Жаттықтырушым «Намысың қайда?» деді – Нилуфар Раимова
Жаттықтырушым «Намысың қайда?» деді – Нилуфар Раимова
Фото: sports.kz
57 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі әйелдер финалында түркістандық спортшы италиялық Аврора Руссодан басым түсті – 8:6. Айта кетерлігі, жекпе-жек барысында қазақстандық спортшы жеңіліп қалды, бірақ кейін кездесуді өз пайдасына бұрып, жеңісті тартып алды. Бұл әйелдер күресі бойынша кейінгі 13 жылдағы жастар әлем чемпионаттарындағы Қазақстанның алғашқы алтын медалі болып отыр. Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде тұғырдың ең жоғары сатысына 2008 жылы Стамбұлда Элеонора Әбутәліпова көтерілген еді. Нилуфар Раимова Sports.kz порталына сұхбат беріп, турнирден алған әсерімен бөлісті. – Нилуфар, турнирден кейінгі көңіл күй қалай? Финалға көңілің толды ма? – Иә, әрине, нәтижеге қанағат деймін, бірақ финалдың  кейбір жерінде қателіктер жібердім. Қарсыластың менің мықты жақтарымды зерттегені байқалып тұрды. Финал жартылай финалдан кейінгі күні болды, сондықтан қарсыласымның  мүмкіндігі болды. Бірақ мен жеңе алатыныма сендім. – Турнирдегі ең қиын жекпе-жек финалда болды ма? – Жоқ, бірінші айналымда Ресейден келген қарсыласпен болған жекпе-жекті ең қиыны деп айтар едім. Бірінші жекпе-жек маған әрқашан қиынға соғады. Толқу бар, сонымен қатар кілемді сезіну керек болды. Шынымды айтсам, ұтылып қаламын ба деп қатты уайымдадым. – Финалдағы тактика қандай болды? – Әртүрлі әдістерді қолдануға тырыстым, соның ішінде жамбас арқылы лақтыру. – Жаттықтырушы жекпе-жек барысында саған бірдеңе айтты ма? Өйткені басында сен есеп бойынша есе жібердің. – Иә, жекпе-жектің алдында ол маған "Намысың қайда?» деді. Күмістің қалтада екенін айтты, бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды, алтынды алу керек деп талап етті. Өйткені күміс тез ұмытылады. Біздің бар мақсатымыз алтын медаль болды. – Жеңістен кейін көз жасың көрінді... – Иә, қуаныштан жыладым. – Жартылай финал туралы не айтасың? – Есебіміз жақын болды. Оңай болған жоқ. Мен бұрын түркиялық қарсыласыммен шыққанмын, оның күшін білдім, бірақ жеңетініме сенімді болдым. – Күреспен айналысқаныңа неше жыл болды? – Жеті жыл. Мені тәтем алып келді. Залда жаттықтырушының көзіне түстім. Бір апта жаттыққаннан  кейін турнирге барып, жеңдім. Осыдан кейін күреспен айналысып, спортпен шұғылдануға мүмкіндік алдым. – Әлем чемпионаты сен  қатысқан ең ірі турнир болды ма? – Жоқ, бұған дейін 2018 жылы Буэнос-Айресте (Аргентина) өткен жасөспірімдер олимпиадасына қатысқанмын. Бірақ есе жібердім ол кезде. Жарысқа толығымен дайын болмаған шығармын. Содан бері тәжірибе жинадым. – Ересектер Олимпиадасында өнер көрсетуді армандайсың ба? – Алла қаласа, иә, дайындалып жатырмын. Болашақта Олимпиадада өнер көрсету үшін барлығын істеймін.