Маңғыстауда жасанды жолмен жауын жаудыруды ұсынды
Маңғыстауда жасанды жолмен жауын жаудыруды ұсынды
133
оқылды

Мәжіліс депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Еділ Жаңбыршин, Самат Мұсабаевтың бастама­сымен Маңғыстау облысы кәсіпкерлік палатасы жанынан «Маңғыстау облысында климаттық технологияны пайдалану мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Депутаттар жауын-шашын мөлшерін ең кемі 20-50 пайызға ұлғайта алатын Clear Sky Manager 5 климаттық технологияны аппробациядан өткізуді ұсынды. Технология АҚШ, Жапония, Еуроодақ және Ресейде патент­телген, Біріккен Араб Әмірлігі, Иран, Жаңа Зеландия, Ресей жә­не басқа елдерде сынақтан өткен. Маңғыстауда екі күрделі мә­селе болса, оның біреуі – құр­ғақшылық. «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері басқа өңірлерден жемшөп тасу арқы­лы Маңғыстаудағы бар малды аман алып қалу мүмкін емес еке­нін алға тартады. Олардың ойын­ша, бұл – бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау. – Егер жемшөп тасу құрғақ­шы­лықтан құтқармайды екен, «қандай ұсыныстарың бар?» де­ген сұрақ халықтың көкейінде тұрғаны белгілі. Егер малдың бәрін басқа об­лыстарға көшіріп алып кетсе? Онда бізге дайын тұрған жер бар ма? Барған отбасыларына ол жақта жағдай бола ма? Мал да ол жақтың жерін жерсіне ме? Сұрақ көп. Жауап жоқ. Ал бүкіл малды сатып жі­берсек? Азғантай малына қарап отырған ел күнін қалай көрмек? Халықтың бәрі жұмыс істеп, үл­кен жалақы тауып отырған жоқ. Малды бағу қалай? Оған ин­фрақұрылым жоқ, жемшөп тағы керек. Біздің діңкемізді құртып отыр­ған малға қажет шөптің жоқ екені жауын-шашынға келіп ті­реледі. 2017 жылдан бері Маңғыс­тауда жауын-шашынның түсімі 1,5-2 есе азайып кеткен, – дейді «Nur Otan» партиясы фракциясы­ның мүшесі Еділ Жаңбыршин. Осы орайда ол мәселенің ше­шімі – климаттық технологиялар­ды пайдалану деп есептейтінін айтады. – Бұл жағдай әріптесім, Мә­жіліс депутаты Самат Мұсабаев екеумізді біраздан бері тол­ғандырып жүр. «Қандай жолдары бар?»  деп екеуміз біраз ақылдастық. Мамандармен, ғалымдармен пі­кірлестік. Іздендік. Соның нә­тижесінде ең тиімді әдіс – кли­маттық технологияларды пайда­ланып, Маңғыстауға қажетті мөлшердегі жауын, қар жаудыру,– дейді ол. «Nur Otan» партиясы фрак­циясының мүшелері бұл бас­таманы жүзеге асырудың тетік­терін жан-жақты қарастырған екен. – Бірнеше компанияларды тап­тық, байланыстық. Маңғыс­тауға шақырдық. Өткенде мамыр айында екі-үш компания тех­но­логияларын онлайн таныстырды, олардың дүниесі локалды жерді ғана қамтитын болды және жауын жаудыруға кепіл бере ал­майды екен. Күні кеше біздің шақыруы­мызбен Central Asian Center of Climate Change Technologies ЖШС өкілдері Ақтауға келді, – дейді Еділ Жаңбыршин. Климаттық технологияның авторлары инженер-физик Рафаэль Газетов (Литва) пен метеоролог-аэролог, климатты басқару саласының белгілі док­торы Сергей Бологуров (Мәскеу) өз технологияларын Қазақстан­дағы өкілдерімен бірлесіп, Маң­ғыстау облысы үшін арнайы жа­сақтаған бағдарламасын таныс­тырды. Мамандар мен ғалымдар та­ра­пынан сұрақ қойылып, мәселе жан-жақты талқыланды. Қорыта айтқанда, қазір басқа оңтайлы альтернатив нұсқа жоқ екенін ескере отырып, климаттық технологияны Маңғыстауда де­монстрация жасау, тиісті мемле­кеттік органдарға жүгініп, ар­найы жоспарға қосу және қаржы­ландыру қажет деп ұйғарым жасадық, – дейді депутат Еділ Жаңбыршин.

Мадияр ТӨЛЕУ