Башқортстаннан олжалы оралды
Башқортстаннан олжалы оралды
221
оқылды

Ресейдің Башқортстан Республикасының астанасы Уфа қаласында жасөспірімдер мен жастар арасында грэпплинг UWW күресінен өткен әлем біріншілігінде Қазақстан намысын қорғаған жетісулық жастар мен жасөспірімдер толайым табысқа жетті. Дүниежүзінің үздіктері жиналған байрақты бәсекеде облысымыздың 13 спортшысы сынға түсіп, 5 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль жеңіп алып, туған жерге мерейлері тасып оралды.

Нұрбек Мырзалинов, Дарын Кенжебай, Артем Хван, Ботакөз Елдосқызы мен Ескендір Юлдашев сынды мықтылар алтыннан алқа тақса, Зуляр Шарафудинов, Диас Анвар және Данагүл Талғат қызы күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал Анаят Сыдыков, Анар Ақан, Нұрайым Мұңайтпас, Дильназ Үсенова қола жүлдені қанжығаларына байлады. Жас спортшылардың жарқын жетістігі желпіндірген жетісулықтар жеңімпаздарды Алматыдан облыс орталығына кіреберісте, күрежолдың бойына орналасқан «Жастар» спорт сарайының алдында құрмет пен қарсы алып, әлемдік доданың дүлделерін алқалады. «Сіздер бүгінгі күннің батырларысыздар, ел мақтанышысыздар! Бақ пен бап қатар сыналған сындарлы шақта жігерлік танытып, жеңістің жалауын желбіреткен спортшыларды шын жүректен құттықтаймын! Алдағы жарыстарыңа да жеңіс тілеймін!» – деген Алматы облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Алмат Үшкемпіров жиналған жұрт алдында Уфадан жеңіспен оралғандарды жерлестері атынан құттықтады. Жиналған жұртшылық жеңімпаздардың құшағын гүлге толтырып, ізгі тілектерін білдірді. Команданы Башқортстанға бастап барған бапкер Айдос Мұсабаев: «13 спортшымның 12-сі жүлде алды. Кадеттер арасында Дарын Кенжебай чемпион атанды. Ол 2019 жылы Бакуде балалар арасында өткен әлем біріншілігінде де жеңіске жеткен. Ал төрт қызымыз күміс және қола жүлдені еншіледі. Жастар арасында Ботакөз Елдосқызы екі дүркін әлем чемпионы атанды. Нұрбек Мырзалинов деген спортшым жастар арасындағы жарыста топ жарды. Алдағы жоспарымыз бұдан да биік межені бағындыру», – деп шәкірттерінің өнеріне жоғары баға берді. Енді, оларды қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін әлем біріншілігі күтіп тұр.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы