Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Bek Air ұшағы апатынан қайтыс болған ұшқыш Мейіржан Молдақұловтың отбасына 4 миллион теңге төлейді.
"Марқұм ұшқыш Мейіржан Молдақұловқа материалдық көмек көрсету үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2021 жылға арналған республикалық бюджеттен шұғыл шығындарға көзделген Үкіметтің резервінен 4 миллион теңге бөлсін" делінген "Ашық НҚА" порталында жарияланған қаулы жобасында.2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. 12 адам қаза тапты, оның ішінде ұшақ командирі Марат Мұратбаев та бар. Зардап шеккендердің арасында екінші ұшқыш Мейіржан Молдақұлов та болды. Ол омыртқасынан ауыр жарақат алды, оған ота жасалып, 2020 жылдың 21 қаңтарында ауруханадан шығарылды. 28 қаңтарда ол үйінде өкпе тромбоэмболиясынан қайтыс болды.