2012 жыл: «Мәңгілік ел» – стратегиялық идея
2012 жыл: «Мәңгілік ел» – стратегиялық идея
366
оқылды

Жаңа мыңжылдықтың алғашқы он жылдығы еліміз үшін қалыптасу кезеңі болды десек, одан кейінгі екінші декаданы даму даңғылына қадам басқан дәуір деуге болады. Ішкі саясат та, сыртқы саясат та жаңаша нығайған сапалық сипатта өрілді. Ал жылдың басты жаңалығы – «Мәңгілік ел» идеясының жария етілгені.

Саяси жаңғыру жолында

2012 жыл еліміздегі саяси ахуал­дың жаңғыру жолындағы жа­ңашылдықтарымен ерекше болды. Конституцияға көппартиялық туралы енгізілген өзгерістерге сәй­кес Мәжілістің таратылуына бай­ланысты, Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының сайлауы осы жыл­ғы 15 қаңтарға белгіленген бо­латын. Осы саяси додада халық дауысының 80,74%-ын жинаған «Нұр Отан» партиясы халық сені­мінің деңгейін кезекті рет дәлел­деді. Осылайша, Мәжілістегі орын­ның басым бөлігін билік партиясы алып, одан кейінгі орындарға «Ақ жол» мен Қазақстанның халықтық коммунистер партиясы ие бола алды. Сайлаудан соң өткен жеңім­паздар форумында «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осы уақытқа дейінгі мемлекеттік саясаттың халықтың көңілінен шыққанына жоғары баға беріп, дауыс беру арқылы се­нім білдірген барша сайлаушыларға алғысын жеткізді. «Құрметті отандастар! Бұл – біз­дің ортақ жеңісіміз, барша Қа­зақ­стан халқының жеңісі. Дауыс берудің қорытындылары қазақ­стандықтардың елімізді дамытуға, экономика мен саясатты жаңғыр­туға, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға арналған біздің бағы­тымызды қолдайтынын білдіреді. Халық қоғамдағы бірлік, өзара тү­сіністік пен толеранттылық үшін, партияның нақты ісі мен бағдар­ламасы үшін дауыс берді», – деді Елбасы. Осылайша, 2012 жыл сая­си жаңғыру жылына айналып, Қа­зақстанда көппартиялы Парла­мент жұмысына кірісті.

«Қазақстан-2050»: «Мәңгілік ел»

2012 жыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына екі рет Жолдау арнағанымен есте қалмақ. Жыл басында, яғни 27 қаң­тарда ол «Әлеуметтік-эконо­микалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын жариялаған болса, жыл соңында, яғни 14 желтоқсанда «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын жаңа құжатпен таныстырды. Оның бас­ты мақсаты – мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуы. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін «Қазақстан-2050» стратегиясы жеті ұзақмерзімді басымдықтарды іске асыруды қа­растырады. Олар: 1. Жаңа бағыт­тың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық праг­матизм. 2. Кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау. 3. Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік. 4. Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары. 5. Мемлекеттілікті одан әрі ны­ғайту және қазақстандық демокра­тияны дамыту. 6. Дәйекті және бол­жамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен ай­мақ­тық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту. 7. Жаңа қазақстандық па­триотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі. Осы жиында ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев қазақстандықтарды бірлікте болуға шақырып, «бәрі­міздің де туған жеріміз біреу, ол – қасиетті қазақ даласы» екеніне маңыз берді. Тұңғыш рет «Мәңгілік ел» идеясы ұсынылды.  «Мәңгілік ел» ұғымы ұлтымыздың ұлы бағ­дары – «Қазақстан-2050» страте­гия­сының түп қазығы етіп алын­ғанын алға тартты. «Мәңгілік ел» ата-бабамыздың сан мындаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұ­рып орын алатын тәуелсіз мемле­кет атану еді, ол арман-тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұр­пағы ертеңіне сеніммен қа­райтын бақытты ел болу. Біз бұл арман­дарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауалдың жиі талқылана­ты­нын естіп жүрмін. Біз үшін бо­лашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жете­лейтін идея бар. Ол – Мәңгілік ел идеясы», – деп атап өтті Елбасы.

Дінмұхамед Қонаевтың туғанына – 100 жыл

12 қаңтарда Алматыдағы Абай атындағы опера және балет теат­рында Алаштың ардақтысы, хал­қымыздың біртуар перзенті, аса көр­некті мемлекет және қоғам қай­раткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына ар­нал­ған салтанатты жиналыс болып өт­ті. Оған Елбасы Нұрсұлтан ­Назар­баев қатысып, есімі елге қадірлі ерен тұлға хақында сөз сөйледі. «Дінмұхамед Ахметұлын үлкен ішкі мәдениеті, терең білімдарлығы мен мол өмірлік тәжірибесі ерек­шелеп тұратын. Ол өзіне біздің хал­­қымыздың, сол уақыттағы қазақ зиялыларының ең жақсы қа­сиет­терін сіңіре білді. Оны тә­уелсіздік­ке дейінгі тарихымыздың тегеу­рін­ді тұлғасы деп бағалауымыз қа­жет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мерейтойлық іс-шара осы күні Д.Қонаевтың пәтер-мұражайының ашылуымен басталған болатын. Ол бұған дейін жұмыс істеп келген Д.Қонаев мұражай-үйінің жәді­герлік бөлімінің жалғасына ай­налды. Одан соң тарихи тұлғаның ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі жасалды. Ал осыдан бір апта бұрын Д.Қонаев туралы фотоальбомның тұсаукесері өткен болатын.

«Мәңгілік ел» ата-бабамыздың сан мындаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең, әлем қа­тынасынан ойып тұ­рып орын алатын тәуелсіз мемле­кет атану еді, ол арман-тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұр­пағы ертеңіне сеніммен қа­райтын бақытты ел болу.

100 жылдыққа арналған іс-ша­ралар жыл бойы еліміздің барлық өңірлерінде жалғасты. Мәселен ақпан айында Астанада «Дінмұ­хамед Қонаев және оның дәуірі» атты республикалық ғылыми-прак­тикалық конференция ұйым­дастырылды. Соның ізімен жер-жерлерде көптеген жиын өткізіліп, ескерткіші ашылды. Бұдан бөлек, «Қазақфильм» киностудиясы, «Хабар» агенттігі мен Солтүстік Қа­зақстан облыстық телестудия­сында 3 деректі фильм түсірілді. Осы жылы «Қазпошта» АҚ-ның «Мерейтойлар, ұмытылмас дата­лар және мейрам күндері» сериясы аясында мерейтойлық пошта маркасы айналымға енді. 50 000 таралыммен жарық көрген марка төрт бояулы, офсетті тәсілмен ба­сылған, перфорациясы – жоталы: 28 х 40 мм, номиналы 100 теңге. Маркада қайраткердің суреті бейнеленген. Авторы – суретші Данияр Мұхамеджанов. Марка «Қазпошта» АҚ топтамасындағы 766-пошталық марка болып та­былады. Сондай-ақ осы жылы Дін­мұхамед Қонаевтың суреті бе­дерленген номиналы 500 теңгелік монета айналысқа шығарылды. Ақша құралы 5 000 дана таралым­мен шығарылған.

ЕҚЫҰ-дан кейінгі қос төрағалық

2010 жылы еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ын¬тымақтастық ұйымына төрағалық еткен соң халықаралық деңгейдегі мәртебесі де арта түскен болатын. 2012 жылы Қазақстан тағы да қос бірдей ұйым­ның төрағалық тізгінін қолға алды. Олар  – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жарғы­лық органдары мен Ислам ынты­мақтастық ұйымы еді. ҰҚШҰ-ның негізгі мақсатта­ры – бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақ­тылықты нығайту, ұжымдық не­гізде мүше мемлекеттердің тәуел­сіз­дігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау. 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсізді туралы шарттың негізінде 2002 жы­лы құрылған ұйымның құра­мында Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан және Тә­жік­стан мемлекеттері бар. Еліміз­дің осы жылғы ҰҚШҰ-ның Жар­ғылық органдарына төрағалық ету кезеңіндегі басымдықтарын іске асыру барысында «2015-2020 жыл­дарға арналған ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің есірткіге қар­сы стратегиясы» қабылданды. Бұл құжатта ірі есірткі дилерлерін және олардың билік құрылымдарымен байланыстарын анықтау, жеткізу арналарын жабу бойынша бір­лескен жедел іс-шараларды өткізу қарастырылған. Осы жылы 15 ма­мырда Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев Мәскеуде болған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты. Ал Ислам ынтымақтастығы ұы­мы – ең ірі және ықпалды үкі­меттік әрі халықаралық мұсылман ұйым. 2011 жылғы 28-30 маусымда Қазақстан астанасында Ислам ын­тымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) Сырт­қы істер министрлері кеңе­сінің (СІМК) 38-сессиясы өткен бо­латын. Сол сәттен бастап Қазақ­стан осы халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті. Бұл жиын­ды тарихи оқиға деп атауға болады, өйткені онда Ислам конферен­циясы ұйымы өз атауын Ислам ынтымақтастығы ұйымы деп өз­гер­ту туралы шешім қабылданды. Адам құқықтары жөніндегі тұрақ­ты комиссия құрылып, алғаш рет ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ын­тымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды. Қазақстан төрағалығы кезінде ислам әлеміндегі күрделі геосаяси ахуалға байланысты ИЫҰ-ның атқару комитетінің Сирия мен Ливиядағы дағдарысты реттеуге арналған төтенше отырысы өтті. Сомалидегі гуманитарлық апатты еңсеру, исламофобиямен күрес және дінаралық қақтығыстардың алдын алу мәселелері  ұйым наза­рына алынды. Еліміздің баста­ма­сын қолдау арқылы өткізілген кең ауқымды науқан аясында Сомали үшін жалпы мөлшері 500 миллион доллардан астам қаржы жинақ­талды. Сондай-ақ Қазақстан ұйым­ның Сауда және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитеті төрағасының орынбасары болып сайланды. Бұл комитет – ұйымға мүше мемлекеттер арасын­да сауда-экономикалық өзара әре­кеттестікті жүзеге асыруға жа­уап­ты басты орган. Нәтижесінде, Қазақстан 2012 жылдың көрсет­кіштері бойынша ұйымға мүше елдердің 40-тан астамымен сауда, көлік, туризм, қаржы салаларына бағытталған экономикалық ынты­мақтастық орнатты. Еліміздегі 10 мыңға жуық кәсіпорынның 2,6 мыңы ұйымға мүше 28 мемлекет пен Қазақстан арасында құрылған бірлескен кәсіпорындар болды.

Лондон Олимпиадасындағы олжа

2012 жыл – төртжылдық дода­сы Олимпиада жылы болды. Лон­дон қаласында 27 шілде мен 12 тамыз аралығында өткен ХХХ жаз­ғы Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 25 спорт түрінен 115 спортшы қатысты. Бұл елі­міздің бес шығыршықты са­йыстарға бе­сінші рет қатысуы еді. Ұлыбри­тания қазақстандық спортшылар ең жеңісті өнер көрсеткен алаң болды. Лондонда Қазақстан 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль жеңіп алып, алқаларының саны бойынша жалпы есепте 204 елдің арасынан 12-орынға тұ­рақтады. Серік Сә­пиев (бокс), Илья Ильин (ауыр атлетика), Алек­сандр Винокуров (вело­спорт), Зүлфия Чиншанло (ауыр атлетика),  Майя Манеза (ауыр атлетика), Светлана Подо­бедова (ауыр атлетика), Ольга Ры­пакова (жеңіл атлетика) Олим­пиада чем­пиондары атанса, Әділ­бек Ния­зымбетов (бокс) күміс алқа ие­ленді. Ақжүрек Таңатаров (еркін күрес), Гузель Манюрова (еркін күрес), Даниял Гаджиев (грек-рим күресі), Марина Вольнова (бокс), Иван Дычко (бокс) қола жүлдені иемденді.

EXPO-дағы жеңіс

22 қарашада EXPO Халық­­аралық көрмелер бюросы Бас ассам­блеясының Парижде өткен 152-се­с­­сиясында EXPO-2017 ха­лықаралық көрмесі Астана қала­сында өтетін болып шешілді. ХКБ-ға мүше 161 мемлекеттің жа­сырын дауыс беруі нәтижесінде Астананы 103 ел қолдап шықты. Көрмені өткізуге Қазақстанмен қатар кандидатураларын тіркеткен Бельгия (Льеж қаласы) таласқан еді. Еліміз бұл көрмеге энергияның балама көзіне және «жасыл» техно­логияға арналған «Болашақ энер­гиясы» атты тақырыпты ұсынған болатын. Естеріңізде болса, 2017 жылы EXPO Дүниежүзілік көрмесін ­өт­кізуге үміттеніп отырған Аста­на­ның кандидатурасын қолдау үшін түсірілген Astana Expo –2017. Great Expectation of Kazakhstan атты ­Қа­зақстан фильмі қазан айында Каннда өткен халық­ара­лық фес­тивальде марапатқа ие болған еді.

Нұрлан ҚОСАЙ