Орал тұрғыны 21 жастағы Эльдар Ғабдуллин битбокстан АҚШ-та өткен жарыста әлем чемпионы атанды.
Әлем чемпионатының барлық үш кезеңі онлайн режимде өткен. Эльдар финалға ұсынған шығармасын бірнеше рет қайталап жазуға мәжбүр болған. Өйткені оған желідегі проблемалар себеп болған. Бірақ бұл жас талантқа кедергі келтірмеген екен. Осылайша, ол бірінші орын үшін 500 доллар ақшалай сыйлық пен келесі чемпионаттарда қатысушыларды бағалау мүмкіндігіне ие болды. Эльдар битбоксты YouTube көмегімен 2015 жылдан бастап үйренген. Алғашқыда ата-анасы қарсы болған. Кейінірек балаларының өнеріне қолдау көрсетіп, рұқсатын берген. «Менің музыкалық білімім жоқ. Бала кезімнен бір нәрсемен айналысқым келді. Бимен, вокалмен айналыстым. Бірақ басқа дүниені қалайтынымды түсіндім. Кейін ойламаған жерден YouTube-тағы битбоксшылар видеосына тап болдым. Ол кезде бұл салада Қазақстанда ешкім жоқ еді. Мен осы салада бірінші болуды ойладым. Осы ой маған мотивация берді», – деген екен Эльдар сұхбатының бірінде. Қазір ол студент. Мамандығы – ағылшын тілі мұғалімі. Сондай-ақ ол оқу орталығында сабақ береді.А. ЖОЛДАС