Мемлекеттік бағдарлама аясында жаңадан салынған үйдің қабырғасы жарылып жатыр
Мемлекеттік бағдарлама аясында жаңадан салынған үйдің қабырғасы жарылып жатыр
©azattyq-ruhy.kz
269
оқылды

Өскеменде жаңадан салынған тағы бір тұрғын үйдің қабырғасы жарылып кетті. Нысан мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғызылған және пайдалануға небәрі бір жыл бұрын берілген.

Azattyq Ruhy хабарлағандай, осы көктемде Өскемендегі Бауыржан Момышұлы көшесіндегі көпқабатты үйдің бірінің қабырғасы түн ішінде сөгіліп, тұрғындарды  шошытқан. Мұндай жағдай екінші рет қайталанып отыр. Осы жолы – Есенберлин даңғылының бойында орналасқан 31/2 үйде.
[caption id="attachment_157598" align="alignnone" width="1024"]мемлекеттік бағдарлама ©https://azattyq-ruhy.kz/[/caption]
Тұрғындардың айтуынша, Өскемен қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен салынған 5 қабатты тұрғын үй 2020 жылдың соңында пайдалануға берілген. Кешеннің құрылысы 2018 жылы басталып, 2020 жылы аяқталған. Су жаңа үйдің бір жылға жетер-жетпес уақытта мұндай күйге түскеніне тұрғындар қатты алаңдаулы. Қарызданып әзер қол жеткізген пәтері тұруға жарамсыз болса, көбінің барар жері жоқ.

«Мұнда көктемде көшіп келдік. Сәуір айында жаңбыр жауғанда төбеден су аға бастады. Ал мына қабырғадағы жарықты балконды қаптамақ болғанда көрдік. Қабырға 1-қабаттан 5-қабатқа дейін бір-ақ бөлініп кеткен. Енді бұл жерде қалай тұратынымызды білмеймін», - дейді осы үйдің тұрғыны Мақпал Мұхамадиева.

Ал бұл үйді салған мердігер компанияның басшысы Мақсат Шәкіров кемшілікті мойындап отыр. Тіпті жауапкершілікті өз мойнына алатынын жеткізді.
«Біз жауапкершіліктен қашпаймыз. Болар іс болды. Енді мына үйдің жағдайын сараптайтын компанияны шақырамыз. Жарықтың неден пайда болғанын анықтап, кемшілікті қалпына келтіреміз. Әрбір үйге 2 жыл кепілдік береміз. Екі жыл ішінде бұл үйлерде пайда болған ақауларға жауап беруге міндеттіміз», – дейді ол.
Оқиға орнына Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар барып, тұрғындармен кездесті.
Одан бөлек, қала әкімдігі тұрғындарға «Үлбі» әлеуметтік орталығында уақытша тұру мүмкіндігін ұсынып отыр.