Қазақстандық миллиардер Тимур Турлов кім?
Қазақстандық миллиардер Тимур Турлов кім?
Фото: Максим Шеметов / Reuters / Newscom / Forbes
505
оқылды
Қазақстанның ең бай 50 адамы қатарындағы Тимур Турлов 33 жаста. Ол — компаниясын халықаралық қор биржасына шығарған ТМД-лық алғашқы брокер. Қор нарығындағы инвестициялар саласына деген қызығушылық мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде оянады. 2003 жылы World Capital Investments америкалық инвестициялық компаниясының Мәскеудегі филиалында трейдер болып жұмыс істейді. 2008 жылы "Фридом Финанс" атты инвестициялық компаниясын құрады. Компаниясының негізгі қызметі — АҚШ-тың ірі қор биржаларындағы сауда-саттыққа қол жалғау, яғни Apple, Google, IBM, Facebook және т.б. алпауыттардың акцияларына жол ашады. Ал инвестициялық холдингінің акциясын сатып алушылардың қатарында BlackRock, Goldman Sachs, Bank of America, Fidelity Investments, Renaissance Technologies сияқты компаниялар бар.  [caption id="attachment_157042" align="alignnone" width="800"] width= ©️Freedom[/caption]

Forbes миллиардерлері рейтингінде 

Тимур Турлов — АҚШ пен Қазақстанда тіркелген инвестициялық топтың негізгі иесі. Бүгінде ол Қазақстанның атын жер жаһанға мәшһүр етіп жатыр. Себебі құнды қағаздар нарығына алғашында миллионер болып енген компаниясы бір жылға жетер-жетпес уақытта капиталын миллиардтық көрсеткішке жеткізді. Сөйтіп, Forbes басылымы жария еткен миллиардерлер тізімінде 1517-орыннан көрінді. Жалпы дүниежүзінде қаржы-қаражат көрсеткіші тоғыз нөлден тұратын 2755 азамат бар екен. Америкалық құнды қағаздар нарығында ірі ойыншылардың біріне айналмас бұрын Тимур Турловтың инвестициялық компаниясы NASDAQ Capital Market-ке шығады. 2019 жылдың қазан айында Freedom Holding Corp. акциясының құны $14,2, ал нарықтық капитализациясы $800 млн болатын. Ал қазіргі таңда, яғни осы мақала жарияланған күні, бұл көрсеткіш 4,2 есе артқан. Демек, бір акцияның құны $60,91, ал нарықтық капитализациясы $3,62 млрд құрап отыр. Бір қызығы, инвестициялық компания өнім өндірмейді, мұхиттың арғы бетінен бергі бетіне тауар тасымалдамайды. Әйтсе де қалайша осыншама байлыққа кенеле қалды?  [caption id="attachment_157038" align="alignnone" width="480"] width= Forbes Kazakhstan[/caption]

Коронавирус дәуірінің миллиардері

Былтыр тілсіз жау жағадан алғанда бизнестің бір түрі сұраныстың азаюынан жабылса, енді бірі керісінше гүлдене түсті. Тимур Турловтың да бизнесі, міне, сол коронавирустың арқасында көркейіп, Forbes тізімінен бір-ақ шықты. Оның құнды қағаздар саудасымен айналысатын компаниясының табысы пандемия кезінде еселеп артты. "Өйткені әп-сәтте қашықтан жұмыс істеу режиміне өткен адамдар онлайн өмірге жылдам бейімделді. Сосын көп ұзамай биржалық сауда мен құнды қағаздарға деген қызығушылық артты. Осылайша олар жиған-терген қаражатының бос жатпай, өзіне тиімді жұмыс істей алатын амал-тәсілдермен таныс болды", – дейді долларлық миллиардер Тимур Турлов Bloomberg-ке берген сұхбатында. [caption id="attachment_157039" align="alignnone" width="680"] width= Тимур Турлов серіктестерімен бірге Нью-Йорктегі NASDAQ қор биржасында[/caption]

Америкалық нарықтан бір-ақ шыққан

Құнды қағаздарды сату мен сатып алу қызметін ұсынатын компаниялар бүгінде көп-ақ. ТМД елдерінің арасында брокерлік сала әсіресе Ресейде қарыштап дамыған. Алайда олар тек ішкі нарықпен, яғни Ресей және ТМД нарығымен ғана шектеледі. Себебі ресейлік инвестициялық компаниялар экспансия мен санкциялардың кесірінен Батыс нарығын игере алмай отыр. Ал Тимур Турлов құрған компания америкалық нарыққа жол ашады. 24 жасында брокерлік саладағы сара жолын Алматыдан бастаған ол Нью-Йорктен бір-ақ шығатынын әу бастан жоспарлады ма, жоқ па, ол жағын нақты айта алмаймыз. Әйтеуір 2019 жылы Нью-Йорктегі NASDAQ қор биржасының листингіне еніп, айды аспанға бір-ақ шығарды. [caption id="attachment_157040" align="alignnone" width="600"] width= Тимур Турлов балаларымен[/caption]

Бес баланың әкесі

Тимур Турлов — Мәскеу қаласының тумасы. 2011 жылы бизнесін дөңгелетпек болып Қазақстанға бағыт алады. Ол кезде елорда әлі іскер қалаға айналып үлгермеген, сондықтан Алматыға бет бұрады. "Асыл Инвест" атты брокерлік компанияны сатып алады. Сөйтіп, штаб-пәтері Алматыда орналасқан компаниясы сегіз жылда ірі маркет мейкерге айналады. Іскери мен отбасылық өмірді қатар алып жүрген Тимур Турлов бүгінде бес баланың әкесі. Небәрі 33 жасында үлкен жетістікке жеткен жас жігіт өмірдің қызығымен бірге шыжығын да көріп үлгерді десек, артық айтпаспыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Варя есімді қызы глиобластомадан қайтыс болыпты. "Сирек кездесетін диагноз отбасымыз үшін төбеден түскен жайдай болды, — дейді Тимур Турлов журналистерге берген сұхбатының бірінде, — "Мектепке дайындалып жүрген бала бір күнде құлап түсті. Сөйтсек, миындағы ісік жүре келе байқалған екен. Ем-дом шараларының ешқайсысы Варяны аман алып қалуға көмектесе алмады, өкінішке қарай. Құдай мені де, менің отбасымды да беріп те, алып та сынады деп білемін. Қызымызды емдеп-жазудың барлық амал-тәсілін қарастырып көрдік, бірақ амал қанша!.. Отбасымыздағы қиын шақтардың бірі болды, бірақ, ең бастысы, тауымыз шағылған жоқ. Себебі Варядан басқа балаларымыз бар. Олардың алдында да үлкен жауапкершілік бар дегендей. Есесіне Варяның диагнозы анықталып, комаға түскенге дейін күндіз-түні жанында болудың мүмкіндігі туып, қызымызды мейлінше бақытты етудің амалын қарастырдық. Құдайдың бізге тым болмаса сондай мүмкіндік сыйлағанына мың да бір алғыс!" – дейді Тимур Турлов. Миллиардер жеке өмірі мен бизнесі туралы жаңалықтармен, философиялық ойларымен Instagram-дағы парақшасында бөлісіп тұрады. Сол жазбалардың бірінде ол: "Қазақстан — табиғаты тамаша ел. Мұнда бірде-бір рет болмаған адамға бұл жерлердің әсемдігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Достарым кезінде Алматы маңындағы таулардың бөктерінде түскен суреттерді көрсеткенде фотошоп деп ойлаушы едім", — деп естелігімен бөліседі миллиардер өзінің Instagram-дағы парақшасында.