– Ақерке Абылайханқызы, жаңа оқу жылы басталғалы отыр. Студенттер оқу ғимаратына кіру үшін вакцина салдыру керек деген міндеттеу қажет деп ойлайсыз ба? – Әлемді дендеген індеттен құтылудың бірден-бір жолы егілу екенін ғалымдар зерттеп, әлем мойындап, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынып отыр. Сондықтан ғылымның жетістіктерін мойындайтын, білім қуған өскелең ұрпақ бұл шешімді қолдауға тиіс, қолдайды да деп ойлаймын. Университет мыңдаған студенттің тоғысқан ортасы болғандықтан, ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет. Бүгінде Павлодар қаласындағы Еуразиялық инновациялық университетінің (бұдан әрі-ИнЕУ) студенттерінің басым көпшілігі екпе алды. Білім және ғылым министрлігі тарапынан еліміз бойынша ұйымдастырылған ынталандыру акциясы да бұл істі белсенді жүргізуге ықпал етті деп айтар едім. Мысалы, ИнЕУ тарапынан ақылы түрде оқитын студенттерге екпе алған жағдайда оқу ақысына пайыздық жеңілдіктер берілді. Әлі де университетке бірінші курс студенттерін оқуға қабылдау жалғасуда. Ashyq қосымшасындағы мәліметке сай студенттер ғимаратқа кіре алады. – Пандемия ЖОО-ларды онлайн режимге ауысуға мәжбүр етті. Онлайн режим білім сапасына кері әсер етті деген пікір жиі айтылады. Жоғары білім жүйесі бұл «мәжбүрлі жаңашылдыққа» дайын болмады ма? – Пандемия басталған уақытта Өскемен қаласының білім бөлімінде қызмет еттім. Қала мектептерімен тікелей жұмыс істедім. Орта білім саласында нағыз дүрліккен кез болғаны анық еді. Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов онлайн режимде облыс, қала, аудандық деңгейдегі білім бөлім басшыларымен күн сайын жиналыс өткізетін. Қала әкімінде күндіз-түні штаб отырысы. Оның үстіне, алғашқы уақытта ауру жұқтырған азаматтарды естіген сайын психологиялық тұрғыдан әр азаматтың бойында үрей болды. Ал енді орта білім саласымен салыстырғанда жоғары оқу орындарының онлайн оқытудан хабары бар еді. Пандемияға дейін университеттердің қашықтан студенттерді оқыту бойынша тәжірибесі болды. ИнЕУ университетінде пандемияға дейін Moodle онлайн платформасы, әрбір студенттің жеке оқу кабинеті болған екен. Әрине, жалпы «мәжбүрлі жаңашылдықтың» арқасында оқытушы мен студент арасында онлайн режимде жұмыс істеуіне, ақпараттық технологияларды қолдануға тиімді дағды қалыптасқаны сөзсіз. Оффлайн форматқа көшкен күннің өзінде қай деңгейде болмасын бұл дағдыны жоғалтпауымыз керек деп ойлаймын. Цифрлы форматтағы қаншама оқу-әдістемелік материалы бар платформалар жасалды, осының барлығы қолданыстан шықпауы тиіс. – Кезінде министрлікте халықаралық байланыс саласында істедіңіз. Қазір шетелде білім алып келген азаматтардың отандық еңбек нарығында лайықты жұмыс орнын таппай жүргені жайлы зерттеу аз емес. Мұның себебі неде: олардың алған білімін біздің экономикада қолдану қиын ба (overqualification), әлде сапалы мамандарға арналған еңбек нарығы тар ма? – Сапалы мамандарға әрқашанда сұраныс бар, бұл жерде бірнеше факторды атап өтер едім. Біріншіден, шетелде білім алып келген азаматтардың амбициясы жоғары. Әрине, өзге тілде білім алу оңай емес, қаншама қиындықтан өтіп, оралған шетел университетінің түлектері тиісті еңбек шарттарын талап етеді. Екіншіден, шетелде ментальді тұрғыдан академиялық білім беру жүйесінде, ғылыми жұмыстарды жүргізуде еркіндік қалыптасқан. Яғни, осы жүйеден кейін шетелде оқыған азаматтар мен басшылық арасында да түсініспеушілік болуы әбден ықтимал. Осы бағытта бүгінде министрлік тарапынан «Болашақ» түлектерін ректорлық, проректорлық қызметтерге тағайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде, осы тәжірибені ғылыми-зерттеу институттарында қолданысқа енгізу қажет-ақ. Ғылыми диссертацияны Қазақстанда және Германияда қорғадым. Сондықтан оverqualification, әрине болады деп айта аламын, бірақ қолдау болған жағдайда қазақстандық реалитиде бейімделу мүмкін деп есептеймін. Пандемия ғылымға көңіл бөлудің қажет екенін ескертті. «Болашақ» стипендиясы шеңберінде 500 ғалым шетелге тәжірибеден өтеді, осы мүмкіндікті пайдаланып, елге әлемдік озық технологиялар мен зерттеулерді әкелуіміз керек. Әлемдік ғылым кеңістігінде зерттеу жұмыстары мен әдістемелері жеткілікті. – Студенттердің білім сапасы төмендігінің бірден-бір себебі – ЖОО-лардың жұмысын еңбек нарығы, жұмыс берушілер, кәсіпкерлер емес, Білім және ғылым министрлігі бағалайды. Яғни, құжаттағы стандарттарға сай болған университеттерге грант үшін ақша бөледі. Сол үшін ректорлар жұмыс берушінің емес, министрліктің талабын орындауға мүдделі деген ой айтылады. Осы қалыптасқан жүйені өзгертудің жолдары бар ма? – Грант бөлу мәселесі бюджеттік қаржы болғандықтан, әрине сұраныс та жоғары. Сондықтан Білім және ғылым министрінің бұйрығына сай қойылатын талаптар бар. Бұл жерде талаптардың бірі – «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының білім бағдарламалары бойынша жүргізетін рейтинг нәтижелері. «Атамекен» өз кезегінде жұмыс берушілермен бірлесе отырып, университет түлектерінің жұмысқа орналасуы, олардың кәсіби құзыреттіліктеріне баға береді. Ең бастысы – білім беру бағдарламаларының сапасы. Бүгінде университеттерге академиялық еркіндік берілген. Яғни, мәселе заңнамалық тұрғыдан реттелген. Мысалы, ИнЕУ бұл жұмысты бастап кетті, нақты айтар болсам, әрбір оқыту бағдарламасына жетекші тағайындалды. Яғни, кафедра меңгерушісі барлық бағдарламаға жауапты деген қағидадан бас тартып отырмыз. ИнЕУ дамудың барысында инженерлік-экономикалық бағытта профильді таңдап отыр. Павлодар – өнеркәсіптер шоғырланған өңір. Оқу процесіне де тәжірибелі өнеркәсіп мамандарын тартып, дуальды білім беруге ерекше мән беріп отырмыз. Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші – 89%. Жұмыс берушілер де бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі. ERG Service ЖШС басшысы С.Петуховпен кездескенімізде өз кадрларының да теориялық білімін шыңдауына қуанатынын жеткізді. Грант бөлу мәселесінде негізгі ұсынысым комиссия қорытындысы бойынша әр университеттің нәтижелері ашық жарияланса. Соны қарап, әр университет өз кемшілігін көріп, сараптама жасап, тиісті жұмыстар жүргізер еді. «Атамекеннің» рейтинг қорытындысы сайтта жарық көреді. Аймақтық университеттер сол өңірдің экономикасының дамуына үлес қосатын мамандар даярлауы тиіс.
Елбасы Н.Назарбаев жүргізген салиқалы саясаттың арқасында Қазақстан атты елімізді әлем таныды, әлемнің қай түкпіріне барсаң да «қазақстандықпын» деп мақтанышпен айта аламыз. Халықаралық білім саласында қызмет істедім, әлі есімде, жиындарда «мен бұл ел өкілінің қасында бірге отырмаймын, бірге мәселе талқыламаймын» деп орнынан тұрып кететін, бір-бірімен қырғиқабақ мемлекеттердің өкілдерін де кездестірдім.
– Абитуриенттерге қандай кеңес бересіз? 5 жылдан соң еңбек нарығында қандай мaмандықтар, қандай кәсіби қабілеттер сұраныста болуы мүмкін? – Өзім техникалық ғылымдар саласында оқыдым, осы бағытты қолдаушымын. Нақты ғылымдар жүйелі ойлауға бейімдейтіні сөзсіз. Бүгінде IT құзыреттілік барлық салада қажет. Әркім мамандық таңдауда жүрек қалауын тыңда деген сөздерді жиі естиді. Бұл дегеніміз – адамның табиғатына біткен қабілеті екені сөзсіз. Ең маңызды фактор осы деп білемін, сондықтан абитуриенттерге айтарым, қабілет-қайраттарыңа сай алға қойған мақсаттарыңды айқындап, соған жеткізетін жолды таңдаған дұрыс. Өкінішке қарай, айналамда грант үшін мамандық таңдап, кейіннен қайта оқып жатқан азаматтар жеткілікті. Жалпы, әлемде еңбек нарығының нақты сұранысына қажетті мамандар даярлауды болжайтын қандай да бір әдістеме жоқтың қасы. Сондықтан елдегі университеттер дуальды білім жүйесі арқылы жұмыс берушіге қажет мамандар дайындауды белсенді жүргізуі керек. Жалпы, жұмыс беруші мен университет арасында өзара ынтымақтастық болуы шарт. Әсіресе, аймақтардағы университеттер сол өңірдегі ғылыми орталыққа айналуы тиіс. Бұл жерде университет ғалымдары сол