Бірер күннен соң Токиода Паралимпиада ойындары басталмақ. Осыған байланысты әлемдегі мыңдаған спортшы жапон астанасына ағылып жатыр. Олардың арасында еліміздің құрамасы да бар.
Қазақстан өкілдері ПТР-тест тапсырып, арнайы тіркеуден өтіп үлгерді. Одан кейін олимпиадалық қалашыққа орналасты. «Енді біртіндеп дайындыққа ден қойдық», – дейді Ұлттық паралимпиада комитетінің өкілдері. Биыл байрақты бәсекеге жерлестеріміз 25 лицензия жеңіп алды. Жүзуден 7, дзюдодан 6 және пауэрлифтингтен 5 жолдама бар. Бұған қоса қазақстандық спортшылар жеңіл атлетика, таэквондо, ескек есу және оқ ату бағыттары бойынша да сынға түседі. Алғашқы бәсекелер 25 тамызда басталады. Қазақстандық спортшылар арасынан ең бірінші болып жүзу шеберлері жарысқа қатысады. – Ең бастысы – барлығы дін-аман. Көңіл күйіміз жақсы. Тест тапсыру, тіркеуден өту, басқа да құжатбастылыққа қатысты мәселелер біраз уақытты алады. Бірақ оған түсіністікпен қараймыз. Өйткені бұл – ең алдымен біздің қауіпсіздігімізге қатысты шаралар. Енді жаттығуды пысықтап, ел абыройын асқақтатуымыз қажет, – дейді ұлттық құрама мүшесі Зүлфия Ғабидуллина.М.ХАҚНАЗАР