Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин Қазақстан елшісінің Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысының өкілдерімен (Қазақстанда тыйым салынған) болған әңгімесі туралы айтты, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Саяси деңгейде мұндай байланыстар болған жоқ. Бірақ Кабулдағы біздің елшілігіміздің ақпараты бойынша, талибандар Кабулды басып алған кезде олардың бір бөлігі біздің елшілік орналасқан аймаққа кірді. Елші көшеге шықты. Ол кезде күзет болған жоқ. Тәлібтер жақындаған кезде елші олармен сөйлесуге шықты. Олар «Сіздер кімсіздер? Кімнің елшілігі?» деп сұраған. Біздің тарап бұл Қазақстанның елшілігі екенін айтқан. Олар: «Ештеңеден қорықпаңыз. Қалай жұмыс істесеңіз де жұмыс істеңіз. Сіз біздің қорғауымыздасыз» деп ескертіпті. Содан бері олар біздің елшілікті күзетеді. Әзірге тек осындай деңгейде ғана байланыс болды», – деді Ақан Рахметуллин ОКҚ-дағы брифингте.Еске салайық, 15 тамызда содырлар ел астанасына кіріп, президент сарайын бақылауға алды. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден қашып кетті. Қазіргі уақытта Ашраф Ғани отбасымен БАӘ-де.