Этношеберхана ашылды
Этношеберхана ашылды
185
оқылды

Алматы облысында жүн өңдейтін және ұлттық дәстүрге сай көрпелер шығаратын этношеберхана іске қосылды.

Ақсу ауданы әкімдігіндегілердің айтуынша, шеберхана «Тамшыбұлақ» қорының жетекшісі Жанат Есімбековтің бастамасымен Қапал ауылында іске қосылыпты.  Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытып, жастарды жаңа іске баулуға, кәсіпке үйретуге бағытталған әлеуметтік маңызы бар жоба «Азаматтық бастамаларды» қолдау орталығы ҚЕАҚ-ның арнайы конкурсы шеңберінде берілген грант есебінен жүзеге асырылған. – Қазір өз кәсібіңді ашып, еңбек етуге еш кедергі жоқ. Қайта қолдаудан кенде болмайсың.  Сондықтан біз де бүгінгі күн талабына орай өз кәсібімізді бастауға бел будық. Бағдарлама жеңімпазы атанып, қайтарымсыз несиеге қол жеткіздік. Ендігі кезекте ұлттық өнердің қайта жаңғырып, дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді, – дейді Жанат Есімбеков. Жобаның жалпы құны – 500 мың теңге. Бүгінде 2 жұмыс орны құрылып, 10 адам ұлттық қолөнердің қыр-сырын оқып-меңгеруде. Басты мақсат – ұлттық өнерді әдемі көрпелерге кес­телей отырып, ұмытыла бастаған дәстүрді қайта жаңғырту. Ал­ғашқы кезеңде этношеберхана ауыл халқын сұранысқа ие өнімдерімен қам­та­масыз етуге күш жұмсамақ. Ал болашаққа бағытталған жоспардың жүзеге асуы, алғашқы асулардың сәтті бағындырылуына байланысты болмақ. Қапшағай қаласында да осындай игілікті іске қадам басқан көп­балалы ана Жанат Медетқызы «құрақ көрпе» құрақ бұйым­да­рын жасаудың ескі технологиясын бүгінгі заманға ыңғайлап, қай­та дамытуда. Бұл салада тәжірибесі жетіп артылатын  қолөнер май­талманы қапшағайлық бойжеткендерге өз білгенін үйретуде. Сон­дай-ақ тапсырысты Қазақстанның барлық қалаларына жеткізеді. Жанат Медетқызының айтуынша, бір күнде цех тігіншілері 40-50 қалыңдыққа арналған жасау жүгін тіге алады. Тігіншілер әрбір тапсырысқа білек сыбана кірісіп, өнімдерінің сұранысқа сай  сапалы шығуына барын салады. Олардың  ойынша, құрақ тігісі көп уақытты қажет ете отырып, көркемдік талғамды да талап ететін өте қызықты әрі күрделі іс. Өйткені түстер мен пішіндерді бір-бірімен үйлестіріп, үйлесімді үлгіге айналдыру  үшін дұрыс таңдау керек. Құрақ жастықтар, көрпелер, жапқыш өзінің қанық түсті, сан түрлі оюларымен көптің таңдайын қақтырады. Цехта барлығы 20-дан астам өнім түрі шығарылады. – Әрбір өнер, әрбір пішіннің өзіндік мағынасы бар. Сондықтан әр жағдайға байланысты тиісті пішіндер болғанын ескереміз. Көп жағдайда біз жастық, көрпе, төсек жапқышты ұлттық оюмен көркемдейміз. Ата-бабамыз қолданған оюлармен өрнектейміз. Кей өнімге заман ағымына сәйкес өзгеріс те енгіземіз. Жас жұбайлар жинағын аққу, қос ғашықтың суретін салып не болмаса ізгі тілектер мен есімдерін жазып көркемдейміз. Қолымыз тиген әрбір өнімге бар жанымызды салып, білгенімізді жұмсап, мұқият  сала кірісеміз, – деген шебердің айтуынша, осы салада еңбек етіп жүргендерді  тек өз ойын жүзеге асыру, өз ісін ашу, өз бизнесін дамыту ғана емес, ең алдымен өскелең ұрпаққа ата-бабаларының мол шығармашылық мұрасын, баға жетпес дәстүрлерін, тарихы мен мәдениетін сақтау және беру ниеті біріктіреді.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы