Шымкентте жалған біліктілік куәлігін сатып алған мұғалімдер сотталды. 23 мұғалімнің аттестаты жарамсыз деп танылды, – деп хабарлады Әл-Фараби аудандық сотының баспасөз қызметі. Соттың мәліметінше, Шымкентте қалалық білім басқармасының 27 мұғалімге қатысты біліктілік куәліктерін жарамсыз деп тану және негізсіз төленген жәрдемақыны мәжбүрлеп өндіріп алу талабымен азаматтық іс қаралған. Сот процесі ашық онлайн режимінде жүргізілді. Шымкент қалалық ішкі аудит бөлімінің 2020 жылғы 30 қыркүйектегі қорытындысы бойынша, мұғалімдер ұлттық біліктілік аттестациясынан өтпегені анықталды. Бұл фактіні Білім және ғылым министрлігінің ұлттық тестілеу орталығы да растады. Осылайша, сотқа тартылғандардың жалақысы негізсіз көтерілгені белгілі болды. Әл-Фараби аудандық сотының шешімімен талап толық қанағаттандырылып, 23 мұғалімге берілген аттестаттау куәліктері жарамсыз деп танылды. Мемлекет пайдасына 15 миллионнан астам теңге қайтару туралы соттың үкімі шықты. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.