Бір жыл бұрын берілген үйдің қабырғасы қақырады
Бір жыл бұрын берілген үйдің қабырғасы қақырады
182
оқылды

Өскеменде тағы да жаңадан салынған тұрғын үйдің бірінің қабырғасы сөгілді. Тағы да деп астын сыза айтып отырғанымыз, осы жылдың сәуір айында ғана Бауыржан Момышұлы көшесіндегі көпқабатты үйдің бірінің қабырғасы түн ішінде ажырап кетіп, тұрғындарды бір шошытқан еді.

Енді, міне шаһардың 19 шағынауданындағы Есенберлин көшесінің бойында орналасқан 31/2 үйдің қабырғасында жарық пайда болды. Тұрғындардың айтуынша, Өскемен қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен салынған 5 қабатты тұрғын үй 2020 жылдың соңында пайдалануға берілген. Жалпы, бұл тұрғын үй кешенінің құрылысы 2018 жылы басталып, 2020 жылы аяқталған. Су жаңа үйдің бір жылға жетер-жетпес уақытта мұндай күйге түскеніне тұрғындар қатты алаңдаулы. «Көптен күткен үй еді. Бірнеше жыл ақша жинап, әрең дегенде қол жеткізіп едік. Мұнда көктемде көшіп келдік. Сәуір айында жаңбыр жауғанда төбеден су аға бастады. Ал мына қабырғадағы жарықты балконды қаптайық деп сайдингті ашқанда көрдік. Қабырға 1 қабаттан 5 қабатқа дейін бір-ақ бөлініп кеткен. Білмеймін, енді бұл жерде қалай тұрамыз?», – дейді осы үйдің тұрғыны Мақпал Мұхамадиева. «Бұл үйде тұрудың өзі қорқынышты. Кішкентай екі балам бар. Ал жарық пайда болған тұстағы пәтерде үш баласы бар отбасы тұрады. Кенеттен үй құласа ше? Алдымыз қыс, қайда барамыз? Бұл үйді қабылдап алған комиссия бізге жауабын берсін», – дейді ашуға булыққан осы үйдің тағы бір тұрғыны Мәдина Жүркібаева. Мемлекеттік бағдарламамен бірнеше жылға ипоте­каға алынған үйде негізінен жас отбасылар, мүгедек жандар мен зейнеткерлер тұрады. Тұрғындардың сөзіне сенсек, бірінші қабаттағы жарықтың көлемі кішкентай болғанымен, жоғарғы қабаттарда 5-7 сантиметрге дейін жетіпті. Мына жағдайдан кейін бала-шағасының қауіпсіздігіне алаңдаған кейбір тұрғындар туыстарының үйін паналауға мәжбүр болыпты. Ал бұл үйді салған мердігер компания басшысы Мақсат Шәкіров кемшілікке жол берілгенін мойындап, жауапкершілікті өз мойнына алатынын жеткізді. «Біз ештеңеден қашып тұрған жоқпыз. Болар іс болды. Енді мына үйдің жағда­йын сараптайтын компанияны шақырамыз. Жарықтың неден пайда болғанын анықтап, кемшілікті қалпына келтіреміз. Әрбір үйге 2 жыл кепілдік береміз. Екі жыл ішінде бұл үйлерде пайда болған ақауларға жауап беруге міндеттіміз», – дейді ол. 19 тамыз күні қабырғасы жарылып, қабырғасы қайысып отырған үйдің тұрғындарымен Өскеменнің әкімі Жақсылық Омар кездесіп, қала әкімдігі «Үлбі» әлеуметтік орталығынан уақытша орын ұсына алатынын жеткізді. Ал үйге екі бірдей компания сараптама жүргізеді. Оның бірін мердігер компания, екіншісін үйдің тұрғындары жалдамақ.

А.ӘБІЛ, Өскемен