Парламент Мәжілісінің депутаты Марат Құсайынов Зеренді ауданындағы Milk project сүт зауытының жұмысымен танысты. Халық қалаулысы сүт өңдеу кәсіпорнындағы өнім көлемін ұлғайту үшін заманға сай технологияларды енгізу қажет екенін айтты.
Milk project сүт зауыты – мемлекеттік қолдаудың арқасында қайта жаңғыртудан өтіп, еңбек өнімділігін бірнеше есеге арттырған кәсіпорындардың бірі. Ол үшін серіктестік өндіріске цифрлы технологияларды енгізіп, жұмысқа білікті мамандарды тартыпты. Сүт өңдеу кешені бүгінде Ресей, Израиль, Швеция елдерінің заманауи қондырғыларымен жабдықталған. Соның арқасында соңғы 10 жыл ішінде кәсіпорын сүт өнімдерін қайта өңдеу көлемін бірнеше есеге арттырған. Бүгінде кәсіпорын жылына 20 мың тонна сүт өнімін шығарады. Бұл көрсеткішке сүт –тауарлы ферма ашу арқылы қол жеткізген. Себебі шикізаттың негізгі көлемі өздерінікі болғандықтан, өндірісті жыл он екі ай тоқтатпай, бір қарқынмен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Кездесу барысында Парламент Мәжілісінің депутаты Марат Құсайынов ауыл шаруашылығы саласында заманауи агротехнологияларды енгізбей, өнім көлемін ұлғайту мүмкін емесін атап өтті. «Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерімен елімізді, сондай-ақ шетелде өз өнімдерімізді кеңінен бағыттау үшін агротехнологияларға баса мән беру қажет. Бұл өз кезегінде экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді», – деді депутат.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы