#BizBirgemiz: Нұротандықтар құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлерге көмектесуде
#BizBirgemiz: Нұротандықтар құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлерге көмектесуде
102
оқылды
Өткен аптада Павлодар облысынан Маңғыстау фермерлеріне 250 тонна шөп жіберілді. Шаруаларға 12 вагон шөпті тиеуге партиялықтар, жасотандық еріктілер және Павлодар гарнизонының әскери қызметшілері көмектесті, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.  
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қиындыққа тап болған жандарға павлодарлықтар алыс-жақындығына, жыл мезгіліне, не болмаса өз тіршілігіне қарамай, әрдайым қолұшын созуға дайын. Қазір Қазақстанның батысындағы отандастарымыз құрғақшылықтың салдарынан қиындыққа тап болғанда, Ертіс өңірінің тұрғындары сырт қалмады», – деді  «Nur Otan» фракциясының мүшесі, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Серік Жартыбаев.
  Бұған дейін Түркістан облысының партия белсенділері де бұл жағдайға немқұрайлы қарамаған болатын. Олар құрғақшылықтан зардап шеккен Маңғыстау облысындағы фермерлік шаруашылыққа екі айға толмайтын қысқа уақытта 100-ге жуық вагон немесе 3 мың тоннаға жуық шөп жөнелткен.   Сондай-ақ, #BizBirgemiz акциясы аясында Жамбыл облысынан Қызылорда өңіріне 16-ға жуық шөп тиелген вагон жіберілді. Бұл жағдайда «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Мағжан Ералиевті жеке атап өту қажет. Ол өз қаражаты есебінен Арал ауданының фермерлері үшін 20 тонна шөп сатып алған.   Еске сала кетейік, 10 шілдеде «Nur Otan» партиясы жанындағы Аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысында жергілікті бюджет қаражаты есебінен жем-шөп бағасы мен оларды тасымалдау тарифтерін төмендету ұсынылды. Сондай-ақ, кеңес мүшелері Ауыл шаруашылығы министрлігіне фермерлерге жанар-жағармайдың қосымша көлемін бөлуді және Азық-түлік корпорациясының базасында жем-шөп қорын құруды ұсынды.