Қазақстанда «дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру» енгізілетін болды. Мұны Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой растады. Алайда сарапшылар медицина қызметкерлері үшін мұның біраз қаупі барын айтуда. ДСМ болса, бұл қадамға ел игілігі үшін барғалы отырғанын алға тартады. Бірақ қоғамдық талқылауға қатысқан мамандар да, жұртшылық өкілдері де Цойдың осы бастамасына үдере қарсы шықты. Неге?
Қалжыраған дәрігерді «қара тізім» құртады
Ел Президенті Үкіметке барлық медицина қызметкерінің мәртебесін арттыруды, олардың құқығы мен мүддесін қорғауды, еңбек жағдайын жақсартуды жүктеді. Мұны ел құптады, жылы қабылдады. Осы тапсырманы орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға шығарды. Ол жоба елдің қарсылығын туғызып отыр. Біріншіден, жаңа заң жобасы арқылы қолданыстағы Денсаулық сақтау кодексіне маңызды бір өзгеріс енгізіледі: денсаулық сақтау субъектілері – аурухана-емханалар өзінің медқызметкерлерінің медициналық қызметті жүзеге асыру кезіндегі кәсіби жауапкершілігін сақтандыруға міндеттелмек. Төл қызметін сақтандырмаған, сақтандыру полисі жоқ қызметкерлер жұмысқа алынбайды, қызметінен қуылады. Салдарынан пандемия заманында онсыз да жан-жақтан қысым көріп жатқан ақ халаттылар енді сақтандырушыларға тәуелді болып қалуы мүмкін. Себебі сарапшы-дәрігер Сергей Бочкаревтің айтуынша, диагностика қою, емдеу, ота жасау, ем-шараны жүзеге асыру кезінде жаза басып, науқасқа қасақана емес, абайсызда зиян келтірген дәрігерлерді сақтандыру компаниялары «қара тізімге» енгізіп, оны бұдан былай сақтандырудан жаппай бас тартуы ықтимал. Мұндай жағдайда тіпті ең білікті деген маман үшін де кәсіптің «есігі» жабылмақ. Екіншіден, сарапшылардың пайымдауынша, бұл жемқорлықтың өрістеуіне түрткі болмақ: амалсыз, «қара тізімнен» шығудың «айналмалы жолын» іздеген дәрігердің тілегін параға орындайтын шенеунік табылуы, осыны бизнеске айналдыратын делдалдар қаптауы ықтимал. Үшіншіден, салада бірінші басшылар мен медицина қызметкерлерін ротациялау институтын жаппай енгізу көзделген. 2020 жылдың қарашасында билік жұмысында коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеуден бас тартты. Ал биыл қазаннан бастап Үкімет КВИ жұқтырған сырқаттарды емдейтін, солармен қоян-қолтық араласатын медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуді де тоқтатпақ. Бұл жағдайда әбден қалжыраған медқызметкерлер басын бәйгеге тігуден бас тартып, ковид-ауруханалардан және жедел жәрдем қызметінен кете бастауы мүмкін. Ал ротация тетігі ақ халаттыларды «лас» аймақта жұмыс істеуге мәжбүр етпек: «не жіберген жерге барасың, не лауазымыңнан кетесің» деген кесір таңдау қойылады.Мәжбүрлі ротация астарында не жатыр?
Осы бастама дәрігерлердің ковид-стационарлардан жаппай кетуіне тосқауыл қоюға бағытталғанын шенеуніктер жасырмайды: «Бұл норма мемлекеттік медициналық ұйымдардың қолданыстағы кадр тапшылығын төмендету, сондай-ақ COVID-19 індетімен күрес бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу аясында медұйымдардың кәсіби әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалану қажеттілігінен туындап отыр», – деген түсініктеме берді Денсаулық сақтау министрлігі. ДСМ-ның бұл ұсынысын Парламент құптаса, онда облыстар мен мегаполистердің әкімдіктерінің қарамағындағы денсаулық сақтау ұйымдарының, медколледждердің бірінші басшылары және медицина қызметкерлері арасында лауазымдық ауысулар жүргізіледі. Дәрігердің қандай аурухана не емханаға баратынын жергілікті әкімдіктің денсаулық сақтау басқармасы шешпек. Ал олар басшылыққа алатын «Ротация жүргізу қағидаларын» Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеп, бекітеді. Біраз жыл ДСМ-нің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» директорының орынбасары болған, психиатр-нарколог, патологоанатом-дәрігер, сот сараптамасы саласында қызмет еткен маман Руслан Сатывалдеев мұндай қадамнан абай болған жөн екенін айтады. «Медицина қызметкерлері ротациясының біраз қауіп-қатері бар. Мысалы, лауазымдық ауысу салдарынан тұрғын үй, материалдық және басқа да жағдайы нашарлаған медицина қызметкерлері кәсібін тастап, мамандықтан кетуге мәжбүр болады. Сондықтан ротациялауға жататын қызметкерлерді ынталандыру тетіктерін, әлеуметтік қолдау шараларын енгізетін норманы қоса қарастырмаса, бұл іс бекер болмақ. Жергілікті атқарушы органдарды осы бағытта тиісті шаралар қабылдауға міндеттеген жөн», – дейді ол.Сырқаттың өмірі 1 мың АЕК-ке бағаланды
Жаңа заң жобасының ұсыныстары қоғам өкілдерінен де қолдау таппады. Қоғам белсендісі Лаура Сәрсенбаева кәсіби жауапкершілікті сақтандыруды дәрігерлер, қарапайым мейірбике-санитарлар есебінен сақтандыру компанияларының қалтасын толтыру талабы деп бағалады. «Министрлік мұның озық шетелдік тәжірибе екенін алға тартады. Алдымен біздің ақ халаттылардың еңбекақысын сол озық дамыған елдердегі деңгейге көтеріп алсын. Сақтандыру дегеніміз – ауқатты сақтандыру компанияларының әмиянын толтыру. ДСМ-ның бастамасы арқасында олар одан ары байымақ. Ал медицина қызметкерлері төмен жалақы алуын жалғастырады, сырқаттар болса сапасыз медицинадан зардап шеге береді. Қылмыс жасап, адам өлтірген дәрігер де қылмыскер, оны қатаң жазалау керек. Оның жауапкершілігі мен жазасын жеңілдетуге, құн төлеуді енгізуге мен қарсымын!» – дейді ол. Бұл жерде Цой ведомствосының «пациенттің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін төлем мөлшерін есептеу тетігін қолдану» ұсынысы әңгіме болып отыр. Оған сәйкес, 1 сақтандыру жағдайы бойынша сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемі, яғни сақтандыру сомасы келесіні құрамақ: пациенттің өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян өлімге әкеп соқса – 1 000 АЕК (2021 жылы 2 917 000 теңге). Мүгедектікке соқтырса: І топ үшін – 800 АЕК (2 333 600 теңге); ІІ топ үшін – 600 АЕК (1 750 200 теңге); ІІІ топ үшін – 500 АЕК (1 458 500 теңге); мүгедек бала үшін – 500 АЕК. Пікір білдірген қазақстандықтар «құн төлеу» жүйесі енгізілсе, дәрігерлердің жауапкершілігі төмендейді деп алаңдайды. «Өз ісіне адал емес дәрігерлер бұдан соң пациенттерді емдеуге тіптен салғырт қарауы, өз ісіне ұқыпсыздық танытуы мүмкін. Дәрігер сырқаттың денсаулығына келтірген зияны үшін заң жүзінде қатаң жаза тартуы керек. Адам өлтірсе, сотталсын. Жаңа тетіктер жауапсыз дәрігерлердің шідерсіз кетуіне жол ашпай ма? Жаңа туған сәбиді тоңазытқышқа салып, қатырып өлтірген дәрігерлерді еске түсіріңізші, егер олар үшін перзентхана құн төлеп, құтқарса, масқара емес пе! Мұндай өзгерістерге үзілді-кесілді қарсымын!» – дейді Светлана Котлярова. Дегенмен ДСМ науқасқа аңдаусыз зиян келтірген медқызметкерлер де жазадан құтылмайтынына сендіріп отыр. Мұның сыртында дәрігерлерді түрмеге отырғызуды қарастыратын Қылмыстық кодекстің 317-бабы шамалы жұмсарғанымен, ары қарай сақталады. Жоғарғы Соттың сот актілерінің банкі статистикасына сәйкес, Қылмыстық кодекстің 317-бабы бойынша 2017-2020 жылдар аралығында соттарға медқызметкерлерге қатысты 50 қылмыстық іс түскен. Соның 43-і бойынша 70 адамға қатысты үкім шығарылыпты. 14 адамға қатысты 7 іс прокурорға қайтарылды. Нәтижесінде, 2 медқызметкердің бас бостандығы шектелген. 17 адам шартты жаза алды. 11-і сотталды, бірақ рақымшылыққа ілігіп, жазадан босады. Сотталған тағы 22 адам ескіру мерзімінің аяқталуына байланысты жазадан құтылды. Сот залында 13 адам ақталды. 5 «ақ халатты» «темір торда» отыр.Айхан ШӘРІП