Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Берік Оспанов пен Фахриддин Қаратаев Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапары барысында Қаратау ауданында орналасқан Shymkent City шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үй кешендерінің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Бүгінде «Damdes Құрылыс invest» ЖШС Shymkent City шағынауданындағы он қабатты 6 тұрғын үйдің (№1,10,9,8,7,6) құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нысан инвестициялық жоба ретінде Shymkent әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен «Damdes Құрылыс invest» ЖШС арасындағы келісімшарт негізінде жүзеге асырылып жатыр. Тұрғын үйдің жалпы аумағы – 29 622 шаршы метр (420 пәтер). Қазір нысандардың қаржыландыру үлесі 75%, яғни 4,2 млрд теңге. Аталған көпқабатты тұрғын үйлер – «Шаңырақ 5-10-20», «5-20-25», сондай-ақ «7-20-25» бағдарламасы бойынша сату жоспарланып отыр. Тұрғын үй кешендерінің бүгінгі құрылыс барысымен танысқан Мәжіліс депутаты Берік Серікұлы тұрғын үй нысандарына мемлекет бюджетінен де қаржыландыру қарастырылғандықтан, әлеуметтік мәселелерді де назардан тыс қалдырмау қажетін баса атап өтті. Соның ішінде, салынып жатқан 420 пәтердің арасынан тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға да баспана қарастырылу керегін тілге тиек етіп, алдағы уақытта бұл мәселенің оңтайлы шешілу жолдарын нақты қолға алатынын жеткізді. Өз кезегінде мердігер мекеме басшысы құрылыс материалдарының күрт қымбаттауына байланысты тұрғын үй бағасының өсетінін ашық атап өтті.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы