақылау керек шығар.

Амангелді ҚҰРМЕТ