Тұрғындардың тілегімен әкім болған азамат
Тұрғындардың тілегімен әкім болған азамат

Осыдан бір ай бұрын өткен ауыл әкімдерінің сайлауында халықтың тікелей дауыс беруімен Шығыс Қазақстанның 77 ауы­лында әкімдер сайланды. Облыстық сайлау комиссия­сы­ның ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, өңірде жаңадан сай­ланған әкімдердің 60-ы «Nur Otan», 11-і «Ауыл», екеуі ADAL пар­тияларынан және бір-бір адам «Ақ жол» мен Қазақ­стан­ның Халық партиясынан ұсынылған. Сонымен қатар өзін-өзі ұсыну арқылы екі әкім сайланған. «Nur Otan» пар­тия­сынан сайланған алпыстың бірі – Семей қаласына қарасты Алғабас ауылдық округінің әкімі Төлеген Құсайынов.

1974 жылы дүниеге келген Тө­леген Теміржанұлы – осы ауылдың тумасы. Алғаш рет әкім болып сайланып отырған азамат мектепті осы ауылдан бітіріп, еңбек жолын да осында бастаған екен. «Еңбек жолымды 1993 жылы ауылдағы мек­тепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастадым. 1995 жы­лы отбасы жағдайымен Қара­ған­дыға көшіп, сондағы №39 орта мектепте дене тәрбиесінен сабақ бер­дім. Екі жылдан кейін Семейдің іргесіндегі Озерка ауылдық окру­гі­не қарасты Талица ауылына қоныс аудардық. Әуелі осындағы мектепте он жылдан астам уақыт денешы­нықтыру пәнінің мұғалімі, содан соң 8 жылдай директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Осы жұмыста жүрге­німде өзім туып-өскен ауылдың жас­тары, бірге оқыған сыныптас­тарым хабарласып, Семейде кез­десіп, әңгімелестік. Әңгіме үстінде «Ауылға келсең. Ауылдағы мектепті көтерейік. Директор тұрақтамай кетті. Қиын болып тұр» деген ұсы­ныс айтты. Бұл 2018 жыл болатын. Өз ауылдастарың шақырып отырса, қалай бас тартасың?! Бәрін тастап, туған жерге тарттым. Бір жыл салт жұмыс істеп, 2019 жылы отбасымды көшіріп әкелдім. Осы ауылдың әкімі болып сайланғанға дейін мек­теп директоры қызметін атқардым. Негізі, әкім болу мүлде ойымда жоқ еді. Ауылдың жастары, тұрғындары «сіз әкім болыңызшы» деп өтініш жасағаннан кейін тәуекелге бел буып, сайлауға түстім», – дейді ол. Өзімен бірге екі үміткер бағын сынапты. Ауыл тұрғындары бұрын-соңды әкім қызметін атқармаса да, Төлеген Құсайыновқа үлкен үміт артып, сенім білдіріпті. Осылайша, ол халықтың 94,5 пайыз дауысымен 800-ден астам тұрғыны бар Алғабас ауылының әкімі болып сайланады. Сайлауалды бағдарламасына ауыл­дағы көп жыл бойы шешімін тап­пай қордаланған мәселелерді ен­гізеді. «Жасыратыны жоқ, ауылда халықты толғандырған мәселе аз емес. Соның бірі – жарық. Ауылда қатты жел соғып, найзағай жар­қыл­даса жарық сөніп қалады. Содан кейінгі үлкен мәселе – ауыз­су. Алғабаста әлі күнге дейін бұл мә­селе шешімін таппаған. Елді ме­кендегі дәрігерлік амбулатория да әбден ескірген. Суық. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Жаңадан салса да артық етпейді деп ойлай­мын. Мал дәрігерлік пунктінің жағдайы да мәз емес. Ескі, суық. Тозып тұр әбден. Сосын ауылға балалар ойнайтын алаңдар қажет. Екі алаң салсақ жақсы-ақ болар еді. Ауылдың екі жақ шетіндегі қоқыс төгетін алаңның да күйісі кетіп қалған. Халық қоқысты бейберекет төге берген. Ауыл көшелерінде жа­рық та жоқ. Шамдар орнатылмаған. Ауылдағы шаруа қожалықтарының да шешілмей жатқан мәселелері бар. Егер шаруа қожалықтары ауыл­ға көмектессе, жақсы инвес­тиция ғой. Бағдарламамда осындай ең өзекті, ең өткір деген мәселелерді көтердім. Алдағы төрт жыл көле­мінде шама-шарқым жеткенше осы мәселелерді шешуге бар қа­жыр-қайратымды жұмсайтын боламын. «Ұрыста тұрыс жоқ» де­гендей, қазір жұмысқа қызу кірісіп жатырмын. Ең әуелі ауылдағы ша­руа қожалықтарының барлығын аралап шықтым. Ауыл халқымен кездесіп, мекемелердің жұмысымен таныстым. Дәл қазір өрт сөндіру көлігінің мәселесімен айналысып жа­тырмын. Өрт сөндіру көлігі деген аты ғана, дұрыс жүрмейді. Жүргенінен тұрғаны көп. 36 жыл болыпты пайдаланылып жүргеніне. Осыны бір жағына шығару керек. Ауылымыз кішкентай, өз бюдже­ті­міз жоқ. Сондықтан Семей әкім­ді­гіне өтінім берсем бе деп отырмын. Алғабасқа жақын Берікқара деген жерден кен орны ашылып жатыр. Құрылыс жұмыстары басталып, ауыл жастары сол жаққа жұмысқа ор­наласуда. Бұл да ауылға өз кө­мегін тигізеді деп ойлаймын», – дейді Алғабастың жаңа әкімі. Сайланғанына бір ай да толма­ған ауыл әкімінің жоспары көп. Ауылда қараусыз қалған екі қабатты ин­тернат бар екен. Қазір осы ғимарат­ты қайта жаңғыртып, бір қабатында әртүрлі спорттық, өнер үйірмеле­рін, тағы бір қабатында балабақша ашу үшін жүгіріп жүрге­нін жеткізді. «Алғабас ауылының халқы ұйым­шыл. Сол ұйымшылды­ғы ғой, мені сонау жерден шақыртып алғаны. Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Отыз алты шаруа қожалығы бар. Алғабастағы негізгі жұмыс көзі – мектеп, дәрігерлік амбулатория, ветеринарлық пункт. Мектепте 200-ден астам оқушы бар. 2018 жылы осында директор болып келгенде мектептің үшінші қабаты жабық тұрды. Кірпішпен жауып тастапты. Былтыр қайта ашып, үшін­ші қабатты іске қостық. Мұ­ғалімдерге дұрыс кабинет бердік. Мектептің материалдық-техни­калық базасын нығайттық. Үш жылдағы осындай жұмыстарымыз­ды көрген ауыл тұрғындары «Мек­тепті көтердің, енді ауылды көтер» деп әкім қызметін сеніп тапсырып отыр. Ауылдың ақсақалдары ақ батасын берді. Халықтан үлкен емеспіз. Енді тек жұмыс істеу ке­рек», – дейді ауыл әкімі.

А.ӘБІЛ, Шығыс Қазақстан облысы