Үш бірдей тәуелсіз дереккөз Кенесары ханның бас сүйегі табылғанын растады. Генетикалық сараптамадан кейін ол Қазақстанға қайтарылады, – деп хабарлайды Orda.kz.
Қазақтың соңғы ханы Кенесарының бас сүйегі Омбы қаласындағы музейлердің бірінен табылды. Оның түпнұсқалығын құжаттар, атап айтқанда экспонаттың төлқұжаты растап отыр. Онда экспонаттың шығу тарихы, қайдан және қандай жағдайда табылғаны, кімге тиесілі екені, сыртқы түрі мен мөлшері жазылған. Алайда жәдігерді толыққанды растау үшін кейбір құжаттар жеткіліксіз, сондықтан генетикалық сараптама қажет. Ол аяқталғаннан кейін, зерттеу жұмыстары оң нәтиже берсе, бұл жаңалық ресми түрде жарияланады. Кенесары ханның бас сүйегі бірнеше ондаған жылдар бойы көптеген қоғамдық ұйымдардың өтініші бойынша ізделді. Мамандар оны негізінен Санкт-Петербург қаласында деп болжады. Өйткені аңыз бойынша революциядан кейін қазақ ханының басы сол жаққа көшірілген-мыс. Алайда, жалған жорамал нәтиже бермеген. Дереккөздер экспонаттың Омбыдан ешқайда көшірілмегеніне сенімді. Біраз жылға созылған іздеу жұмыстары құпияға толы, түсініксіз тұстары да көп. 7 сәуір күні Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов Facebook парақшасында Кенесары ханның бас сүйегі табылғанын сүйіншілеп, жуырда Қазақстанға қайтаратынын айтты. Бірақ бірнеше сағаттан кейін жазбаны өшіріп тастады. Омбыға шақырылған қазақстандық тарихшылар тобының құрамында ол да болды. Сапар барысында ғалымдарға құнды экспонат пен оның түпнұсқалығын растайтын құжаттар көрсетілген екен. Содан кейін шілде айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен кездесу барысында Ресей президентінен қазақтар үшін қасиетті жәдігерді іздеуге жәрдемдесуді сұрады. Осылайша, бұл мәселе жоғары деңгейде алғаш рет көтерілді. Демек ханның бас сүйегі табылды деген болжам себепсіз емес. Енді соңғы және шешуші сөзді генетиктер айтады. Тек солар жасаған сараптама нәтижесі ғана Омбы музейлерінің бірінен табылған бас сүйектің шын мәнінде Қазақ хандығының соңғы ханы, Абылай ханның немересі Кенесары Қасымұлына тиесілі екенін түпкілікті растай алады. Зерттеу жұмысының қай зертханаға тапсырылғаны және генетикалық материалды немен салыстырып жатқаны әзірге белгісіз.