Оқиға Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігінде болған. «Журналиске осылай күш көрсетсе, қарапайым халыққа деген ілтипаты қандай болғаны?» — деп абдырап қалған әлеуметтік желідегі қауым: «күзетші — қарапайым қызметкер, «журналистерді кіргізбе!» деп бұйрық берген әкімнің өзі шығар», — деген болжамын алға тартады.
Қоғам назарына іліккен әкімдіктің басшысы — Азамат Бескемпірұлы Қалдыбеков. Жасы 36-да, Тараз қаласының тумасы. 2020 жылдың қаңтарынан бері Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі болып жұмыс істейді. Ол бұл қызметке Президенттік жастар кадрлық резервіне енген талапты жас ретінде тағайындалған болатын.
[caption id="attachment_157715" align="alignnone" > Азамат Қалдыбеков © Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі[/caption]
Мемлекеттік қызмет саласында 9 жылдық еңбек өтілі бар Азамат Қалдыбеков әкім болғанға дейін бес ай бойы Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары болған екен. Ал оған дейін жеті ай Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеген. Бұған дейін тағы да сол бір жылға толар-толмас уақыт Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімі аппаратының басшысы болыпты. Сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігінің бас инспекторы, Еуразиялық технологиялық университеттің даму жөніндегі проректоры да болған екен. Толық жұмыс өтілімен таныс болу үшін мына сілтемеге өтіп, оқуыңызға болады.
Біліміне келер болсақ, 2006, 2008 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бакалавры мен магистратурасын тәмамдаған. Халықаралық құқық маманы. Сондай-ақ ол — АҚШ-тағы Дьюк университетінің 2013 жылғы магистрі.
Үйленген, екі баласы бар.
Азамат Қалдыбеков туралы деректерді іздестірген кезде оның Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі болып тағайындалуы туралы бір бейнематериал назарымызға ілікті. Онда ол:
«…Стратегиялық қалалық жоспарлар бар, бағдарламалар бар. Бірақ осыны өңірлерде жүзеге асыруда көптеген жаңалықтар, көптеген өзіндік креативті жолдарын табуды жөн көрдім. Соны халықпен тығыз байланысу, халық пен мемлекет қызметшілер арасында барьерді жою өзімнің басты талабым деп көремін», — деген екен.
Алайда журналист Ақбөпе Тәңірбергенмен болған оқиғада А. Қалдыбаев тілге тиек еткен «креативті жолдар» мен «халықпен тығыз байланысу» әрекеттері көрініс таппаған болар деп үміттенеміз. Ең бастысы, «театр киім ілгіштен басталады» демекші, әкімдіктегі тәртіп кіреберістегі күзетшілердің мінез-құлқы мен іс-әрекетінен көрініп тұрса игі дегіміз келеді. Сондай-ақ әлеуметтік желіде
жеке парақшасы бар «ашық» әкім өзі басқаратын мекеме қабырғасында болған оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, жауапкершіліктен қашпайды деп тілейік.
Себебі әкімдіктен қуып шығарған жағдайға қатысты Ақбөпе Тәңірберген оқиға орнына келген полицияға арыз жазыпты. Журналист жұмыс істейтін арнаның басшысы Алёна Горбачёва да өзінің әлеуметтік желідегі
парақшасында:
«Журналистік қызметке кедергі келтіргені үшін телеарна полицияға арызданады», — деп мәлімдеді.