Тау тұлға тұғырына қонды

Тау тұлға тұғырына қонды

Елордада Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығы­на орай әскери-тарихи музей жанындағы алаңда мемлекет қайрат­кері Жұмабек Тәшеневке ескерткіш қойыл­ды.

«Көрнекті мемлекет қайраткері, еліміздің гүлденуіне үлкен үлес қосқан Жұмабек Тәшеневке ескерткіш ашып отырмыз. Осыған дейін Нұр-Сұлтанда ұлы тұлғамызға көше аты берілген болса, жуырда мектепке есімі қойылды. Енді, міне кезек ескерткішке келіп отыр. Ағамыздың мүсіні комиссия мүше­лері­нің, зиялы қауым өкілдерінің, ұрпақтарының келісімімен құйылды. Дәл сондай-ақ ескерт­кіштің тұрған орны да мүдделі тараптардың келісімімен таңдалды. Бүгінгі елорда Отанымыздың тек саяси ғана емес, мәдени және рухани ордасы. Бүгінге дейін Нұр-Сұлтанда еліміздің танымал тұлғаларына ар­нал­ған бірқатар ескерткіш ашылды. Тәуел­сіз­дігіміздің 30 жылдығы қарсаңында пандемияға қарамастан еліміздің руханиятын көтеретін бастамалар ары қарай да жалғаса береді», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов. Ашылу салтанатына қатысқан белгілі мем­лекет қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдас­беков еліміздің өркендеуі жолында еңбек еткен азаматтардың аз болмағанын, олардың ара­сында  Жұмабек Тәшеневтің шоқтығы биік еке­нін айрықша атап өтсе, мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов:  «Мемлекеттік тұлғаға ашылып отырған ескерт­кіш Тәуелсіздіктің жарқын жемісі. Тарихи тұлғамыздың мүсіні елорда­мыздың төріне орнатылып отыр. Қуанышы­мыз құтты болсын! Жұмабек Тәшенев өз елінің перзенті ретінде ел алдын­дағы парызын өтеген тұлға деп есептейміз» деген жүрекжарды лебізін жеткізді. Салтанатты шараға қатысқан қоғам қайраткерінің  ұлы Саян Жұмабекұлы мен келіні Фатима Садыққызы сөз сөйлеп, Елбасына, Мемлекет басшысына алғысын білдірді. «Жұрт менен «Әкеңнің атын неліктен насихаттамайсың, елге сіңірген еңбегін не үшін айтпайсың?» деп сұрап жатады. Ал менің ойымша, елге сыйлы азаматтың еңбегін халқы өзі бағалауы тиіс. Бүгінгі ашылып отырған ескерткіш халықтың әкеме деген сый-құрметі деп білемін», – деді Саян Жұмабекұлы. Ескерткіштің авторлары – сәулетші Қ.Қорғанов пен мүсінші  Е.Ержанов. Мүсін қоладан, тұғыры граниттен құйылған, ескерткіштің жалпы биіктігі – 8,2 метр. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай биыл елордада мәдениет пен жалпы елдің дамуына үлкен үлес қосқан белгілі қазақ қайрат­керлеріне арналған ескерткіш топтамасы ашыл­ды. Бұған дейін қалада алашорда­шы­ларға, Дина Нұрпейісова, Талғат Бигелдинов, Қаныш Сәтбаев сынды тұлғаларға ескерт­кіштер қойылған болатын. Сәулелі ескерткіш көпшіліктің көңіліне сәуле құйып, жүрегін жылытты. Ел тәуелсіздік жолында еңбек еткен тұлғаларын құрметтеп, қадірлей бермек. Ақын Мирас Асан көңіліндегі көрікті ойды мынадай жыр шумақтарымен жеткізген екен: «Бабаңның бұзбай текті арда салтын, Төске алып қоңыр белді жанға салқын, Мүсін боп қазағыңа қайта келдің, Сен қорғап қалған жердің әр тасы алтын!» Ақиқаттың ақ семсері секілді Алаштың айбарына айналған тұлғаға қойылған ескерткіш елорда төрінде қасқайып тұр.  

Гүл БЕКЗАТ