Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына іссапармен барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Әуелі «Маревен Фуд Тянь-Шань» кәсіпорнына барды. Мемлекет басшысына кәсіпорынның мүмкіндіктері туралы мәлімет берілді. Компания басшылығының мәліметіне сәйкес 4,5 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорынға 30 миллиард теңге инвестиция салынған. Компания Жапония, Швейцария және Германиядан әкелінген инновациялық құрылғылармен тез дайындалатын азық-түлік өнімдерін шығарады. Жылына 85 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндігі бар. Қазір кәсіпорын 500 миллион қаптама шығарса, соның 70 пайызы экспортталады.
«Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС 670 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның 95 пайызы жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары. Бұдан кейін
Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс әкімі Амандық Баталов өңірдегі жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына сапары барысында Іле ауданындағы «Лукойл Лубрикантс Орталық Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жағармай шығаратын зауытында болды. Мемлекет басшысына жұмыс барысы мен шығарылатын өнімдер көрсетілді. Зауытты аралап көрген Президент компанияның жұмыстарына оң баға беріп, табысты дами берулеріне тілектестік білдірді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Dolce кәсіпорнына барды.Компания басшылығы Dolce кәсіпорнының ел нарығында 1998 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтты. 372 адам еңбек етіп жатқан кәсіпорын 160-тан астам өнім шығарады. Олардың арасында қазір аса қажет медициналық қолғаптар, үш және төрт қабатты бетперделер, халаттар, дәрі-дәрмектер бар. Алматы облысында коронавирусқа қарсы іс-шаралар аясында қысқа мерзімде 200 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасы салынып, 180 жедел жәрдем көлігі және 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынған. Облыстың 17 ауруханасы оттегі стансаларымен қамтамасыз етіліп, төсек-орындардың 45 пайызы оксигенотерапиямен қамтылған. 17 компьютерлік томограф, 53 рентген, 75 Хай Флу, 606 желдету аппараты жұмыс істеп тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев облыс басшылығына өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды үнемі бақылауда ұстауды, вакцина салу жұмысын жеделдетуді тапсырды.