Алматы облысының полицейлері бір айдай уақыт бойы із-түзсіз жоғалып кеткендер қатарында жүрген кәмелетке толмаған қызды тапты. Ол өзін "пайғамбар" деп атаған талдықорғандық танысының жанында болған. Ер адамға қатысты тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғады, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті. Әлеуметтік желілерде 17 жастағы бойжеткеннің психикасы күмән туғызатын ер адаммен достығы туралы ақпарат тарады. Желі қолданушысының айтуынша, ер адам кәмелетке толмаған қызды азғырған.
"Бұл ер адамның нені насихаттайтыны түсініксіз. Жастар, жасөспірімдер бәрі TikTok-та отырады және бұны көреді. Олардың арасында махаббат, романтика бар болса, олардың жеке ісі екені түсінікті. Бірақ мұндайды ашық насихаттап не керегі бар?" - дейді автор.Желі қолданушыларының басым көпшілігі оның сөзін қолдап, ер адамның психикасының дұрыстығына күмән келтірген. Құқық қорғау органдарынан бұл істі тексеруді талап етеді. Күдікті ер адамның желіде жариялаған видеоларына жоғалып кеткен қыз да түскен. Соның арқасында тәртіп сақшылары кәмелетке толмаған қыздың Талдықорғанда екенін анықтаған.
"Қыздың айтуынша, ол өзінің танысының жанында болған. Сонымен қатар ол өз еркінен тыс зорлау және күштеп ұстау фактісі болмағанын айтып отыр. Қазіргі уақытта табылған қыз ата-анасына тапсырылды. Оның 26 жастағы танысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды", - делінген хабарламада.Әзірге сотқа дейінгі тергеудің Қылмыстық кодекстің нақты қай бабымен жүргізіліп жатқаны белгісіз.