саладағы немесе өндірістегі әлемдік озық технологияларды зерделеп, кәсіпкерлерге де ұсынса, жұмыс берушілер тарапынан да қолдау болатыны сөзсіз. Университет келешекке қажетті барлық білімді толық бермесе де, студенттердің бойында мамандық бойынша заман талаптарына сай барлық дағды мен құзыретттілікті қалыптастыруға тиіс. Ал кез келген азамат үшін бүгінде Lifelearning – «Өмір бойы оқу» өзекті, яғни заман талабына сай біліктілікті шыңдап отыру қажет. Болашақтың мамандықтарын BTS Education компаниясының басшысы Саясат Нұрбек жақсы зерттеп, қоғамға қажетті ақпаратты беріп жүр. – Қазір Білім және ғылым министрлігі сапасы талапқа сай келмеді деген жекеменшік ЖОО-ларды жабуға кірісті. «Бұл білім сапасын арттыру мақсатында жасалып жатыр» деп хабарланды. Алайда министрлік жазалаушы функциясын иеленіп кеткен жоқ па? Себебі министрліктің бір шешімінен кейін мыңдаған студент, жүздеген ұстаз далада қалды. – Білуімше, университеттерді тексеру арнайы жоспарға сай жүргізіледі. Жыл сайын жоспарға сай 30-ға жуық оқу орны тексеріледі. Бұқаралық ақпарат құралдарында 10-нан астам жекеменшік университеттің жабылғаны туралы хабар тарады. Бұдан шығатын қорытынды тексерудің негізгі мақсаты аталған оқу орнын жабу емес екенін көрсетеді. Бүгінде университтетті заңсыз жапты деген нақты фактілермен уәж айтқан университет өкілін кездестірген емеспін. Солтүстік және шығыс өңірлерде көрші елдердің оқу орындары да қазақстандық студенттерге гранттар бөліп, өз саясатын қарқынды жүргізуде. Сондықтан сапалы білім беріп отырған жекеменшік оқу орындарын қолдап, бәсекелестікті арттыру қажет. Елдің оңтүстік өңірлерінде демографиялық өсім жақсы байқалады, сондықтан «Серпін» бағдарламасымен оқитын студенттерді осы өңірлерге тарту жұмыстарын белсенді түрде жалғастыру қажет деп ойлаймын. – Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі деп нені айтар едіңіз? – Тәуелсіздік жетістіктерін тек елдегі ішкі факторлармен өлшеу қысқа ойлағандық болар. Алпауыт көршілес елдеріміз де бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Елбасы Н.Назарбаев жүргізген салиқалы саясаттың арқасында Қазақстан атты елімізді әлем таныды, әлемнің қай түкпіріне барсаң да «қазақстандықпын» деп мақтанышпен айта аламыз. Халықаралық білім саласында қызмет істедім, әлі есімде, жиындарда «мен бұл ел өкілінің қасында бірге отырмаймын, бірге мәселе талқыламаймын» деп орнынан тұрып кететін, бір-бірімен қырғиқабақ мемлекеттердің өкілдерін де кездестірдім. Ал Қазақстан атты елімізбен ынтымақтастық орнатуға әр елдің өкілі мүдделі. Ауғанстан 1000 студентін оқыту жобасы шеңберінде 4 рет Кабул қаласында болдым. Сапар шеккенде қазақстандық дипломаттардың кәсіби шеберліктеріне сеніп баратынмын және оны өз тәжірибемде көрдім де. БҰҰ Ауғанстандағы өкілдігінің елімізге көшірілуі де Президентіміз Қ.Тоқаев жүргізіп отырған сара саясаттың жемісі деп білемін. Әрине, сұхбатымыз жоғары білім саласында болғандықтан, осы бағыттағы жобаларды айтып өткен орынды болар. Мен үшін басты жоба – ол Елбасымыздың тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тағайындаған «Болашақ» халықаралық стипендиясы. Әлемнің беделді оқу орындарында тұңғыш рет қазақ жастары білім алуға мүмкіндік алды. Бүгінде Еуропалық жоғары білім кеңістігіндегі Болон процесіне 2010 жылы еліміз толыққанды мүше болып енді. Әлем университеттерімен ынтымақтастық орнатып, ғалымдарымен тәжірибе алмасып, ортақ жобалар жүргізуге толық мүмкіндік бар. Жалпы, кез келген елдің білім жүйесін толық көшіру мақсат емес, әр елдің білім жүйесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл жерде айтпағым, білім саласында ғасырлық тарихы қалыптасқан білім ошақтарының тәжірибесін саралап, тиімді тұстарын ала аламыз. Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі – білімді, еркін жас ұрпақ қалыптасты. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын! – Сұхбатыңызға рақмет!Әңгімелескен Әлихан ИСМАН